«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ОРТАҚ ІСКЕ ЖҰМЫЛДЫРҒАН ИГІ БАСТАМА
Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» ұраны еліміздің экологиялық саясатының басты символына айналды. Бұл тек қоқыс жинау акциясы емес, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарастың, азаматтық жауапкершіліктің және экологиялық мәдениеттің көрінісі. Табиғатты сүюге, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін акция ауданда қарқынды жүзеге асып жатыр.Бейсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Аралау барысында кент аумағындағы орталық көшелердің тазалығы, санитарлық жағдайы, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, демалыс орындарын күтіп ұстау жұмыстары қаралды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына қауіпсіз ортаны қалыптастыру үшін аудан басшысы жаңа жобаларды қолға алып, жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол кептелістерін болдырмау мақсатында автомобиль жолдарын салу мәселесін айқындады. Сондай-ақ жол бойындағы ретсіз қоқыс орындарын жою, көше бойларын біріздендіру және қоғамдық орындардың эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар пысықталды.
– Халқымыз «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді. Бабадан қалған осынау асыл сөз – бүгінгі ұрпаққа аманат. Ал тазалық – тәртіптің бастауы. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан жалпыұлттық экологиялық акцияға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру жұмысын бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекеннің көркеюіне бір кісідей атсалысуға шақырды.
«Таза Қазақстан» акцияның тағы бір маңызды қыры – тұрғындардың бірлікпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі. Сенбіліктерге мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер, еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындары қатысып, туған жердің тазалығына атсалысады. Бұл өз кезегінде қоғам мүшелерінің ортақ іске деген жауапкершілігін күшейтеді.
– Мұндай сенбіліктерге атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі. Балаларымызға Отанымызды таза әрі көрікті қалпында қалдыру үшін әрқайсысымыз қоршаған ортаға қамқорлық жасауымыз керек. Мұндай шаралар қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді кент тұрғыны Қасымхан Әлиев.
«Таза Қазақстан» жобасының экономикалық қайтарымы да көп күттірмейді. Тап-тұйнақтай тазалық тұрғындардың күнделікті өміріне, ауданның тартымдылығына, туризмге және инвестициялық ортаға әсер етеді. Бірақ жұмыс сапасы сырт көзге ұнаумен емес, адамның өз ауласында жайлы ғұмыр кешуімен өлшенеді. Азаматтар саябақта өзін қауіпсіз сезінсе, балалар таза аулада ойнаса, бейберекет қоқыс шашылып жатпаса, экологиялық саясаттың нақты нәтижесі де сол болар еді.
Иә, Мемлекет тазалыққа жағдай жасаса, азамат оны сақтауға тиіс. Әкімдік саябақ салса, тұрғындар оны қорғауға тиіс. Осындай өзара жауапкершілік орныққанда ғана сенбіліктегі серпіліс былайғы өмірде жалғасын табады. Мұндай акциялар тек экологияны жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға және болашақ ұрпаққа табиғатты таза күйде қалдыруға үлкен үлес қосады.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








