«BIRGE TAZA KAZAKHSTAN» АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Тазалық акциясы даңғайыр диқан, екі мәрте Социолистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың атына берілген саябақта өтті. Бұл іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова бастаған ұжым, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының жастары мен көптеген бөлім қызметкерлері, өңірдің белсенді жастары, табиғат жанашырлары қатысты. Акцияға қатысушыларға керекті құрал-жабдықтар мен қолғаптар таратылды. Сенбіліктің басты мақсаты – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, аумақтарды гүлдендіріп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу. Жұдырықтай жұмылған барша қоғам белсенділері мен қызметкерлер ағаштарды ақтап, темірлерді сырлап, ауланы түгелдей қоқыстан тазартып, жасыл желектерге күтім жасады.
Сенбілік соңында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов телеарна тілшілеріне сұқбат берді. Сонымен қатар, саябақтың ашылуына үлес қосып, 2013 жылдан бері өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан П.Архабаев аудан ардагерлерімен бірге саябақтың тарихын толық баяндап берді. Сонымен бірге, осы акцияға ат салысқан барша бөлім қызметкерлері мен қоғам белсенділеріне өз алғысын білдірді.
Бұл саябақта 9 мыңнан астам саялы ағаш пен гүлдер өсіп-өніп, жайнап-жайқалып тұр. Саябақта шафран, питунья тәрізді гүлдерің бірнеше сорты бар. Гүлдердің барлығы дерлік 2 гектар жерге орналасып, көк-жасыл түстерге боялған. Ендеше осындай саябақтың көгалданып таза болуына бірге атсалысайық.
Сымбат СҰЛТАН