Мал азығын қамдаған қожалық
Шиелілік шаруалар бүгінде егін орағын бітуге жақын қалды. Алажаздай еткен еңбек, төккен тердің қарымтасын алар сәт келді. Диқандар өнімді жауын-шашынға қалдырмай орып алудың қамына білек-сыбана кіріскен. Дүйсенбі күні редакциямыздың фото тілшісі Бақыжан Бәйімбет екеуіміз біріміз қолға қалам, енді біріміз фотоапаратты алып Иіркөл ауылдық округі, Ыбырай Жақаев ауылына қарай бет түзедік. Әуелден бұл ауыл төскейде төрт түлігін төлдетіп, қырманын алтын астыққа толтырып, ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып келеді. Ауылға күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеп, дүниежүзілік рекорд жасаған Ыбырай Жақаев атамыздың есімінің берілуі де тегін емес.«Жер – ел несібесін елу жыл сақтайды» дейді халық даналығы. Жерді, әсіресе, егістік алқабын ұқыпты пайдалану, оның құнарын кемітпеу, оған жұмсалған еңбек пен қаржының еселеп қайтарылуына жағдай жасау бүгінгі күннің талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі су ресурстарын үнемді пайдалану және егінді әртараптандыру қажет екенін атап өтті.
Сапар барысында ажары күн санап артқан елді-мекеннің атшаптырым алқабын молшылық майданына айналдырған «Ыбырай-Түбек» шаруа қожалығының етжеңді ісіне зер салдық. Шаруа қожалықтың құрылғанына көп уақыт болмаса да, тындырымды тірлігімен, өнімді еңбегімен көпке танылып келеді. Өткен жылы 100 гектар жерге мақсары және төрт түліктің жем-шөп қорын дайындау мақсатында жоңышқа еккен. Биыл да осы кәсіпті жандандырып 100 га жерге жоңышқа егіп, бүгінде мал азығының бесінші орымын ору үстінде.
Қазір шаруасы шираған қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 6 адам жұмыс істейді. Диқандыққа бет бұрған шағын қожалықтың жұмысшылары түрлі ауыл шаруашылығы техникасын тізгіндеп, жұмыспен қамтылған. Жалпы 30 жер үлескері бар. «Жас келсе – іске» демекші, бұл қожалыққа ауыл азаматы Абай Оспанқұлов төрағалық етеді.
Қазақ даналығында «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме» деген маңызы жоғары сөз бар. Біз сөз етіп отырған шаруашылық төрағасының мақсаты айқын, жоспары жұмыр екен.
– Қазақ халқында «Еңбек – бәрін жеңбек» деген жақсы әрі дөп айтылған сөз бар. Әуелі, Алла, содан соң ұжымдағы іскер, өз жұмысына адал азаматтардың арқасында еңбегіміз өніп, жұмысымыз жүйелі жүруде. Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Әрине, жұмыс істесең, қиындық болады. Егер табысқа қол жеткіземін десең, қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді аямай жұмсай білу қажет. Тек еңбек қана биікке шығарады. Сол қиындықтарды жеңудің жолын тапқан адамның ісі оңынан туады. Ал біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамытып, сұраныс көлемін ұлғайту, – дейді ол.
Төрағаның айтуынша бүгінде орылған өнімге сұраныс жоғары. Аудан тұрғындарынан бөлек Астана, Алматы және көршілес облыстардан арнайы алып кетушілер бар.

Иә, «Ердің атын еңбек шығарады» деген халқымыздың сөзі рас. «Адамдардың жақсысы – басқа адамға неғұрлым пайда тигізетін адам» дейді хадисте. Бүгін біз сөз етіп отырған шаруақожалық үлескерлерге қажетті жоңышқа, күрішпен қамтамасыз етіп келеді. Жалпы «Ыбырай-Түбек» шаруа қожалығының жұмысы – ауыл шаруашылығын дамытудағы тынымсыз еңбектің нақты көрінісі. Егін алқабындағы әрбір гектардың өнімділігін арттыру, су мәселесін тиімді шешу, техниканы ұтымды пайдалану, жоңышқа көлемін сақтап, мал азығын қамтамасыз ету және шаруашылықтың өндірістік жұмысын оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда.
Халқымызда «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Бүгінде осы ұстанымды ту еткен «Ыбырай-Түбек» шаруа қожалығының еңбеккерлері де ауыл шаруашылығының ауыртпалығын абыроймен арқалап, төрт түліктің жем-шөп қорын молайтуға өз үлестерін қосып келеді.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еселі еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, еңбекке қадам басқан шаруа қожалықтың жұмысына толағай табыс тілейміз.
М.Қайратұлы








