Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдағы сайлау – елдегі демократияның көрінісі

Алдағы сайлау – елдегі демократияның көрінісі

Аралас сайлау жүйесіМемлекет басшысының Жарлығымен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтетін болды. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі оның аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, ұйымдастырылуында. Қазақстанда бір мандатты округтер бойынша сайлау соңғы рет 2004 жылы өтті. Бұл сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді күшейту мәселесін өзекті етеді.
Осыдан 2 жыл бұрын өткен сайлаудың қорытындысы бойынша партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру нормасы жүзеге асырылып, парламенттік оппозиция институты да енгізілген болатын. Биылғы сайлау науқаны да жаңа сайлау шарттарымен ерекшеленетін болады.
Олардың қатарына саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын қысқарту жатады, бұл іс жүзінде жаңа партиялық қозғалыстарға жол ашты. Мәселен, сайлау жарияланған кезеңде «Байтақ» және «Республика» атты екі жаңа партия тіркелген. Партияларды құрудың жаңа тәртібінен бөлек, олардың Парламентке кіруіне қойылатын шекті кедергі де төмендетілді.
Аталған өзгерістер негізінде бір мандатты сайлау округі бойынша кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары да қосылып, жаңа сайлау бұрынғыдан да тартысты өтеді деп күтіліп отыр. Бір мандатты үміткерлер Мәжілістегі 29 орынға таласады.
Өңірлік деңгейде де айтарлықтай белсенді сайлау науқаны күтілуде. Облыс және Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының депутаттары партиялық тізім бойынша да, бір мандатты округтер бойынша да сайланады. Ал аудандық мәслихат депутаттары толықтай бір мандатты округтер болады.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» (2002 жылы сәуір айында тіркелген); «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – (2000 жылы наурызда); «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» (2007 жылы қаңтарда), «AMANAT» партиясы (1999 жылы ақпанда), «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы (1999 жылы ақпанда), «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы (2022 жылы қарашада), «Республика» партиясы 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. Барлық аталған саяси партиялардың жарлықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көрсетілген, – деп түсіндірді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
Айта кетсек, саяси партиялар партиялық тізімдерге саяси партияның мүшесі емес адамдарды ұсына алмайды.
Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы 26 қаңтарда өткен Парламент Сенатының отырысында айтты.
– Салмақты саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, нақты мәселелерін шешуге ерекше назар аударады. Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларға барынша көңіл бөледі. Еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар. Бұл – жақсылықтың нышаны, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі.
– Жұрт жақында өз таңдауын жасайды деп сенемін. Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді.
Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бәрі саяси жүйенің орнықты және тиімді болуын қамтамасыз етеді, – деді Қ.Тоқаев.
Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Ал сотталған немесе жазасын белгіленген тәртіппен өтемеген, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы бойынша қылмысты деп танылған адамдар Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды.
Айта кетейік, мәслихаттарға депутат кандидаттарын ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанға дейін жалғасады.

Г.ЯХИЯ
07 ақпан 2023 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031