ПІКІРСАЙЫС АЛАҢЫНДАҒЫ БАСҚОСУ
Ұлы Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін ұлағаты бар. Мемлекеттік қызметшілер пікір сайыс алаңында осы тақырып негізінде тартысты.Мемлекеттік қызмет мемлекет пен азаматтың арасындағы қатынасты байланыстырушы көпір. Олардың міндеттерінің ішінде негізгі болып, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке тұлғаның дамуына қолайлы жағдайлар жасау, азаматтық қоғам негіздерін нығайту саналады. Сол себепті те халықпен дұрыс байланыс орнату үшін мемлекеттік қызметшіге шебер диалог керек.
Шара басында аудан әкімі аппараты персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің басшысы Құттықыз Ратова сөз сөйлеп, дебаттың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекеттік қызметшілердің бұл дебатқа қатысуы олардың тиімді қызмет етуіне, өз ұстанымдарын дәлелдей білуіне, креативтілікке, сондай-ақ кез келген жағдайда маңызды ақпараттарды еркін жеткізе алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар ұлттық деңгейдегі пікір-сайыс мемлекеттік қызметшілерге ел алдында қойылған мақсаттарға жету жолында да үлкен мүмкіндік береді, – дейді Құттықыз Артыққызы.
Дебатқа ауданның мемлекеттік мекемелерінен 8 команда қатысып, сыни ойлау, дәлелді пікір білдіру, көпшілік алдында сөйлеу, командалық жұмыс және моральдық-әдеп құндылықтары бағытында өзара пікір алмасты. Сондай-ақ қатысушылар ұлттық құндылықтардың қоғамдағы орны мен маңызын, жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен дәстүрді сақтаудың жолдарын, ел дамуына ықпал ететін рухани-мәдени құндылықтарды нығайтудың маңызын талқылады.
Дебаттың алғашқы бөлімінде әр топтың үш мүшесі жеке-жеке сөз сөйлеп, өз ұстанымдарын 4 минут ішінде дәлелдеуге тырысты. Мұнда спикерлер тақырыпты жан-жақты талдап, өздерінің жақтаушы және даттаушы көзқарасын нақты дәйектермен жеткізді. Одан кейінгі кезеңде тараптар бір-біріне өткір сауал қойып, қарсылас пікірінің әлсіз тұсын ашуға, дәлелді түрде терістеуге ұмтылды.
Қорытынды бөлімде топ жетекшілеріне сөз беріліп, олар өз командаларының ұстанымына сәйкес түйінді ойларын айтты. Бұл кезең пікірсайыстың мазмұнын жинақтап, тыңдаушыларға салмақты ой қалдыруға бағытталды.
Дебат қорытындысы бойынша қатысушылар мен жеңімпаз командаларға аудан әкімінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Осылайша пікірсайыс мемлекеттік қызметкерлер арасында тәжірибе алмасу, тың идеялар мен жаңа көзқарастардың қалыптасуына ықпал еткен алаңға айналды. Жалпы мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеруді, сыни ойлауды, шешендік өнерін шыңдауды көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы жастардың көшбасшылық қабілетін жетілдіруді мақсат етеді.
«Өскен өңір» ақпарат








