Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет – халық сенімінің биік өлшемі

Мемлекеттік қызмет – халық сенімінің биік өлшемі

Мемлекеттік қызмет – ел дамуының өзегі, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан бұл саладағы әрбір өзгеріс қоғам игілігіне қызмет ететін жүйенің сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Осы мақсатта жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған кездесу-семинар ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен өткен жиынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлеген Мендалиев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ақзада Мадалиева, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Кездесуді ашқан аудан әкімі А.Жандарбеков мемлекеттік қызметтің қоғамдағы айрықша маңызына тоқталып, бұл салада еңбек ету үлкен мәртебемен қатар зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деген тұжырымын негізге алған аудан басшысы әрбір мемлекеттік қызметші халық сенімін ақтап, заңдылық, әділдік, ашықтық және кәсібилік қағидаттарын берік ұстануы қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістердің биылғы 1 шілдеден бастап заңды күшіне енгені айтылды. Бұл жаңашылдықтардың мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге, кадрлық үдерістердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесін нығайтуға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Семинар барысында Ерлеген ­Мендалиев заңнамадағы өзгерістердің негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Ол енгізілген жаңашылдықтардың мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіруге, меритократия қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға серпін беретінін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп талаптарын сақтау және заң талаптарын бұлжытпай орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Ақзада Мадалиева мемлекеттік қызмет саласындағы кадр даярлау мәселелеріне тоқталып, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың кәсіби әлеуетін арттыру, қайта даярлау және үздіксіз білім алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Мұндай бағыттағы жұмыстардың заман талабына сай білікті, жаңашыл әрі жауапты мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастырудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, мемлекеттік қызметшілер заңнамадағы өзгерістерге қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Заң талаптарын тәжірибеде тиімді қолдану, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында сөз сөйлеген А.Насриддинұлы мемлекеттік қызметтің ­басты мақсаты – халыққа адал, сапалы әрі тиімді қызмет көрсету екенін ерекше атап өтті. Ол барлық мемлекеттік қызметшілерді заң талаптарын қатаң сақтауға, Әдеп кодексінің қағидаларын басшылыққа алуға, кәсібилік, жауапкершілік, адалдық пен ашықтық ұстанымдарын күнделікті қызметінде берік ұстануға шақырды.
Мемлекеттік қызметтің мәртебесі – халықтың оған деген сенімімен өлшенеді. Ал заң талаптарын мүлтіксіз орындау, кәсіби біліктілікті үздіксіз жетілдіру және адал қызмет ету – осы сенімді нығайтатын басты құндылықтар. Сол себептен заңнамадағы бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, ел игілігі жолындағы жауапты қызметтің жаңа сапалық кезеңіне жол ашатыны сөзсіз.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
14 шілде 2026 ж. 32 0

Қоғам

Арнауға арқау азамат
14 шілде 2026 ж. 37

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031