Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоршаған орта – ортақ аманат

Қоршаған орта – ортақ аманат

20 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аталып өтеді. Мұны 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік тазалық күні деп жариялаған. Бұл күн қоршаған ортаның тазалығына назар аударуға, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған.
Осыған орай өткен сенбі күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ауқымды акция өтті. Биылғы экологиялық шараға 513 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында 140 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер мен 82 мың ерікті бар. Сондай-ақ сенбілікке мектеп оқушылары мен студенттер, жастар ұйымдары, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер және өңір тұрғындары атсалысты.
Бұл күннің ерекшелігі – «Таза Қазақстан» бастамасының халықаралық World Cleanup Day акциясымен қатар өтуі. Осы арқылы экологиялық акция тек елді мекендерді тазалауға емес, азаматтардың қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, жастар және экобелсенділермен бірге Астанадағы Президент саябағында ағаш отырғызды. Сондай-ақ Президент экология мен тазалыққа жауапты мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдады.
Сенбілікте Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының мән-маңызына тоқталып, оның басты мақсатының бірі – қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін айтты.
– Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл – ата-бабамыздан қалған өсиет. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда World Cleanup Day «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жүйелі экологиялық жұмыстардың бір бөлігіне айналды. Тазалық жұмыстары еліміздің барлық аймақтарында жалғасып, ел азаматтары игі шараға белсенділік танытты.

СЫРДАҒЫ СЕНБІЛІК
Тазалық – күнделікті мәдениеттің көрінісі. Туған жерге үлес те, қоршаған ортаға деген қарапайым жауапкершіліктен басталады. Осы ұстанымды жанына серік еткен Сыр бойылық тұрғындар сенбінің таңы атысымен экологиялық жағдайға немқұрайлы қарамайтынын аңғартты.
Дүниежүзілік тазалық күніне орай аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акция өтті. Оған Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент және инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, эко белсенділер, жастар ұйымдары және студенттер қатысты.
«Қайсар Арена» стадионында өткен жаппай сенбіліктегі тал егу шарасына қатысқан облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы тазалық акциясында әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды екеніне тоқталды.
– Президентің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірімізде көркейту-көгалдандыру, абаттандыружұмыстары жүргізілуде. Сыр жұртшылығы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне зор үлес қосып келеді. Жыл басынан бері тазалық шараларына 400 мыңнан астам кәсіпкерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Өңіріміздің климатына сәйкес келетін 88 мыңнан астам тал мен көшет егілді. Тазалық әр үйден, әр ауладан, әрбір елді мекеннен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды. Бүгінгі акцияда тазалық жұмыстарын атқарып, сонымен қатар, ағаш көшеттерін егеміз. Баршаңызды туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ шара барысында Құрылтай депутаты Ирина Тен экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Айта кеткен жөн, облыс бойынша ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясы шараларына 12000-ға жуық адам қатысып, 1750-ге жуық тал егілді.
Жыл басынан тазалық шараларына 328 800 ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының, кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты. 8741 тонна қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік, 1897 өнеркәсіп және бизнес нысаны, көшелердің бойы тазартылды. Оған 548 техника жұмылдырылды.

ШЫРАЙЛЫ ШИЕЛІДЕГІ ШАРА
Сенбі күні өткен дүниежүзілік акцияға Шиелі жұртшылығы да белсенді қатысты. Білек түріп бірлесіп, аумақты тазалауға күш салу – тұрғындар үшін әдетке айналған. Сондай-ақ аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптасты деуге де толық негіз бар.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кент орталығында және барлық ауылдық округтер мен мекеме аулаларында жаппай сенбілік жұмыстары жүргізілді. Арамшөптер жұлынды, қап-қап қажетсіз заттар шығарылды. Жиналған қоқыстар арнайы жүктиегіш техникалармен полигондарға жөнелтілді. Кент келбеті көркейіп, ауылдардың ажары айшықталы түсті. Мұндай акциялар тек экологияны жақсартумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға және болашақ ұрпаққа табиғатты таза күйде қалдыруға үлкен үлес қосады.
Акцияға қатысқан аудан басшысы Айтбай Жандарбеков тазалық жұмысына атсалысқан аудан тұрғындарына алғысын білдіріп, аудан ажарын арттыру ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Таза Қазақстан» – жай ғана науқан емес. Бұл халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Тазалық тек айналаны қоқыстан арылтумен шектелмейді. Ол – туған жерге жанашырлық таныту, қоғамдық жауапкершілікті сезіну және келер ұрпаққа үлгі болу. Халқымыз «Тазалық – табалдырықтан басталады» дейді. Бабадан қалған осынау асыл сөз бүгінгі ұрпаққа аманат. Ал тазалық – тәртіптің бастауы. Тұрған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жинаған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан жалпыұлттық экологиялық акцияға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру жұмысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Осындай игі бастамалар қоғамды жаппай тазалыққа үндеумен қатар, ұжымның ауызбіршілігінің артуы мен жұмыла жұмыс істеу арқылы айрықша жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндігін айқындай түспек. Осылайша, аудан азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы береке бірлік, тату тірлікпен елдің көркеюіне атсалысты.
Еліміздің табиғаты – ұлттың қазынасы, ұрпаққа аманат. Тазалық – адам мәдениетінің, қоғам өркениетінің айнасы. «Тазалық тәртіптің бастауы» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Себебі тазалық бар жерде тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық қалыптасады. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында. Тазалықты тек арнайы акция кезінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыру, қоғамдық орындарға өз үйіңдей қарап, қоршаған ортаға жанашырлық таныту.
Бұл шара тазалық жұмыстары ғана емес, ол қоғамның экологиялық санасын көтеруге бағытталған үлкен қадам. Таза табиғат – тек бүгінгі күннің игілігімен шектелмейді. Ертеңгі ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұрамыз екендігін бір сәтке естен шығармағанымыз жөн.

М.Ибрагим
22 қыркүйек 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930