Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік басқосуда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, жиналған ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, ел дамуы жолындағы аға буынның еселі еңбегін ерекше атап өтті.
- «Біз әуелден «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп, ақсақалын ардақтап, қариясын қадірлеуді, алдыңғы буынның ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімін үлгі етуді ұлттық дәстүрге айналдырған халықпыз. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген дана халқымыздың ұлағатты сөзі Сіздер сынды ел құрметіне бөленген абзал азаматтарға арналғаны анық. Қазіргі таңда ауданымызда 9 697 ардагер бар. Оның ішінде түрлі санаттағы ардагерлеріміз қоғамдық өмірге белсене араласып, өмірлік тәжірибесімен, өнегелі жолымен жастарға үлгі болып келеді. Әсіресе жас ұрпақты патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеуде Сіздердің өнегелеріңіздің орны бөлек. Ел үшін атқарған еңбектеріңізге, ауданымыздағы барлық бастамаларға жасаған қолдауларыңызға алғыс айтамын», – деді аудан басшысы. Салтанатты жиын барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерге Алғыс хаттар табысталып, естелік сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, ардагерлердің құрметіне аудан өнерпаздарынын атынан ән айтылып, күй күмбірі әуелеп, қазыналы қарттарымыз көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.  Бұл мерекелік басқосу – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын айғағы болды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

02 қазан 2025 ж. 58 0