«АЛТЫН ДӘННЕН» ЕСКЕН ЛЕП
Қазір «Алтын дән» шаруа қожалығының диқандарын ауылдан таппайсыз. Еркеккіндікті түгел қырда. Егіс науқаны қызған. Себебі көктем – жер еміп, дән сепкен еңбеккерлердің жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мезгіл. Яғни, ауылдағы екі кісінің басы қосылса, әңгіме – егіс жайы. Еңбек адамдарының айтуынша, биыл ауа райы егістікке қолайлы.
Атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы ауылда атакәсіпті өркендетіп келе жатқан ірі құрылымның бірі – «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы. Егістік алқабының ана шеті атшаптырым «Ыбырай Түбегінде» болса, мына шеті көз ұшындағы «Ашаға» дейін орналасқан шаруа қожалық бастапқыда етек-жеңін бірден жиып ала қойған жоқ.
Атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы ауылда атакәсіпті өркендетіп келе жатқан ірі құрылымның бірі – «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы. Егістік алқабының ана шеті атшаптырым «Ыбырай Түбегінде» болса, мына шеті көз ұшындағы «Ашаға» дейін орналасқан шаруа қожалық бастапқыда етек-жеңін бірден жиып ала қойған жоқ.
Сонау қаһарлы кеңес үкіметі тарап, еліміздегі жекешелендіру саясатының пайдасы мен зиянын қатар көргендердің бірі еді. Дала академигі ұйытып іс істеген Ы.Жақаев колхозы әп-сәтте тоз-тоз болып, Жер-Ана бөліске түскенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Әлемдік рекордтың көшін бастаған колхоздың бір емес бірнеше майда қожалыққа бөлініп, тарыдай шашылғаны еңбек адамдарына да сын болды. Сол мезеттерде өзінің шағын ғана «Егін» шаруа қожалығын дөңгелетіп жүрген Асқар Бердібаев майда шаруа қожалықтарды біріктіріп кооператив құруды ойластырады. Осылайша, даңқты баба рухын қайта көтеріп, 2010 жылы 10 мамырда шаруаларды қосып, жұмыстың ауқымын да кеңейтеді. Тырмысып тіршілік қылған жігіт ағасы бұл күндері «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы.
«Көктемнің әр күні жылға азық» екенін жадына мықтап тоқыған ырыздық жорығының жампоздары жауапты жұмысқа жан-жақты дайындалған. Өткен жылы 1100 гектар жерге Сыр маржанын еккен. Ал биыл 1600 гектар жерге күріш егіп, 1400 гектарға жоңышқа себуде. Дән жерге сіңгенше, Асқар ағамызда да дамыл жоғы белгілі.
– Диқан қауым әр жыл сайын көктемде үміт етеді емес пе? – дейді Асқар Бердібаев. – Агротехникалық шараларды талапқа сай уақытылы атқару міндетіміз. Тыңайтқыштарды да сіңіру қажет. Алайда, жаздың аптап ыстық болғандығы белгілі. Ендігі бар үміт астық сапасының жақсылығында, – дейді ол.
Алғашқыда 5 адам болып, Ы.Жақаев егістік алқабын ақ күрішпен жайнатқан ұжым қазір 60-қа жуық диқанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биыл Асқар Бердібаев күріштің 2 түрін яғни, «Лидер» мен «Маршалды» өсіруді қолға алыпты. Ең алғаш 2002 жылы небәрі 100 гектар жерге күріш егіп бастаған «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығында жыл сайын жұмыс күші жетік, ауқымы да кеңейіп келеді.
13 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұжым жетекшісі берекенің еңбекке байлаулы екендігін жыр қылып айтады. Егер жаңа технологияны батыл енгізіп, жұмыс істейтұғын болса, құнары мол жер де иіп сала бермек.
Дала ерлеріне барлық жағдай жасалған. Еңбекақылары да толымды. Қажетті техниканың бәрі сақадай сай. Биыл жаңадан 2 «CLAAS» трактор, 4 лазер нұрымен басқарылатын тегістегіш, дискатор алынған. Көктемгі және күзгі науқандық жұмыс кезінде қауырт қимылдап, жақсы нәтиже көрсеткен еңбеккерлер тұп-тура біржылдық табыстарын таба алады. Уақыттан ұту үшін түскі және кешкі астары алқап басына жеткізіліп беруде. Егіс алқаптарындағы тракторлар күндіз-түні тынған емес. «Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды» деген тәмсілді тоқып алған олар, уақытты текке кетіріп алсақ, есіл ырзық рәсуа болмақ деп отыр.
Асқар Бердібаев – нағыз еңбек адамы. Кейіпкеріміз басқарған қожалық тек егінмен айналыспайды. Төраға алқапта ақ маржанды жайқалтып, кең даланың төсінде ірі қараның санын арттыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын өркендетіп, асыл тұқымды іріқара «ангус» бұқасының санын арттыруда. Кейіпкеріміз тек іскер азамат қана емес, меценат екенін де еске сала кетейік. Ауыл тұрғындарының қажетін шамалап, қолдан келгенше қаржылай қолдау танытатын А.Бердібаев жер үлесі бар ауыл тұрғындарына бақшалық жер беруді де жолға қойған. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, шаруашылық басшысы өнімнің бір бөлігін тыл ардагерлері мен қазыналы қарттарға және тұрмысы төмен отбасыларға үлестіруді мақсат тұтқан. Тіршілігі үйлесім тапқан Жақаевшылардың молшылықтың шуағына бөленіп, қуаныштың құшағына кенелуін тілейміз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА