Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА МӘСЛИХАТТАР САЙЛАНАДЫ

ЖАҢА МӘСЛИХАТТАР САЙЛАНАДЫ

Депутат – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Депутат болу тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол – елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, көпшілік үшін еңбек ету деген сөз. Олар елмен бірге өркендеу мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп, демократияны нығайтуда, аймақтық экономиканы дамытуда және халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттарға мерзімінен бұрын сайлау өтетінін айтып, тиісті Жарлыққа қол қоятынын жеткізді.
– Сөзімнің басында елімізде уақыт талабына сай мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі ауқымды трансформациядан өтіп жатқанын атап өттім. Бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет. Өзгерістердің қорытынды кезеңі барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституция мен заңдарда белгіленген мерзімге дейін сақталады. Алайда олардың көпшілігі кезінде «Amanat» партиясының атынан сайланған. Қазір бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатқан. Тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайтынын Президент атап өтті.
Тоқаев мәслихаттардың жергілікті деңгейдегі маңызына да тоқталды. Депутаттар тұрғындардың мүддесін білдіріп, жергілікті бюджетті бекітеді және елді мекендерді дамытуға қатысты басқа да міндеттерді атқарады. Сондықтан Президент өкілді органдар қызметінің заң талаптарына сәйкес болуы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, қолданыстағы жергілікті өкілді органдардың депутаттары Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша олардың өкілеттігі тоқтатылғанға дейін қызметтерін жалғастырады. Мемлекет басшысы бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастырып, жергілікті өкілді органдардың жұмысына тың серпін береді деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, қазіргі құрамдағы мәслихаттар Қазақстанда үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Депутаттар 2023 жылғы 19 наурызда кезектен тыс сайлау барысында сайланды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттарында депутаттардың 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша, 50%-ы партиялық тізімдер арқылы сайланды.
Иә, ендігі кезекте Президент тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін елімізде мәслихат депуттартарын қайта сайлауы өтеді.

Мейіржан ИБРАГИМ
06 қазан 2026 ж. 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031