Мінберден – міндетке, сөзден – іске
Халықтың үніне құлақ асып, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізу, туған өлкенің өркендеуіне жол ашатын шешімдер қабылдау – депутаттық қызметтің басты мұраты. Өйткені ел сенімін арқалаған азаматтың еңбегі халықтың тұрмысынан, қоғамның тыныс-тіршілігінен, туған жердің дамуынан көрініс табады. Осы жауапты міндетті VIII шақырылым кезеңінде атқарған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысы алқалы жиында кеңінен сөз болды.Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттарымен арнайы кездесіп, ел игілігі үшін атқарылған ауқымды жұмыстарды пысықтады. Жиынға зиялы қауым өкілдері, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ ардагерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Кездесуде елдегі саяси реформаларға ерекше тоқталды. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы маңызды реформаларды жариялап, республикалық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданғаны белгілі. Осылайша Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.
Конституциялық жаңғыру үдерісі жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесінің қатар дамуына серпін беруде.
Апта басында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Ұлттық Құрылтайда көтерілген бастамаларды қорытындылайтын маңызды кезең. Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгілеген болатын.
Жиында сөз алған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков 2023 жылы жұмысын бастаған VIII шақырылымдағы мәслихаттың қызметіне оң баға берді. Оның құрамына әртүрлі саяси партияның өкілдері еніп, жергілікті маңызы бар мәселелерді көппартиялық негізде ашық талқылауға мүмкіндік туғанын жеткізді.
– Осы ретте VIII шақырылым депутаттарының өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанын ерекше атап өткен жөн. Халық сенім артқан депутаттар мемлекеттік органдармен және сайлаушылармен тығыз байланыс орнатып, ел өміріндегі маңызды саяси науқандарға белсенді қатысты, – деді аудан әкімі.
Депутаттар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың шешілуіне тікелей атсалысты. Халық қалаулыларының қолдауымен мәслихат сессияларында бюджетке тиісті өзгерістер енгізіліп, бөлінген қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңір экономикасын дамытуға бағытталды. Осылайша, олар қоғамдағы бірлікті нығайтып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді.
Сандар сөйлегенде де атқарылған істің ауқымы аңғарылады. Аудандық мәслихаттың VIII шақырылымы кезеңінде 52 сессия өткізіліп, халықтың мүддесін қорғайтын 678 шешім қабылданған. Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар белсенді азаматқа облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Алқалы басқосуда «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов, аудан ардагерлері Әшім Оразбекұлы, Оразәлі Әбдіманапұлы, Патима Шәймерденқызы, Найля Әбілқасымқызы және аудандық мәслихат төрағасы қызметін атқарған Мұрат Тұрабаев сөз сөйледі.
Уақыт алмасып, шақырылымдар жаңарғанымен, халық алдындағы жауапкершілік өзгермейді. Елдің аманатын арқалау, жұртшылықтың сенімін ақтау, туған жердің өркендеуіне үлес қосу – қай кезеңде де маңызын жоғалтпайтын міндет. Шиелі аудандық мәслихатының VIII шақырылымы да өз жұмысын қорытындылап, келесі кезеңге жол ашты. Ал ел бірлігі мен ортақ мүддеге негізделген еңбек ауданның жарқын болашағына қызмет ете бермек.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








