Даланың тамырына нәр берген еңбек
Сыр бойындағы елдің тұрмыс-тіршілігін дариядан, ал дарияның қадірін егіннен бөле қарау мүмкін емес. Әсіресе Шиелі секілді күрішті өңір үшін су – табиғаттың сыйы ғана емес, маңдай термен астасқан берекенің бастауы. Арнадан ажыраған бір тамшының өзі далаға жетпей қалса, оның салмағын диқан жақсы біледі. Ал судың жолын тауып, егістікке дер кезінде жеткізу – кәсіби біліктілікпен бірге үлкен жауапкершілікті талап ететін шаруа. Осы бір күрделі істің ыстығына күйіп, суығына тоңып, ғұмырын Шиелінің су шаруашылығына арнаған азаматтың бірі – Пернебай Егенов.Кей адамның өмір жолын тағдыр деп қабылдайсыз. Ал кейбір ғұмырдың өн бойынан туған өлкенің тынысын, белгілі бір саланың қалыптасу кезеңдерін аңғаруға болады. Пернебай Егеновтің еңбек жолы да сондай. Оның өмірбаянындағы жылдар мен қызмет атауларының ар жағында Шиелінің суармалы алқаптарын игеру, күріш шаруашылығын өркендету, мамандар даярлау, өндірістік жүйені қалыптастыру секілді ауқымды жұмыстар жатыр.
Пернебай Егенұлы 1948 жылы №45 Шиелі қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 1958 жылы осы білім ордасын тәмамдады. Мектептен кейін мамандық таңдаған жас жігіттің назары елге аса қажет салаға түсті. 1958-1961 жылдары Қызылорда су шаруашылығы техникумында оқып, инженер-техник мамандығын алды. Ол кезде су шаруашылығы бүгінгідей техникалық мүмкіндігі мол, технологиясы жетілген сала емес еді. Судың есебін білу, арнаның жағдайын бағамдау, гидротехникалық нысандарды дұрыс жоспарлау – барлығы да терең білім мен тиянақты тәжірибені қажет ететін.
Жас маман алғашқы еңбек жолын 1962 жылы Көкшетаудағы су құрылыстарын жобалау мекемесінде инженер-техник болып бастады. Туған жерден алыста жүріп жинаған тәжірибе оның кәсіби көкжиегін кеңейтті. Бір жылдан соң елге оралып, 1963-1964 жылдары Шиелі ауданындағы М.Ломоносов атындағы мектепте өндірістік пән мұғалімі болып еңбек етті. Инженерлік бағытта білім алған азаматтың ұстаздық қызметке келуі де кездейсоқ таңдау болмаса керек. Кейінгі жылдары талай жас маманға бағыт-бағдар берген Пернекеңнің тәлімгерлік қырының алғашқы нышаны осы тұстан байқалады.
Алайда ізденіс жолындағы азамат үшін алған білімін толықтырудың жөні бөлек. 1964 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына түсіп, 1969 жылы инженер-гидротехник мамандығын алып шықты. Осылайша теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырған білікті маман туған өңірдің су жүйесіне қызмет етуге біржола бет бұрды.
1970 жылы Шиелі аудандық су шаруашылығы мекемесінде бас инженер қызметіне кірісті. Бұл жылдар оның кәсіби шеберлігімен қатар, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан кезең болды. Ал 1977 жылдан 1998 жылдың соңына дейін аудандық су шаруашылығы мекемесін басқарды. Жиырма жылдан астам уақыт осы саламен бірге тыныстады. Осы аралықта Шиелінің су шаруашылығы да талай өзгерісті бастан өткерді.
Ол жылдары ауданның ауыл шаруашылығы қарқын алып, күріш алқаптарының аумағы кеңейді. Мыңдаған гектар жер инженерлік жүйеге көшіріліп, егістікті сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Күріш алқабының көлемі 14-15 мың гектарға дейін жетті. Қазір бұл көрсеткішті жай ғана сан ретінде қабылдау оңай. Ал оның астарында қаншама еңбек, ұйымдастыру, қаншама жауапкершілік жатқанын сол кезеңді көзімен көргендер жақсы біледі.
Судың бір арнадан екінші арнаға жетуі қағаз жүзіндегі жоспармен бітпейді. Арнаның жағдайын бақылау, су бөлу тәртібін сақтау, техниканың дайындығын қамтамасыз ету, егістікке қажетті мөлшерді дер кезінде жеткізу – бәрі бір-бірімен сабақтас. Бір буындағы кемшілік келесі кезеңге әсер етеді.
Пернекең осы жауапкершілікті жиырма жылдан астам уақыт арқалады. Оның басшылығымен атқарылған жұмыстар Шиелі жерінің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосты. Бірақ оның еңбегінің мәнін тек игерілген алқаптың көлемімен немесе өндірістік көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз.
Адамның артында қалатын ең қымбат мұраның бірі – өзі үйреткен шәкірттері. Пернебай Егенов басқарған кезеңде Шиелі су шаруашылығы саласында талай жас маман кәсіби жолын бастады. Ж.Қоңқаев, М.Сәрсенбаев, Т.Жорабеков, Ә.Сейітов, С.Ибаділдаев, М.Қалышев секілді азаматтар кейін осы саланың ардагерлеріне айналды. Ал бүгін мен және орынбасарым Н.Мырзабеков ұстазымыздың мол тәжірибесін өз қызметімізде пайдаға жаратып келеміз.
Бұл жерде бір маңызды мәселе бар. Басшының беделі қызметтік лауазымымен өлшенбейді. Нағыз жетекшінің салмағы өзінен кейінгі буынның қандай маман болып қалыптасқанынан көрінеді.
Су мамандығы сырт көзге техникалық кәсіп болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, оның табиғатында үлкен жауапкершілік жатыр. Мұнда ұқыптылық, есеп, сабыр керек. Ең бастысы, атқарылған істің нәтижесі бір адамның емес, елдің несібесіне айналатынын сезіну қажет. Пернекеңнің кәсіби болмысынан осы қасиеттердің бәрі аңғарылады.
Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Пернекең КСРО және Қазақстанның су шаруашылығы министрліктерінің бірнеше Құрмет грамотасымен марапатталды. 1982 жылы «Еңбектегі үздік» медаліне ие болды. 1995 жылы Қызылорда облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы табысталды. 2019 жылы «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2024 жылы Шиелі аудандық мәслихатының шешімімен оған Шиелі ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Ғұмырдың бір қыры – қызмет болса, екінші қыры – отбасы. Пернебай Егенұлы жұбайы Құралай Жәлімбетова екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Нұржан экономика саласында еңбек етсе, қызы Лаура дәрігер атанып, медицина ғылымының кандидаты, доцент дәрежесіне дейін көтерілді. Әкенің кәсіби жолы су шаруашылығымен сабақтасса, перзенттерінің таңдауы басқа салаларға тоғысқан. Десек те, әке перзенттерін адал еңбек пен білімге ұмтылуға баулыды.
Кейде адам туралы оның қызметін тізіп айтып та көп нәрсе жеткізе алмайсыз. Себебі адамның шын болмысы атқарған лауазымынан биік тұрады. Пернекеңнің өміріне көз салғанда да осыны аңғарамыз. Оның есім-сойы аудан тарихында мәңгі сақталып қалары анық. Ал болмыс бітімі өзі тәрбиелеген шәкірттерінің санасында жаңғырып тұр. Біз өз ісіне деген адалдықты Пернекеңнен үйрендік. Ол артында өшпес еңбектің ізін қалдырып кетті.
Дихан Әубәкіров,
«Шиелісушар» өндірістік учаске басшысы
«Шиелісушар» өндірістік учаске басшысы






