ПАЙДАЛЫ ІСТЕН ҚАШПАЙЫҚ

«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бұл шараның басты мақсаты – тек қалалар мен ауылдарды емес, табиғи орта мен мәдени ескерткіштерді де таза ұстау. Акцияға қатысушылар саябақтар, көшелер және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, айналаны таза ұстауға, көгалдандырып, табиғатты қорғауға атсалысады. Шиеліліктер де бұл игі бастамаға тұрақты түрде үн қосып, қоғамдық ортаны таза әрі қолайлы аймаққа айналдыруға атсалысып келеді. Білек түріп бірлесіп, аумақты тазалауға күш салу тұрғындар үшін әдетке айналған. Әсіресе, акцияда жастардың белсенділігі ерекше байқалады. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары кенттің көркін келтіріп, айналаны көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысып жүр. Бұл да – жасөспірімнің бойындағы еңбексүйгіш, елге деген жанашырлық сезімінің жоғары екенінің айқын көрінісі. Жазғы демалысын тиімді әрі қоршаған ортаға пайдасын тигізуге бағыттаған жастарды еліміздің нағыз патриот азаматы дерсің. Өткен сенбіде кент орталығында және барлық ауылдық округтер мен мекеме аулаларында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, арықатыздардың бойы ашылды. Арамшөптер жұлынды, қап-қап қажетсіз заттар шығарылды. Жиналған қоқыстар арнайы жүктиегіш техникалармен полигондарға жөнелтілді. Кент келбеті көркейіп, ауылдардың ажары айшықтала түсті. Мұндай акциялар тек экологияны жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға және болашақ ұрпаққа табиғатты таза күйде қалдыруға үлкен үлес қосады. Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, оның өсіп-өркендеуі, жасыл желекке бөленуіне үлес қосқандар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Әркім өз әлінше мәуелі бәйтеректің жайқалып, айналаға ерекше әсер сыйлауы үшін жағдай жасауда. «Бүлдіру – оңай, бүтіндеу – қиын» демекші, ендігі кезекте осы атқарылған жұмыстардың зая кетпеуін назарда ұстап, пайдалы істен қашпай, әрі қарай өңірдің гүлденуіне бір кісідей атсалысуымыз керек. Себебі тазалық – тек сыртқы көріністі ғана емес, ішкі тәртіпті де көрсететін маңызды құндылық.
Мейіржан ИБРАГИМОВ