Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерте қамданғанның ертеңі сәтті

Ерте қамданғанның ертеңі сәтті

Ерте көктемнен бастап атқарған тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен теккен тердің нәтижесін көретін күн де таяды. Диқандардың дорбасы толып, кешегі аптап ыстықтағы еткен еңбектерінің жемісі де мол болатынына сенім бар. Енді алдағы басты міндет – жерге егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу.
Осы ретте, өз нәсібін жерден терген қауымның жұмысын бағамдау үшін аудан әкімі Нұржан Ахатов «Алтын дән – Шиелі», «Бидайкөл» шаруа қожалықтарын аралап, диқандармен кездесті.
Аудан басшысы алдымен «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы ауылда атакәсіпті өркендетіп келе жатқан ірі құрылымның бірі – осы қожалық. Өткен жылы 1100 гектар жерге Сыр маржанын еккен. Ал биыл 1600 гектар жерге күріш егіп, 1400 гектарға жоңышқа сепкен. Егістік алқабын ақ күрішпен жайнатқан ұжым қазір 60-қа жуық диқанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биыл Асқар Бердібаев күріштің 2 түрін, яғни, «Лидер» мен «Маршалды» қатар өсіруді қолға алған.
Кездесу барысында аудан басшысы диқан қауымына алдағы жиын-терім науқанында еккен егіннен шашау шығармай, мол өнім алуға тілектестік білдірді.
«Бидайкөл» шаруа қожалығы жылына 1000 гектарға егіс салатын болса, оның жартысынан көбі күріш дақылы. Ұжым биыл да 800 гектар жерге Сыр салысын орналастырған. Бүгінде шаруашылық мамандары жаңа технологияны меңгеріп, күріштің әртүрлі сорттарын тәжірибе ретінде егуді де қолға алған. Биыл алқаптағы 140 гектарға күздік бидай егілсе, 200 гектарына ескі жоңышқа себілген. Жазғы ыстық та өтіп, дақылдың ораққа түсер уақыты келді. Ұжымдағы еңбек ететін жандардың ертеңгі несібесі мен тіршілігі күріш дәнінің түсімділігіне байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да дала төсінде тынбай еңбек еткен еңбеккерлердің, еңсесі биік, өнімі мол боларына сенімі мол.

Дархан БАЙТІЛЕС
06 қыркүйек 2023 ж. 172 0