ЖҮРЕКТЕ ҚАЛҒАН ЖЫЛЫЛЫҚ
Бір әулеттің тарихын таразыласақ, оның әр буынын жалғап тұрған ортақ құндылықтар болады. Бірінде өнер ұрпақтан-ұрпаққа берілсе, енді бірінде елге қызмет ету, білімге ұмтылу, адамды қадірлеу отбасылық тәрбиеге айналады. Сейтқасым Сейтенов пен Мәрия Жұматованың шаңырағында да сөзге деген құрмет пен еңбекке деген жауапкершілік қатар өрілді. Сол ортада дүниеге келген Жамал Сейтқасымқызының өмір жолынан осы тәрбиенің ізін айқын көруге болады.Біреудің жағдайын өзінен бұрын ойлап, қолынан келгенше көмектесіп жүру – Жамал Сейтқасымқызына тән қасиеттің бірі еді. Адамды жақын-жат деп бөлмей, әркіммен тіл табыса білетін. Біреу мұңын айтса, асықпай тыңдап, көңілін аулайтын. Қуанышқа да шын көңілмен ортақтасатын. Жақсылығын міндет етпей, барын табиғи қалпында жасайтын.
Сөз бен өнерді қадірлеген Сейтқасым әулетінің тәрбиесі де оның болмысынан көрінді. Әкесі Сейтқасым Сейтенов – сатирик ақын, жазушы, журналист болса, анасы Мәрия Жұматова – ақын, ұзақ жыл баспасөз саласында еңбек еткен жан. Мәрия апай аудандық «Коммунизм жолы», кейінгі «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарып, хаттар бөлімін басқарды, аудандық радио хабарларын ұйымдастыруға атсалысты. Осындай ортада өскен Жамалдың сөзге, адамға, елге деген құрметі де қалыптасты.
1951 жылдың 30 мамырында Шиелі кентінде дүниеге келген ол 1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын француз тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын №152 Жөлек орта мектебінен бастап, кейін аудандық комсомол комитетінде қызмет атқарды. «Жаңатұрмыс» қазіргі Байсын ауылындағы №207 сегізжылдық мектепті басқарды.
Кейін Алматы қаласында Калинин аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық «Білім» қоғамында жауапты хатшы болып еңбек етті. Тәуелсіздік жылдарында Бостандық аудандық әкімдігінде қызмет атқарып, ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болды. Қызметі мен ортасы өзгергенімен, жұмысына деген жауапкершілігі мен адамдармен тіл табыса білетін мінезі өзгерген жоқ.
Отбасы оның өміріндегі ең үлкен жауапкершіліктің бірі болды. Жолдасы Сыйлық Арзымбетұлымен бірге Дәулет пен Мәншүктің тәрбиесіне көңіл бөлді. Жолдасынан ерте айырылғаннан кейін бар күшін балаларының болашағына арнады. Олардың білім алып, өз жолын табуына қолдау көрсетті.
Балалары ержетіп, немере сүйген шағында мейірімі немерелеріне ауысты. Ертегі айтып, ақылын беріп, әр қуанышына ортақтасты. Отбасындағы тәрбие мен үлкеннің сөзін кейінгі ұрпаққа жеткізді.
2026 жылдың 19 тамызында Жамал Сейтқасымқызы дүниеден өтті. Артында балалары, немерелері, туған-туыстары, бірге қызмет еткен әріптестері қалды. Енді әрқайсысы оны өзіне жақын бір қырымен еске алады: бірі – ақылын, бірі – қамқорлығын, енді бірі қарапайым әңгімесін. Ал бәріне ортақ естелік – адамға деген жылылығы.
Дархан Қыдырбекұлы,
Шиелі ауданының соты
Шиелі ауданының соты







