Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір ғұмыр – мың тағдырға бағыт болған

Бір ғұмыр – мың тағдырға бағыт болған

Жыл сайын 2 қазан – Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Бұл – ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, ел экономикасының дамуына қажетті білікті мамандар даярлаған ұстаздар мен тәлімгерлерге көрсетілер құрметтің айрықша белгісі. Осындай ардақты жандардың қатарында кәсіби-техникалық білім беру саласының қалыптасуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, саналы ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнаған Мұсахан Дүйсенұлының орны ерекше.
Адам өмірінің шынайы бағасы оның артында қалдырған ізімен, халқына жасаған қызметімен өлшенеді. Кейбір жандардың тағдырына көз жүгірткенде тұтас бір дәуірдің тынысын сезінгендей боласың. Себебі олардың өмір жолы адал еңбекпен, елге деген сүйіспеншілікпен, ұрпақ болашағына деген жауапкершілікпен өріледі. Мұсахан Дүйсенұлы сондай азаматтардың бірегейі еді. Оның бүкіл өмірі жастарды білім мен еңбекке баулуға, адамгершілік пен отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге арналды.
1940 жылы Кеңес Одағында мемлекеттік еңбек резервтері жүйесінің құрылуы кәсіптік білім беру саласының дамуына тың серпін берді. Осы кезеңнен бастап еліміздің әр өңірінде өндіріс пен ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлайтын оқу орындары ашыла бастады. Сол игі бастаманың жалғасы ретінде 1958 жылы Бәйгеқұм қыстағында КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы «Еңбек резервтері» бас басқармасының және Оңтүстік аймақтық басқармасының шешімімен ауыл шаруашылығын механизацияландыру училищесінің шаңырағы көтерілді.
Бұл білім ордасы талай жастың өмір жолын айқындап, еңбек майданына қанат қақтырған қасиетті мекенге айналды. Сол оқу орнының іргетасын қалаушылардың бірі болған Мұсахан аға алғашында жұмысшы ретінде еңбек етіп, кейін 1958 жылы осы оқу орнының тұңғыш түлектерінің бірі атанды. Бұл оның болашақ ұстаздық жолының бастауына айналды.
Білімге деген құштарлығы мен ізденісі оны 1962-1965 жылдары Түркістан индустриялық-педагогикалық техникумында білім алуға жетеледі. Сол жылдары өзі түлеп ұшқан оқу орнына қайта оралып, ұстаздық қызметке кірісті. Жас маманның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі көп ұзамай көзге түсіп, 1965 жылы директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл сенім – оның кәсіби шеберлігіне, еңбекқорлығына және білім беру ісіне адалдығына берілген жоғары баға болатын.
Мұсахан Дүйсенұлы үшін ұстаздық жай мамандық емес, жүрек қалауынан туған өмірлік мұрат еді. Ол еңбек еткен жылдары оқу орны тек білім берумен шектелмей, жас мамандарды өмірге дайындайтын үлкен тәрбие мектебіне айналды. Әр шәкірттің бойынан қабілет көре білетін ұстаз олардың маман ­болып қалыптасуына, азамат болып жетілуіне де ерекше көңіл бөлді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кең қанат жайып, ауыл шаруашылығы саласына мыңдаған механизатор мамандар қажет болды. Осы жауапты кезеңде Мұсахан аға ел қажеттілігі үшін кадр даярлау ісінің бел ортасында жүрді. Ол Украина, Беларусь, Татарстан, Башқұртстан және Чувашия республикаларына бірнеше рет арнайы барып, жастарды кәсіптік білім алуға тарту жұмыстарын ұйымдастырды.
Бұл сапарлар оның мемлекет болашағына деген жанашырлығының көрінісі десек те болады. Соның нәтижесінде Украинадан келген екі жүзге жуық жас оқу орнына қабылданып, жатақханамен қамтамасыз етілді. Жастардың жаңа ортаға бейімделуі үшін олардың тұрмысы, киім-кешегі, тамағы мен жатын орны толық ұйымдастырылды. Бұл Мұсахан ағаның ұйымдастырушылық қабілетінің, адам тағдырына деген жауапкершілігінің де айқын дәлелі болатын.
Ұстаздың еңбегі білім беру ісімен ғана шектелген жоқ. Ол қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, ұжымның ұйымшылдығын нығайтуға, тәрбиелік жұмыстарды жетілдіруге күш салды. Оның бастамасымен көптеген мәдени-көпшілік шара өткізіліп, оқу орнының рухани өмірі жанданды. Көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, өнерлі жастар облыстық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Спорттық секциялар мен пәндік үйірмелердің жұмысы жолға қойылып, шәкірттердің жан-жақты дамуына кең мүмкіндік жасалды.
Мұсахан аға ерекше көңіл бөлген бағыттардың бірі – кітапхана ісі болды. Ол кітапхананы оқу орнының рухани қазынасына айналдыруға күш салды. Әсіресе қазақ тіліндегі оқулықтар мен көркем әдебиеттер қорын байытып, шәкірттердің ана тілінде сапалы білім алуына жағдай жасады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастардың рухани дүниесін байытуға зор үлес қосты.
Оның басшылық және ұйымдастырушылық қызметінің нәтижесінде оқу орны талай мәрте жоғары жетістіктерге жетті. 1965 жылы ұжым республикалық социалистік жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, Одақтық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. 1971 жылы бұл мәртебелі марапатты екінші мәрте иеленілді. Бұл оқу орны ұжымының табысы болғанымен, сол жетістіктің бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Мұсахан Дүйсенұлы еді.
1972 жылы оқу орны республикалық жарыста жүлделі үшінші орынға ие болып, осы жетістікке қосқан зор үлесі үшін Мұсахан аға «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар оның сан жылдық адал еңбегі «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, «За доблестный труд» медалімен, Қызылорда облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасымен, облыстық атқару комитеті мен кәсіподақ ұйымдарының, комсомол комитетінің марапаттарымен бағаланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын иеленіп, «Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің үздігі» атағына ие болды. Ал Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атануы – халықтың өз перзентіне берген ең жоғары бағасы еді.
Ширек ғасырға жуық уақыт директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Мұсахан Дүйсенұлы мыңдаған шәкірттің тағдырына жол сілтеді. «Ғұмырдың мәні – артта қалған ізде, ал ұстаздың бақыты – тәрбиелеген шәкіртінде» деп бекер айтылмаса керек. Оның тәрбиесін көрген түлектер елдің әр саласында абыройлы еңбек етіп, ұстаз есімін мақтанышпен атап келеді.
М.Дүйсенұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. 2007 жылдан өмірінің соңына дейін Бәйгеқұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласты. Ел бірлігін нығайтуға, жастарды тәрбиелеуге бағытталған игі бастамалардың басы-қасында жүрді.
Мұсахан ағаның ел есінде қалған өнегелі істерінің бірі – ауыл маңындағы 19-бекет қорымын қоршау жұмысына ұйытқы болуы. Ата-баба рухына тағзым етуді азаматтық парыз санаған ол ауыл тұрғындарын жұмылдырып, тарихи әрі рухани маңызы зор қорымды абаттандыру ісіне жетекшілік етті. Сондай-ақ ауыл мешітінің іргетасының қалануына бастамашы болып, құрылыс жұмыстарының табысты жүзеге асуына жанашырлық танытты. Бұл оның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.
«Елге қызмет ету ер азаматтың парызы» деп білген Мұсахан аға түзде талай тірліктің тып-тиянақты аяқталуына сеп болса, үйде шаңырақтың саялы бәйтерегіне айнала білді. Мықты әкенің тәрбиесін көрген ұрпағы да ұлағатты жолдан жаңылмады. 2018 жылы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының ұйымдастыруымен облыстық «Еңбек жолы» байққауында «Ұрпағымен мың жасаған» ұлтжанды ұстаз әулеті жүлделі І орынды қанжығаларына байлаған болатын. Ұлтқа үлгі болар үлкен отбасының тірегіне айнала білу кез-келгеннің қолына бермесі анық. Ал Мұсахан аға елдік мүддеден, осы үдеден табыла білді.
Мұсахан Дүйсенұлының болмысынан қарапайымдылық пен парасаттылық, талапшылдық пен әділдік қатар көрінетін. Әріптестеріне құрмет көрсетіп, шәкірттеріне қамқорлық танытқан абзал жан көпшіліктің зор сыйластығына бөленді. Оның әрбір сөзі мен ісі кейінгі буын үшін өмір мектебіне айналды. Бүгінде ұстаздың көзін көріп, ізбасары атанған Даутбай Шайжанов, Жамантай Қалекеев, Әбсаттар Арыстанов ардагер-ұстазға айналып, естеліктерімен бөлісіп отырар күнге жетті. Көзі тірі болғанда биыл Мұсахан Дүйсенұлы мерейлі 90 жасқа толады екен. Десек те өмірден өзі кеткенімен, артында өшпес ізі қалды емес пе?
Өмірдің өлшемі жылдардан тұрмайды, елге қалдырған мұрамен бағаланатыны анық. Мұсахан ағаның ғибратқа толы ғұмыры – адал еңбек пен азаматтықтың, ұстаздық пен адамгершіліктің жарқын шежіресі. Ол тәрбиелеген шәкірттер мен кейінгі ұрпақ барда ардақты ұстаздың есімі ұмытылмайды. Ел игілігі жолындағы еңбегі мен өнегелі өмір жолы уақыт өткен сайын биіктей түсіп, ұрпақ жадында мәңгі сақтала бермек.

Гүлнәр Дүйсебай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
29 қыркүйек 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930