Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЭКОМӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЭКОМӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ

Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» ұраны еліміздің экологиялық саясатының басты символына айналды. Бұл тек қоқыс жинау акциясы емес, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарастың, азаматтық жауапкершіліктің және экологиялық мәдениеттің көрінісі.
Табиғатты сүюге, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін акция облысымыздың әр ауданында жүзеге асып жатыр. Мәселен, Шиелі ауданында атқарылған тындырымды тірліктерді атап айтуға тұрарлық.
Өткен сенбі аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кент орталығында және барлық ауылдық округтер мен мекеме аулаларында жаппай сенбілік жұмыстары жүргізілді. Арамшөптер жұлынды, қап-қап қажетсіз заттар шығарылды. Жол белгіле рі қайта боялып, талдардың түбі әктелді. Жиналған қоқыстар арнайы жүктиегіш техникалармен полигондарға жөнелтілді. Жаңа техникалар көше бойына су шашып, бірі қоқыс жәшіктеріндегі жүкті тиеп, арнайы орындарға жөнелтуде. Тұрғындар тарапынан да бұл бағытта үлкен қолдау көрсетіліп, әр үй иесі өз ауласын тазалап, қоқыстарды жинап өз үлестерін қосуда. Бұл атқарылып жатқан игілікті іс аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетінің артқанының айқын айғағы деуге толық негіз бар.
Осындай дәстүрге айналған тазалық жұмыстарының нәтижесінде кент келбеті көркейіп, ауылдардың ажары айшықтала түсті. Мұндай акциялар тек экологияны жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға және болашақ ұрпаққа табиғатты таза күйде қалдыруға үлкен үлес қосады.
Тазалық – әр азаматтың ортақ міндеті. Мұндай игі бастамалар табиғатқа деген жауапкершілікті күшейтіп, оны аялау мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Расында, еңбек атмосферасы адамдарды біріктіре түседі. Тазалық шарасына кент және ауылдық округтерден жиналған азаматтар өз үлестерін қосты.
– Мұндай сенбіліктерге атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі. Балаларымызға Отанымызды таза әрі көрікті қалпында қалдыру үшін әрқайсысымыз қоршаған ортаға қамқорлық жасауымыз керек. Мұндай шаралар қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді Ақмая ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қазыбек Жәнібекұлы.
Табиғат-Анаға жанашырлық танытып, туған мекенді таза ұстау – үлкен мәдениет пен талғамның белгісі. Экологиялық акция – жауапкершілік танытқан барлық топтарды жұмылдырып, жазғы жаңарудың нышанына айналған тазалық жұмыстарының асқан маңыздылығын көрсетіп отыр.
Бұл шара тазалық жұмыстары ғана емес, ол қоғамның экологиялық санасын көтеруге бағытталған үлкен қадам. Таза табиғат – тек бүгінгі күннің игілігі емес, ертеңгі ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұрамыз екендігін бір сәтке естен шығармағанымыз жөн. Асылында, адамзат табиғатпен және ондағы барлық тіршілікпен байланысты. Бұл – табиғат пен оның перзенті арасындағы тепе-теңдік болса керек. Ендеше, дәл осындай қоғамды бірлікпен тазалыққа үндейтін игі бастамалар әрі қарай жалғасын таба берсін демекпіз.

М.Ибрагим
30 маусым 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930