Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік үштіктен көрінген қожалық

Үздік үштіктен көрінген қожалық

«Еңбек – бәрін де жеңбек». расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. «Диқан жерін анасындай сүйеді, Жер диқанға баласындай иеді» деген таныс тәмсіл ауылын көркейтіп, әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын тіктеп, шаруасын шалқытып, ағайынға қол ұшын созып, ел игілігі жолында елеулі қызметтер атқарып жүрген азаматтың бірі – ­Пернебай Күзенбаевқа арналып айтылғандай.
Абай атамыз даналық сөзінде «Егіннің ебін тауып, жан аямай кәсіп қыл» деп өсиет айтқан. Талаптан ауылынан ел даңқын асырған еңбекқор, өнегелі азамат, елге белгілі «Маржан» күріш сортын өсіріп-өндірген Құрманбек Бәкіров сынды азамат шыққан. Осындай еңбек адамының жолын жалғап, ауылдың күншығыс беткейін ақ күрішке жайнатқан азаматтардың бірі «Бала би 2004» өндірістік кооперативінің төрағасы Пернебай Күзенбаев десек артық айтқанымыз емес. Кейіпкеріміз бала жастан еңбекке ерте араласып, үлкен жетістіктерге ұмтылды. Сөйтіп Алматыда жүрген жерінен туған өлкесіне келіп, тұралап қалған серіктестіктің жұмысын алға бастырып, күрішін де, ырысын да молайтуға атсалысты. Нәтижесінде бос жатқан алқапты қызу еңбекпен қарқын алған аймаққа айналдырып, еңбектің қазанын қайнатты.
«Егіннің жайын еккен білер» дегендей егінжайдағы ахуалды бізге өндірістік кооперативтің төрағасы Пернебай Күзенбаев айтып берді. Ол еңбек қана бақытқа жетелеп, биікке шығаратынын үнемі қаперде ұстайды. «Бала би-2004» кооперативі 2004 жылы құрылған. Қожалықта 25 адам еңбек етеді. Қазіргі кезде егістікке қажетті 5 – трактор, 2 – жүк көлігі, 4 – комбайн техникалары егістік науқанынына сақадай дайын. Ерте көктемнен іске кіріскен диқандар осылайша мол өнім тыңайған жерден алынатынын жақсы біледі. Сондай-ақ дала кемесі саналатын комбайнды тізгіндейтін механизаторлар ­Рахымжан Спабеков, Досбол Әміржаев, Нұрхат Қорғанбеков шаруашылық жұмысын жандандырып, тірлікті алға бастырып жүр. Олар техниканың қауіпсіздігін бас­ты назарға алып, ұқыпты қарайды. Ал әр дақылдың судан қалмауына қарайлап жүрген Құрманәлі ­Алшынбаев, ­Шамшиддин Нұрғали, Бақыт Қалтаев сынды күрішшілер еңбекке етене жақындар.
«Пайдалана білгенге – жер жомарт». «Бала би-2004» өндірістік кооператив төрағасы Пернебай Алтынбайұлы 2020 жылы ырыс артық, егін бітік шығып, мол өнім алды. Тағыда 1000 түп алма, 3000 түп жүзім еккен. Сонымен бірге экскаватор арқылы 55 шақырым жерді қазып, суды өздігінен келетіндей етіп жасаған. Алдағы көктемде мамандар 50 га жерді қамыс пен қара шеңгелден тазартуға кірісетінін білдік. Осының барлығы істің көзін тауып, жер-анадан нәсібін теруге ниеттенген Пернебай Күзенбаевтың ұшан-теңіз еңбегі. Дегенмен егін орналастыратын жерге күтім керек. Осы көктемде 200 га жерге күріш, 100 га жаздық бидай, 100 га жоңышқа, одан бөлек бау-бақша, картоп, қияр өнімдерін егуді көздеп отыр. Бүгінгі кейіпкеріміз тек іскер азамат қана емес меценат екенін де еске сала кетейік. Ол ауыл тұрғындарының қажетін шамалап, қолдан келгенше көмек жасап келеді. Ауылдағы кейбір ағайынның ауыр хәлін өзінікіндей көріп, қол ұшын созудан бейтарап қалмайтын азаматтарды ел-жұртқа көрсетіп, насихаттап отырудың еш артықтығы жоқ деп есептейміз. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, шаруашылық басшысы өнімнің бір бөлігін тыл ардагерлері мен қазыналы қарттарға және тұрмысы төмен отбасыларға, ауыл халқының тең жартысына үлестіріп келеді. Қашанда шынайы ниетпен жасалған игі істер ізгілікке үндейді. Сауапты молайтады. Қай кездеде ауыл халқының тілегі мен үлкендер батасынан серпін алатын ол әрдайым көмекке мұқтаж жандардың қасынан табылуға даяр тұратын, ауыл жағдайын жан-тәнімен ұғатын еңбекқор, ақ жүректі азамат. Мәселен бүгінгі кейіпкеріміз кешегі пандемияға қарамастан 2020 жылы , күріш өнімдерін жинаудан аудан бойынша үздік үштіктен көрінді.
Әрине «Сүйіп істеген іс шаршатпайды» деген сөздің байыбына барсақ әр кезде адам өзі қалаған кәсіпті игерсе қор болмайтынын дәлелдейді. Талаптандықтар еңбектің қазанын қайнатқан Пернебайдай азаматын көпке үлгі қылып, сол кісімен мақтанады. Бүгінде кәсіпкер адал нәпақасын табуып үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

Шапағат Тілеубаев
09 ақпан 2021 ж. 398 0