АҚМАЯДАҒЫ КҮЗГІ АЯҚ АЛЫС
«Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың стратегиялық саласы. Мемлекет ауыл шаруашылығы өндірісіне, фермерлер мен өңдеу саласына жан-жақты қолдауды жалғастырады» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі ауылдағы бүгінгі тіршіліктің мәнін дәл аңғартатындай.Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агро саласында толымды тірлік көп. Ел қамбасын еселеуді мақсат етіп, ырысын молайтпақ ниетте шаруа қожалықтар тынымсыз адал маңдай тер төгіп, бүгінде жемісін көруде. Сондай толымды тірлігімен, аядай ғана ауылдың атын мұқым елге мәлім қылған шаруа қожалықтың бірі – «Ақмая» шаруа қожалығы десек, артық айтпағанымыз болар.
«Жер – ел несібесін елу жыл сақтайды» дейді халық даналығы. Жерді, әсіресе, егістік алқабын ұқыпты пайдалану, оның құнарын кемітпеу, оған жұмсалған еңбек пен қаржының еселеп қайтарылуына жағдай жасау үшін бүгінде диқандар қарқынды жұмыс істеуде. Тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан ақмаялық диқандар егін ору маусымына білек сыбана кірісіп кеткен. Қызу тіршілік үстінде. Олар «Жазғы әрекет, ертеңгі берекет» деп біліп, ел ырысын еселеп, бейнеттің берекелі болуына атсалысуда. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен шаруалар қамбаны алтын дәнге толтырып, өнімді шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алу жолында күн-түн демей, бел жазбай еңбектенуде. Егістіктік басындағы бір жерде күріш орылып жатса, екіншісінде өнім тиеліп, қоймаға жөнелтілуде.
Шаруа қожалықта жалпы 2118 гектар жер бар. Ұжымда 60 адам жұмыспен қамтылып, адал бейнетпен нәпақасын тауып отыр. Биыл күздік бидай 522 га, жаңа жоңышқа 522 га, ескі жоңышқа 733 га жерге егілген. Ал негізгі өнім күріш 863 гектарға егіліп, бүгінде оның 80 пайызы орылып, бастырылған. Егіс басындағы заманауи үлгідегі техникаларды тізгіндеген механизаторлар осы шаруаның өнімді болуына барлық күш-жігерін салуда.
– Өздеріңіз білесіздер, қазір күз айы дала дүбіріндегі жұмыс қызған шақ. Егін басында қаншама әріптестеріміз өнімнің бітік шығуына атсалысып жүр. Қазақ даналығында «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген, бұйырған өнімімізді аламыз. Ең бастысы шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алу үшін ұжымдағы барлық азамат тиісті жұмыстар атқаруда, – дейді шаруа қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков.
Аталған қожалық жыл сайын алтын дәннен астық жинағаннан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Мерекелерде ауыл тұрғындарына сыйлық үйлестіріп, түрлі мазмұнды мәдени шара ұйымдастырады. Ауылдағы ағайынға қаржылай демеушілік жасап, үлескерлерге шөп таратып, ауылдың дамуы мен ілгері жылжуына нық қадамдар жасауда.
«Ердің атын еңбек шығарады» деген халқымыздың сөзі рас. «Адамдардың жақсысы – басқа адамға неғұрлым пайда тигізетін адам» дейді хадисте. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан азаматтардың ерен еңбегі ел игілігіне жарай берсін.
«Берекесі кеткен ауылдың,
Айтқаны өсек болар,
Аңдығаны төсек болар.
Берекесі кірген ауылдың
Айналдырғаны шаруа болар,
Еккені тары, жегені жарма болар» демекші, берекесі еңбекпен қаланған Ақмая ауылының еңбеккерлеріне сәттілік тілейміз!
М.Ибрагимов








