Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариясын қадірлеген елдің қадірі биік

Қариясын қадірлеген елдің қадірі биік

Қарттық – жұмыр басты пенденің жүріп өткен жолы таразыға түсетін, көрген мен түйгеннің қадірі артатын кемел шағы. Адамның балалық шағы – балдәурен, жастық шағы – жалын, ал қарттық – сол ғұмырдың қорытындысы іспетті. Сондықтан да халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Үйдегі қарияның ақылы мен батасы, көргені мен көңілге түйгені – тұтас қоғамның рухани байлығы.
Осындай ізгі ұстанымның мәнін айшықтайтын атаулы күннің бірі – 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн – аға буынға алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін бағалайтын, ұрпақтар сабақтастығының маңызын еске салады.
Қарт адамдардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Аудан көлеміндегі көрсеткіштер де қарттарға деген әлеуметтік қолдаудың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын аңғартады. Денсаулық сақтау, зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік қызмет көрсету, оңалту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағыттарында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін орталықтар да осы қажеттіліктен туындаған.
Дәл қазір аудан бойынша 9276 зейнеткер тіркелген. Олардың қатарында 140 жалғызбасты қарт бар. Оларға 23 әлеуметтік қызметкер үйде әлеуметтік қызмет көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің күнделікті еңбегі де осы тұста ерекше маңызға ие. Олар қарттардың тұрмыстық қажеттіліктеріне көмектесіп қана қоймай, кей жағдайда қарияның көңілін сұрап, әңгімелесіп, өзін қоғамға қажет адам ретінде сезінуіне ықпал етеді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің тағы бір бағыты – қарттардың денсаулығын сауықтыруға жағдай жасау. Жыл басынан бері 137 зейнеткер Қызылорда қаласындағы Талсуат оңалту орталығында ем қабылдауға жіберілген.
Сонымен бірге 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай әлеуметтік тапсырыс шеңберінде аудандық деңгейде арнайы іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Мұндай шара қарияларға құрмет көрсетудің бір көрінісі болғанымен, ең бастысы – олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, көңіл-күйін көтеруге және ұрпақтар арасындағы ­байланысты нығайтуға қызмет етуі тиіс.

Қариясын қадірлеген елдің келешегі кемел
Қоғам өзгергенімен, уақыт жаңарғанымен, адамзат үшін үлкенді сыйлау, қарияның батасын алу, ата-ананы ардақтау сияқты асыл құндылықтар ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.
Қарттар – өткеннің куәгері, бүгінгі күнге баға беріп, ертеңгі ұрпаққа бағыт көрсете алатын өмір мектебінің ұстаздары. Олардың маңдайындағы әрбір әжім – еңбек пен күрестің, қуаныш пен қайғының, жеңіс пен сынақтың белгісі. Бүгінгі аға буын соғыстан кейінгі ауыр кезеңді де, елдің еңсесін тіктеген жылдарды да, тәуелсіздікпен бірге келген тарихи өзгерістерді де бастан өткерді. Олар отбасының берекесін сақтап, бала тәрбиеледі, елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына өз үлесін қосты. Сондықтан қарияны құрметтеу – өз тарихыңды, өз тамырыңды құрметтеу.

Қарттар күні қайдан шықты?
Халықаралық қарттар күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тарапынан 1990 жылғы 14 желтоқсанда бекітіліп, 1 қазан күні аталып өтеді.
Алайда қарттар күнін атап өту бастамасы Жапониямен байланыстырылады. 1947 жылы Хёго префектурасындағы ауылдардың бірінде Масао Кадоваки есімді азамат қарттарға арналған арнайы күн белгілеуді ұсынған. Алғашында 15 қыркүйек таңдалып, кейін бұл бастама кеңінен қолдау тауып, 1966 жылы ұлттық мереке мәртебесіне ие болған.

Белсенді қартаю – өмірге деген құрмет
Қазіргі таңда әлемде «белсенді қартаю» ұғымына басымдық берілуде. Оның мәні – адамның жасы ұлғайғанына қарамастан, денсаулығын сақтап, әлеуметтік өмірге араласуына, өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Біздің аудандағы қариялардың арасында да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын, жастарға ақыл-кеңес беретін, мәдени шараларға қатысатын, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін жандар аз емес.
Әлбетте, қартаю – жан-жақты табиғи үдеріс. Одан ешкім 100 пайыз қорғана алмайды. Уақыт өз дегеніне бірте-бірте, ертелі-кеш әйтеуір көндіреді. Үкімет қарт кісілерге қамқорлық жасап, оларды мың құбылған, дүрбелеңге толы өмір ағысынан сырт қалдырмай, көптеген игілікті іс атқа-рып жатыр. Өз кезегінде көзі ашық, көкірегі ояу қарияларымыз белсенділік танытып, қоғамдық істерге араласып, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрлердің сақталуына, ұлтымыздың рухани байлығын толықтыруға, саламатты өмір салтын бұқара ортасында қалыптастыруға барынша үлес қосып келеді. Олар өз орталарында жақсы қартаюдың, әдемі қартаюдың өнегесі болып жүр.
Бүгінгі қарияларымыз кезінде елдің жүгін көтерді. Еңбек етті, бала өсірді, шаңырақ көтерді, қоғамның ­дамуына үлес қосты. Енді олардың еңбегін бағалап, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – кейінгі буынның парызы.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930