Бидай болса ет те, сүт те мол

Шиелі жері – күріштің ғана емес, үміттің де отаны. Осы үмітті көкке көтеріп, елдің қамбасын алтын дәнмен толтырып отырған шаруашылықтардың бірі – «Төңкеріс и К» шаруа қожалығы. Егістікпен тыныстап, еңбекпен өмір сүріп жатқан бұл ұжым – даланың нағыз қаһармандары.
«Жер – ел несібесін елу жыл сақтайды» дейді халық даналығы. Жерді, әсіресе, егістік алқабын ұқыпты пайдалану, оның құнарын кемітпеу, оған жұмсалған еңбек пен қаржының еселеп қайтарылуына жағдай жасау үшін бүгінде төңкерістік диқандар қарқынды жұмыс істеуде. «Жазғы әрекет, ертеңгі берекет» деп біліп, ел ырысын еселеп, бейнеттің берекелі болуына атсалысуда.
Түнеукүні редакциямыздың фото тілшісі Бақытжан Бәйімбет екеуміз бүгінгі егінжайдың жайын білмекке, ажары ашық, ерлері еңбекпен етене жақын Шеген Қодаманов ауылына қарай жолға шықтық. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ауылдың кіре берісінен бастап жасыл желекке бөленген бет-бейне алыстан көз тартады. Көше бойындағы тазалық, жаяу жүргіншілер жолы, мәуелі бәйтеректей ағаштар, жаңа ғимараттар бәрі де бір-бірінің сәнін үйлестіріп, ажарын айқындай түскен. Сапардағы негізгі мақсатымыз — егістік алқабына барып, еңбек озаттарымен тілдесу болғандықтан, көп кідірмей қырманға қарай жөнелдік.
Алдымыздан кісілігінен кішілігі басым, еңбек озаты, «Төңкеріс и К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев өзі қарсы алып, көлігімен дала дүбіріндегі егістік алқабына алып барды. Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар Б.Көпеев атабасылым «Өскен өңір» редакциясынан келген біздерге жол-жөнекей шаруа қожалықтың жұмыс барысын таныстырып, жетістіктерімен бөлісті. Егін саласында мол тәжірибесі бар ағамыз егіннің жақсы болып, мол өнім алудағы арнайы шарттарымен бөлісті.
– Бұл кәсіп – жай егін егу емес, жермен тілдесу, – дейді төраға. – Топырақты тыңдау, табиғатты түсіну керек. Биылғыдай аптап пен су тапшылығы бәрімізді алаңдатты. Бірақ тынымсыз еңбек пен ұйымдасқан ұжымның арқасында бұл сынақтан да сүрінбей өтудеміз.
Төрағаның айтуынша шаруа қожалық 2014 жылы құрылған. Қазіргі таңда 350 үлескер өз жерлерін білікті маманға сеніп тапсырған. Ұжымда 100 адам жұмыспен қамтылып, адал бейнетпен нәпақасын тауып отыр. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжым нәтижелі атқарған жұмыстың арқасында былтыр үздіктер қатарынан көрінді. Ауылдың абыройы асқақтады һәм шаруалардың еңбегі ақталды. Жұмыскерлердің еңбегін ескерусіз қалдырмайтын Б.Аманкелдіұлы озат өнім жинаған азаматтарға 4 автокөлік пен 1 тұрғын үй кілтін табыстаған.
Биыл да мақсат — айқын, жоспар — жұмыр. Егін даласындағы жұмысқа ұқыптылықпен қарап, ысырапсыз мол өнім жинау басты меже.
– Осы жылы 1000 гектар жерге негізгі дақыл күріш орналастырдық. Оның ішінде 200 га жерге күздік бидай, 400 га ескі және 200 га жерге жаңа жоңышқа себілді. Қазіргі уақытта ору науқаны басталып, қызу жұмыс жүруде. Биыл мамыр айындағы ауа райы қатты ыстық болып, жерді кептіріп жіберді. Сондай-ақ су тапшылығына байланысты қиындықтар болғаны рас. Дегенмен арнайы құрылғылар қойып, кезекпен суару әдісі арқылы білікті мамандарымыздың арқасында еңсеріп келеміз. Елдің ырзық-несібесіне орай, мол өнім алуға тырысып жатырмыз, – дейді төраға.
Расыменде, дария суының төмендеуі Сыр жұртшылығын алаңдатқаны жасырын емес. Әйтсе де, бұл мәселе туындады деп диқандарымыз босқа қарап, қол қусырып отырған жоқ. Әрекетін тоқтатпады. Көктемде жерді лазерлік тегістеуден өткізді, су аз қажет ететін өнімдердерді егіп, тамшылату әдісін де игерді. Шаруа қожалық басшылары өзара келісіп, кезекпен суару әдісіне көшті. Дәл осындай тату тірлікпен атқарған жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы қамбамыз қызылға толды. Әдеттегідей аудан озаттар қатарынан көрініп, мерейі өсті. Бұл қарапайым еңбек адамдарының еткен еңбігінің жемісі екені даусыз.
Осылайша сөйлесе шешен, бастаса көсем болатын Б.Көпеевпен сұхбаттаса отырып, мазмұнды әңгімемен жол қысқартып, алтын дәнге оранған егіс алқабына жеттік. Диқандар алып техникамен күздік бидай ору үстінде екен. Егін орағы кезінде әрбір сәт қымбат екені белгілі. Бір сағатты босқа жібермейтін механизаторлар кезекте тұрған комбайндарын сайлап, дөңгелегін майлап жатыр. Бүгінде бригада жігіттері таңертеңгі салқынмен біраз істі өндіріп тастаған. Төраға Бауыржан Аманкелдіұлы жігіттердің қимыл қарқынына ризашылықпен қызыға қарайды. Осындай қарқынмен еңбек адамдары жаздық бидайды санаулы күндерде бітірері даусыз. Алыстан Б.Көпеев жігіттерге қарап «Жарайсыңдар, жігіттер! «Еңбек түбі – зейнет» деген, тындырымды тірліктеріңе шынайы ризашылығымды білдіремін. Бидай болса ет те, сүт те мол болады» деп еңбек даласындағы азаматтарға жарқын үнмен қолдау білдіріп, ұран тастады. Біз де еңбек адамдарының жанына жақындап, дидарласуға асықтық.
«Төңкеріс и К» шаруа қожалығында 38 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Саржан Ермағамбетов бидай ору науқанына білек сыбана кіріскен. Білікті механизатор трактор, комбайн сияқты шаруашылық жұмыстарын жүргізетін барлық техниканың тілін меңгерген. Өткен жылдардан бері заманауи жаңа техниканы тізгіндеп, уақыт үнемдеп, қыруар тірлік атқаруда. Нәтижелі еңбегіне сәйкес жоғары дәрежелі марапаттарға қол жеткізіп, сыйақы табысталған.
Күздік бидайдың бастыру науқанына үлкен үлес келе жатқан тағы бір еңбек адамының бірі – Жорабек Досов. Ол осы шаруа қожалықта 11 жылдан аса өндіріс бригадирі болып, абыройлы жұмыс істеп келеді. Өзінің нағыз еңбексүйгіш қасиетін, ауыл шаруашылығына арнаған азаматпен тілдесудің сәті түсіп, егіннің жайын сұрадық.
– Өздеріңіз білесіздер, қазір шілде айы дала дүбіріндегі жұмыс қызған шақ. Егін басында қаншама әріптестеріміз өнімнің бітік шығуына атсалысып жүр. Биыл бидайдан 10 центерден өнім алуды мақсат етіп отыр. Күзде бидайдың шығымы жақсы болғандықтан, бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз деп ойлағанбыз. Көктемдегі жаңбырдың аз, күннің ыстық болуы егінжайға әсер етпей қоймады. Қазақ даналығында «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дегендей, бұйырған өнімді аламыз. Ең бастысы шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алу үшін ұжымдағы барлық азамат тиісті жұмыстар атқаруда, – дейді еңбек адамы.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деген болатын. Одан соң Мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында «Еңбек адамдары – ел үшін ең керек азаматтар» деп бір түйіндеді. Қазақстан халқына соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыдан-ақ елімізде еңбеккерлерге деген қолдаудың қалыпты жолға түскенін байқауға болады.
«Ердің атын еңбек шығарады» деген халқымыздың сөзі рас. «Адамдардың жақсысы – басқа адамға неғұрлым пайда тигізетін адам» дейді хадисте. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан осындай өнегелі азаматтар көп болсын деп тілейік.
«Төңкеріс и К» – атына заты сай. Олар шынымен де ауыл шаруашылығы саласында серпіліс жасап отыр. Шеген Қодаманов ауылының әр гектары – бір табыс хикаясы, әр механизаторы – бір дастан кейіпкері.
Бүгінгі дала – кешегі күрестің жемісі. Ал ертеңгі өркенді өмір – бүгінгі еңбекпен келетінін біз осы сапардан анық түсіндік. Жасыл алқаптармен жүздесіп, терін төгіп жүрген азаматтармен тілдесіп, біз де көңілге көп ой түйіп қайттық.
Берекесі еңбекпен біткен ауыл – бақ дарып, ырыс қонған мекен. Ал мұндай ауылдың жұлдызы ешқашан сөнбейді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ