Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚЫРМАН ОРДАСЫНДАҒЫ ОЙЛЫ КҮН

ОҚЫРМАН ОРДАСЫНДАҒЫ ОЙЛЫ КҮН

Кітапханаға кірген сәтте-ақ әдеттегі тыныштықтың орнына өзгеше қозғалыс байқалды. Бір жерде балалар әдеби кейіпкерлерін сомдап жатса, енді бір бұрышта жастар кітап жайын талқылап, зияткерлік ойынның қызған шағында жүр. Кітап сөрелерінің арасындағы әр қозғалыс оқырман мен әдебиеттің арасындағы байланыстың әлі де берік екенін аңғартқандай.
Шиелі аудандық кітапханасында өткен «Kitap time – 2026» фестивалі осындай әсермен басталды. «Кітаппен болашаққа: оқитын өлке, интеллектуалды ұрпақ» тақырыбындағы әдеби-танымдық шара кітапты бір сарынды насихаттау­дан гөрі, оны оқырманға жақындатудың жаңа жолдарын іздеді.
Сол күнгі кітапхана бір мезетке шағын әдеби кеңістікке айналды. Мұнда кітап тек сөрелерде тұрған дүние емес, ойынға арқау болған тақырып, сахнаға шыққан кейіпкер, пікірге өзек болған шығарма, тіпті болашақ туралы ойға бастайтын құрал ретінде көрінді.
«Кітаппен болашаққа: оқитын өлке, интеллектуалды ұрпақ» тақырыбындағы фестивальдің негізгі мақсаты – кітапты оқырманға жақындату, әдебиетті жаңа форматта таныту, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. «Кітап оқыған ұрпақ – ойы озық ұрпақ!» деген ұстаным шараның өн бойынан сезіліп тұрды.
Бұл жолы оқырман кітапханаға жай ғана кітап іздеп келген жоқ. Ол кітап әлемінің бір бөлшегіне айналды. Қатысушыларға ұсынылған «Оқырман паспорты» арқылы әр алаңды аралап, түрлі тапсырмаларды орындап, өз білімін сынауға мүмкіндік берілді. Осылайша кітапхана кеңістігі оқырман мен кітаптың арасындағы үнсіз байланысты жандандыратын еркін ортаға айналды.
Кітап көшесінде қазақ және әлем әдебиеті, балалар шығармалары, өлкетану, заманауи әдебиет пен өзін-өзі дамыту бағытындағы кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Кітаптың сыртқы мұқабасынан бастап, авторы мен кейіпкеріне дейінгі сұрақтар ортаға салынып, оқырмандардың әдеби танымы таразыға түсті. «Кітаптар әлемі» ойынында барабан айналдырып, ұпай жинаған қатысушылар жеңілден күрделіге дейінгі сұрақтарға жауап берді. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Антуан де Сент-Экзюпери, Қожанасыр, Алдар Көсе секілді әдеби әлемнің таныс есімдері қайта жаңғырды.
Фестивальдің зияткерлік өзегі болған «Intellect arena» алаңында «Зерек» пен «Парасат» командалары бақ сынады. «Авторын тап», «Кейіпкерін тап», «Жалғастыр», «Эмодзимен кітап» кезеңдері қатысушыларды ширақ ойлауға, оқыған шығармасын есте сақтауға, әдеби дүниелерді бір-бірінен ажырата білуге жетеледі. Бір сұрақ – бір естелік, бір жауап – бір шығармаға қайта оралу секілді әсер қалдырды.
Ал «100 секунд – 10 сұрақ» ойыны қатысушылардың білімін уақытпен жарыстыра отырып сынады. Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіне қатысты сауалдарға қысқа уақытта жауап беру арқылы оқырмандар өздерінің әдеби білімін тағы бір мәрте саралады. Мұндай сәттерде кітап оқудың адам жадын шыңдап қана қоймай, ойды жинақтап, нақты жауап беруге үйрететіні анық байқалды.
Кітаптың өмірмен байланысын сезіндіретін тағы бір әсерлі сәт – әдеби кейіпкерлердің залға енуі еді. Абай, Айгерім, Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала, Ер Төстік, Кішкентай ханзада, Қызыл телпек секілді кейіпкерлер бір сәтке кітап бетінен түсіп, оқырман алдына келгендей әсер қалдырды. Кеше ғана шығарма ішінен оқылған образдар бұл жолы оқырманның көз алдында сөйлеп, өз болмысын танытты. Әдебиетті сахнамен сабақтастырған бұл көрініс балалардың да, ересектердің де қызығушылығын арттырды.
«Book talk» алаңында кітап пен оқырман арасындағы байланыс сөз арқылы жалғасты. Қатысушылар өздері оқыған шығармаларын бір минут ішінде көпшілікке таныстырып, неліктен дәл осы кітапты оқуға кеңес беретінін айтты.
Фестиваль аясында Байгекұм ауылдық кітапханасы да оқырмандарына «Оқы, ойна, ойлан» атты интеллектуалдық ойынын ұсынды. Кітап пен ойынды ұштастырған бастама ауыл оқырмандарының білімін сынап қана қоймай, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Ал оқу залында ұйымдастырылған «Оқитын ұлт – ұлы болашақ» атты «Silent Reading», яғни «Үнсіз оқу сағаты» кітап фестивалінің мазмұнын өзгеше қырынан толықтырды. Мұнда даңғаза да, жарыс та жоқ. Тек кітап пен оқырман. Әркім өзіне ұнаған кітаппен үнсіз сырласып отырды. Бір сәттік тыныштықтың өзі кітап оқудың адамға берер ерекше әсерін аңғартқандай.
Сондай-ақ фестивальдің заманауи тынысын «Book and Ai» алаңы толықтырды. Қатысушылар 2050 жылғы кітапхананы көз алдына елестетіп, робот кітапханашы, виртуалды кітап, ақылды сөре, бірнеше тілдегі аударма, виртуалды саяхат секілді түрлі идеяларын ортаға салды. Технология мен кітаптың тоғысын сөз еткен бұл алаң болашақ кітапханасының мүмкіндіктері туралы ойландырды. Дегенмен бір нәрсе анық еді: технология ақпаратты жылдам жеткізгенімен, сол ақпаратты саралап, терең ой түюге кітаптың орны бөлек.
Оқырманның өз ойын қалдыруына мүмкіндік берген «Білім ағашы» да фестивальдің мазмұнын аша түсті. Қатысушылар жапырақтарға сүйікті кітабын, кітаптан алған әсерін немесе өз ойын жазып, ортақ ағашқа ілді. Әр жапырақ – бір оқырманның таңдауы, бір адамның кітаппен байланысынан қалған белгі.
Ал «Book podcast» алаңында оқырмандардан кітап туралы қысқа сұхбаттар алынды. «Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?», «Оны не үшін ұсынасыз?»,«Кітап адам өмірін өзгерте ала ма?» деген сауалдар әр қатысушыны өз оқыған дүниесін еске түсіріп, кітаптың өміріндегі орнын бағамдауға жетеледі.
Фестивальдің мазмұнды өтуіне қатысты Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова да өз ойын білдіріп, кітапхана жұмысының бүгінгі бағытына тоқталды.
– Кітапхана – тек кітап сақталатын немесе кітап берілетін орын емес. Ол – адамның ойы қалыптасатын, ізденісі тереңдейтін рухани орта. Қазіргі оқырманға кітапты бұрынғыдай ғана ұсыну жеткіліксіз. Оны қызықтыра білу, әдебиетті заманауи форматтармен сабақтастыру маңызды.
Бүгінгі фестивальде балалар мен жастардың белсенділігі осы бағыттағы жұмыстардың қажеттігін көрсетіп отыр. Кітапқа қызығушылықты ояту – бір күндік міндет емес, тұрақты қалыптастыратын мәдениет, – деді ол.
Фестиваль соңында белсенді оқырмандардың еңбегі ескерусіз қалмады. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Қасымов шараға белсене қатысқан оқырмандарды марапаттап, кітаптың адам өміріндегі маңызы жөнінде пікір білдірді.
– Кітап – адамның ойлау қабілетін қалыптастыратын, дүниетанымын кеңейтетін үлкен рухани күш. Қазір ақпаратты тез алуға мүмкіндік мол болғанымен, адамның терең ойлануына, сабырмен саралауына кітаптың берері ерекше. Бүгінгі фестивальге белсенді қатысқан оқырмандардың ынтасы қуантады. Осындай шаралар кітапты насихаттап қана қоймай, оқырман мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді, – деді Ж.Инаятханұлы.
«Жылдың үздік оқырманы – 2026», «Ең жас кітапсүйер», «Кітап елшісі», «Үздік Book Talk», «Үздік интеллектуалды команда», «Ең креативті оқырман», «Кітаппен бірге өсіп келе жатқан отбасы», «Белсенді кітап досы» номинациялары бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, фестивальдің мерейлі сәттері қорытындыланды.
Кеш соңында кітапхана қайтадан өз қалпына келгендей болғанымен, сол күннің әсері оқырмандардың көңілінде қалғаны анық. Ал біз бұл шараға журналист ретінде қатысып, кітапханадағы бір күннің тынысын сырттай бақылап қана қоймай, оқырманның кітапқа деген ықыласын, балалардың қызығушылығын, жастардың ізденісін көзбен көрдік. Байқағанымыз – бүгінгі ұрпақ кітаптан алыстап кеткен жоқ. Оған кітапты ұсынудың жаңа жолы ғана керек. Ойынмен қызықтыру, пікірін тыңдау, сахнамен сабақтастыру, технологиямен ұштастыру – осының бәрі оқырман мен кітап арасындағы көпірді бекемдей түседі.
Журналист ретінде шараның әр сәтін бақылағанда, оқитын орта қалыптастыру бір ғана мекеменің міндеті емес екенін де аңғардық. Ол отбасынан басталып, мектепте жалғасып, кітапханада қанат жаяды. Ал кітапқа жақын орта қалыптасқан жерде ойы сергек, сөзі салмақты, дүниеге көзқарасы кең ұрпақтың өсетініне сенім мол.
Сол күні біз кітапханадан жай ғана шараның әсерімен емес, бір оймен шықтық: кітапты оқитын адам көбейген сайын, қоғамның да ойлау кеңістігі кеңейеді. Өйткені кітап – уақыт өткізудің құралы емес, адамды өзімен сөйлестіретін рухани әлем.
Шиелідегі «Kitap time– 2026» фестивалі бізге осыны тағы бір мәрте сезіндірді. Оқырман ордасындағы бір күннің өзі талай ойға бастады. Кітаптың соңғы беті жабылғанымен, одан туған ойдың адам ішінде жалғаса беретініне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Айнұр ИБРАШЕВА
15 қыркүйек 2026 ж. 40 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930