Өзекті өзгеріс саяси жүйені сауықтырады
Елімізде жан-жақты жаңару процесі жүріп жатыр. Қазақстандықтар жалпыхалықтық референдумда қолдаған конституциялық реформалар саяси жүйеге елеулі серпін береді. Жаңа Қазақстанды құру аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайлау жүйесін ұсынды.
Сайлау үдерісін реформалау туралы Қазақстан Республикасының Президенті «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында мәлім етті. Мемлекет басшысы барлық азаматтардың құқығын толықтай есепке алатын неғұрлым үйлесімді аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пропорционалды-мажоритарлық модель республикалық деңгейде де, өңірлік деңгейде де сайлаушылардың мүдделерін жақсырақ көрсететін болады. Мәжілістің депутаттық корпусы 70 пайызы пропорционалды және 30 пайызы мажоритарлық негізде схема бойынша құрылады. Сонымен қатар, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауында аралас үлгі енгізіледі.
Пропорционалды және мажоритарлық жүйелердің үйлесуі саяси партиялардың азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі ретіндегі рөлін сақтайды. Бұл ретте сайлау үдерісінің неғұрлым әділ өтуіне және тиімді мемлекеттік басқаруға жағдай жасалады. Мемлекет басшысы аралас сайлау үлгісін енгізу азаматтардың электоралдық белсенділігін арттырып, елді жаңғыртуға атсалысатынына сенім білдірді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сайлауды ұйымдастыру жүйесі үнемі өзгеріп отырады, әділ және ашық сайлау өткізудің оңтайлы шешімдері қарастырылып жатыр. Коммуникациялық технологиялар қарқынды дамыған заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі үлкен маңызға ие. Президент тиісті нормалар мен ережелерді бекітіп, әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізуге рұқсат беруді ұсынды.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде аумақтық сайлау комиссияларына ерекше рөл беріледі. Олардың жұмысын кәсіби деңгейге көшіру маңызды, сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру қажет.
Сайлаушылардың өкілді билікке сенімін арттыру мәселесінде мәслихаттарға ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мәслихат төрағасы лауазымын құруды ұсынды. Мәслихаттардың ықпалын арттыру үшін облыс әкімдерін тағайындаудың қазіргі тәртібін өзгерту қажет. Бұл ретте Президенттің облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің лауазымдарына баламалы негізде кемінде екі кандидат ұсыну құқығын реттейтін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі атап өтілді. Осылайша, Президент мәслихаттарда қарау нәтижелерін ескере отырып, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындайды.
Қазақстандағы конституциялық реформалардың қисынды жалғасы ағымдағы жылдың наурыз айында Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті осындай ұсынысты қыркүйектегі Жолдауында ұсынған болатын. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау 50-ден 50-ге дейінгі арақатынаста аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда азаматтар бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді. Мәжіліс пен мәслихаттарды құрудың жаңа моделі сайлаушылардың мүддесін қорғап, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына қолайлы жағдай туғызады деп сенеміз.
Конституциялық реформаны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын» деген бағанды енгізу туралы бұрын қабылданған шешімнің ерекше маңызы бар. Елді демократияландыру жолындағы маңызды қадам партиялардың Мәжіліске кіруіне қойылатын шектеуді 7-ден 5 пайызға дейін қысқарту болды. Сайлау үдерісіндегі маңызды жаңалықтардың қатарында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 30 пайыздық квотаны заңнамалық тұрғыдан бекіту болды.
Биылғы маңызды өзгерістердің бірі мажоритарлық жүйенің енгізілгені. Бұл мәселе қоғамда көптен айтылып жүрген-ді. Билік халықтың үнін естіді. Алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысты ерекше белсенділік пен қызығушылық байқалады. Кейбір өңірлерде бүгінде бір депутаттық мандат үшін отызға дейін үміткер бақ сынауда.
Жандос Жазкен,
журналист