Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек қауіпсіздігі – елдік мәселе

Еңбек қауіпсіздігі – елдік мәселе

Қыркүйектің соңғы жексенбісі Қазақстанда Еңбек күні аталады. Бүгінде ел экономикасында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Бұл күн еңбек адамдарының қоғам мен мемлекет дамуына қосқан үлесін атап өтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өз сөздерінде еңбекқорлық, жауапкершілік және жасампаздық құндылықтарының маңызын бірнеше рет атап өткен.
Еңбек күні тек белгілі бір мамандық иелерін құрметтеу мерекесі емес. Ол адал еңбектің адамның жеке әл-ауқатына, отбасының тұрақтылығына және ел экономикасының дамуына қосатын үлесін көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы да жауапкершілік, заңға құрмет, білім, отансүйгіштік және адал еңбек құндылықтарына негізделген. Бұл тұрғыда еңбек адамы өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбек тәртібін сақтайтын, әріптестерін құрметтейтін және өз жұмысының нәтижесіне жауап бере алатын азамат ретінде қарастырылады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан экономикасында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 99,5 мың адамға көп. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай елдегі сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарланған. 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

Құрмет қауіпсіздіктен басталады
Жұмыс істейтін адам үшін еңбекке деген құрмет ең алдымен оның жұмыс орнында қаншалықты қорғалғанынан көрінеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ел кәсіпорындарында 727 жұмысшы зардап шеккен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,5%-ға жоғары. Ауыр жарақат алған жұмысшылар саны 409-дан 476 адамға жетіп, бірден 16,4%-ға ұлғайды. Әр жарақаттың артында жұмысшының денсаулығы, отбасының тағдыры, тіпті кейде бүкіл әулеттің әлеуметтік жағдайы тұр.
Бұл мәселенің өзектілігін өндірістегі қайғылы оқиғалар ғана емес, әскери салада болған жағдай да көрсетіп отыр. 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкетіп, оның 14-і қаза тапты. Үшеуі құтқарылды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен болғанын хабарлады. Бірақ бұл оқиғаның да қауіпсіздікпен тікелей ­байланысты екені анық. Өйткені әскери қызмет те адам өміріне тәуекелі жоғары қызмет түрі. Мұнда да алдын ала бағаланған қауіп, дайындық, қауіпсіздік шаралары, жауапты тұлғалардың шешімі және төтенше жағдайда әрекет ету тәртібі маңызды.
Осы оқиғадан соң Президент Қазақстан Қарулы күштеріне терең өзгеріс қажет екенін де мәлімдеді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, әскерді басқарудың ескі тәсілдері қайта қаралып, жаңа үлгідегі армия қалыптастырылуы керек. Ол технология қолдануға болатын салаларда адам факторын азайтып, армияны цифрландыруды жүктеді. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігіне 10 күн ішінде әскери реформаның жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Өндірістегі қайғылы жағдайлардың себебі де көбіне қарапайым талаптардың сақталмауынан шығады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жарақаттанудың негізгі себептерінің қатарында жұмысты қауіпсіз ұйымдастырмау, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақыламау, ақауы бар жабдықтарды пайдалану және қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде белгіленген тәртіпті бұзу бар. Бұған жұмысшыларды оқытуға формалды қарау, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеу және жұмыс орындарының жағдайын жеткілікті деңгейде бақыламау сияқты мәселелер қосылады.

Киберкеңістікте де қырағылық керек
Ақпарат ғасырында еңбек қауіпсіздігі деген ұғымның өзі өзгеріп келеді. Бұрын жұмыс орнындағы қауіп дегенде ең алдымен станок, биіктік, электр желісі, улы зат, шахта ойға келетін. Енді оған экранның ар жағындағы қатер қосылды. Себебі қазіргі кәсіпорынның тынысы цифрлық жүйемен тікелей байланысты. Өндірісті басқару, қаржы, қызметкерлердің деректері, құжат айналымы, байланыс арналары, тіпті пилотсыз жүк және карьер көліктері – бәрі-бәрі ақпараттық кеңістікке тәуелді. Осы себепті 25 тамыздан бастап жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарымен таныстыруға да міндеттелді.
Бұл – 2026 жылғы 24 маусымдағы №326-VIII заңмен Еңбек кодексіне енгізілген жаңа нормалардың бірі. Кодекстің 22-бабына «киберқауіпсіздік» деген сөз қосылды. Енді қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өрт, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ғана емес, кибер-қауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті.
Киберкеңістік пен өндіріс тоғысқан жаңа дәуірде еңбекті қорғау мәдениетін жаңа сатыға көтеру – басты міндет. Әрбір кәсіпорын қауіпсіздікті қып-қызыл шығын емес, болашаққа құйылған ең маңызды инвестиция ретінде түсінгенде ғана түбегейлі өзгеріс орнайды. Елдің экономикалық қуаты миллиондаған жұмысшының денсаулығы мен амандығына тікелей байланысты.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930