Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮБІРТЕКТЕГІ ТҮЙТКІЛ: ӘР ТЕҢГЕНІҢ СҰРАУЫ БАР

ТҮБІРТЕКТЕГІ ТҮЙТКІЛ: ӘР ТЕҢГЕНІҢ СҰРАУЫ БАР

Қоғамда кей мәселе үнсіз қалсаң, өрши береді. Ал уақытында түсіндірілмеген дүние жұрттың күдігін көбейтеді. Әсіресе халықтың қалтасына тікелей әсер ететін есеп-қисапқа келгенде, әр теңгенің сұрауы бар.
Соңғы айларда Шиеліде коммуналдық төлем жайы сөз болса, әңгіменің соңы электр энергиясына келіп тіреледі. Бұқараның бір бөлігі бұрынғыдан көп төлеп жүргенін айтып, түбіртектегі соманың күрт өскеніне алаңдаулы. Енді бірі жаңа жылдан бастап енгізілген Бірыңғай төлем құжатына түсінбей отыр. Бір үйге екі түрлі түбіртек келген жағдайлар да тұрғындардың «қайсысын төлеймін?» деген ­сауалын көбейтті. Мәселе қарапайым көрінгенімен, оның жауабы бірнеше жайтқа байланысты.
Ең бастысы – электр энергиясының төлемі тұтынған көлемге қарай есептеледі. Ал Бірыңғай төлем құжаты сол есепті өзгертіп немесе тарифті өздігінен белгілеп отырған жоқ. Ендеше, тұрғындардың төлемі неге көбейіп кетті? Жаңа түбіртектің мәні неде? Қарыз қайдан пайда болады? Осы сауалдардың жауабын ретімен тарқатайық.

ТАРИФТІ КІМ БЕЛГІЛЕЙДІ?
Бұл – көпшілік шатастырып жүрген мәселенің бірі. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап Қызылорда облысында коммуналдық қызметтердің төлемі Бірыңғай төлем құжатына біріктіріле бастады. Жүйенің операторы ретінде «АЛСЕКО» АҚ белгіленді. Алайда «АЛСЕКО» коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді. Мысалы, тұрғынның электр энергиясына төлейтін сомасын «АЛСЕКО» өз қалауынша есептеп отырған жоқ. Электр энергиясының нақты есебін сол қызметті көрсететін кәсіпорын жүргізеді. Су, жылу, кәріз немесе қоқыс шығару қызметтерінің есебі де тиісті кәсіпорындардың өз құзыретінде.
«АЛСЕКО»-ның міндеті – сол кәсіпорындардан түскен мәліметтерді бір ақпараттық жүйеге жинақтап, тұрғынға бір Бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Сондықтан түбіртектегі электр энергиясының сомасына күмән туған жағдайда мәселенің мәнісін электр энергиясын жеткізуші мекемеден анықтау қажет. Бұл жерде «АЛСЕКО неге ақшаны көбейтті?» дегеннен гөрі, «менің электр энергиясы бойынша есебім қалай шығарылды?» деген сұрақ дұрыс қойылады.

ЕНДЕШЕ, ЖАРЫҚТЫҢ АҚШАСЫ НЕГЕ КӨБЕЙДІ?
Жауаптың бір ұшы – тұтыну көлемінде. Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаиннің мәліметінше, биыл жаз айларында облыста электр энергиясын тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. Маусым айында облыс бойынша 104 млн кВт/сағат электр энергиясы тұтынылса, шілдеде бұл көрсеткіш 121 млн кВт/сағатқа жеткен. Тамыз айында тұтыну көлемі 116,5 млн кВт/сағат болған.
Бұл нені білдіреді? Жаздың ыстығында кондиционер, желдеткіш және басқа да электр құрылғылары ұзақ уақыт жұмыс істейді. Соның нәтижесінде үй шаруашылығында жұмсалатын электр энергиясының көлемі артады. Ал есептің қарапайым қағидасы бар. Көп тұтынсаң – көп төлейсің, аз тұтынсаң – аз төлейсің. Сондықтан бір айдағы төлемнің екінші айдан жоғары болуы өздігінен тариф өсті дегенді білдірмейді. Бірақ тұрғын үшін бұл жерде бір маңызды нәрсе бар. Оның қанша электр энергиясын тұтынғаны нақты көрсетілуі керек.
«Бұрынғыдан екі есе көп төлеп жүрмін» деген тұрғын не істеуі керек? Мұндай жағдайда бірден жаңа жүйені немесе қызмет көрсетушіні кінәлаудың қажеті жоқ. Алдымен нақты есепті тексерген жөн. Мәселен, түбіртекті қолға алған тұрғын төрт нәрсеге назар аударуы керек. Біріншісі – есептегіштің алдыңғы көрсеткіші. Екіншісі – қазіргі көрсеткіш. Үшіншісі – екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылық, яғни нақты тұтынылған кВт/сағат. Төртіншісі – төлемге шығарылған сома. Егер осы мәліметтердің арасында сәйкессіздік болса, онда мәселені нақтылау қажет.
Мысалы, есептегіште тұтыну көлемі бұрынғы аймен салыстырғанда өзгермегенімен, түбіртектегі сома күрт өссе, тұрғын мұны қызмет көрсетуші мекемеден тексерте алады. Ал егер есептегіштің көрсеткіші шынымен айтарлықтай өскен болса, төлемнің де соған сәйкес көтерілуі түсінікті. Яғни «төлем неге өсті?» деген сұрақтың нақты жауабы түбіртектегі және есептегіштегі көрсеткіштерді салыстырудан басталады.
Ал бір үйге екі түбіртек не үшін келді? Тұрғындардың түсінбей жүрген екінші мәселесі – осы. Бірыңғай төлем құжатына көшу бір күнде жүзеге асқан жоқ. Жаңа жүйе енгізілген алғашқы кезеңде қағаз түбіртектер де берілді. Электронды форматқа көшу біртіндеп жүргізілді. Халықтың жаңа жүйеге бейімделуіне байланысты қағаз төлем құжатын жеткізу мерзімі де ұзартылды. Алғашында үш айға жоспарланған жұмыс маусым айына дейін жалғасты. Сондықтан өтпелі кезеңде бұрынғы және жаңа жүйеге қатысты құжаттардың қатар көрінуі тұрғындардың түсініспеушілігін туғызуы мүмкін. Бірақ тұрғын екі түбіртек алған жағдайда екеуін де асығыс төлей салмауы керек. Алдымен олардың қай кезеңге қатысты екенін, қайсысында нақты төленуге тиіс сома көрсетілгенін анықтап алған жөн. Төлем тарихын тексеру де маңызды.
Осы жерде жаңа жүйенің бір мүмкіндігі бар. «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы арқылы тұрғын Бірыңғай төлем құжатын, төлемдер тарихын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің байланыс деректерін көре алады. Яғни күмән туған жағдайда түбіртекті сақтап, бұрынғы төлеммен салыстырып, нақтылауға мүмкіндік бар.
«Қарызым көбейіп кетті» деген мәселе ше?
Бұл да тұрғындар арасында жиі айтылып жүр. Бірақ мұнда да нақты жағдайды жеке-жеке қарау керек. Жаңа жүйеге көшу кезінде бұрынғы деректерді жаңа ақпараттық жүйеге енгізу, тұтынушының мекенжай мәліметтерін сәйкестендіру, төлемдердің жүйеге түсуі және есептердің жаңартылуы сияқты жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан тұрғын жаңа жүйеде қарыз сомасының өзгергенін байқаса, оның қай кезеңге және қай қызметке қатысты екенін анықтауы қажет.

Тұрғын қайда жүгінуі керек?
Осы сауалдың жауабы да маңызды. Егер мәселе электр энергиясының есептелуіне қатысты болса, электр энергиясын көрсететін қызметті жеткізуші мекемеге жүгіну керек. Егер суға қатысты есеп күмәнді болса, су қызметін көрсететін кәсіпорынға. Жылу бойынша тиісті жылу беруші мекемеге. Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті – осы қызметтердің есептерін бірыңғай құжатқа біріктіріп көрсету. Яғни тұрғынның мәселесі қай қызметке қатысты болса, сол қызметтің нақты есептеушісіне барғаны тиімді. Әрі уақытты да үнемдейді.
Электр энергиясына төлемді қалай бақылауға болады? Мұнда тұрғынның өз қолында бірнеше қарапайым мүмкіндік бар. Әуелі есептегіш көрсеткішін ай сайын белгілеп отырған жөн. Телефонға суретке түсіріп қоюдың өзі жеткілікті. Одан кейін түбіртектегі көрсеткішпен салыстыру қажет. Егер айырмашылық болса, оны бірден анықтаған дұрыс. Бұған қоса банк қосымшасындағы төлем тарихын өшірмей сақтау керек. Өйткені кейін қандай да бір қарызға қатысты мәселе туындаса, бұрын жасалған төлемнің дәлелі қажет болуы мүмкін. Қызмет көрсетуші мекеме есепті дұрыс жүргізуге міндетті болса, тұтынушы да есептегіш көрсеткішін бақылап, төлемін уақытында жасауға мүдделі.
Жаңа жүйе толықтай электронды форматқа көшіп жатқанымен, бұл қағазбен немесе дәстүрлі тәсілмен төлем жасайтын тұрғындардың мүмкіндігі шектелді деген сөз емес. Электр энергиясының төлемін «Қазпошта» бөлімшелері, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері мен терминалдары арқылы жасауға болады. Сондай-ақ Kaspi Bank, Halyk Bank, ForteBank, Банк ЦентрКредит және басқа да банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Яғни мәселе төлем жасау мүмкіндігінің жоқтығында емес. Мәселе сол төлемнің есебін түсінуде.

Бірыңғай құжаттың пайдасы
Бірнеше коммуналдық қызметті бір құжатқа біріктірудің негізгі мақсаты – тұрғынның уақытын үнемдеу. Бұрын әр қызмет бойынша бөлек есеп жүргізілсе, енді бәрін бір жерден көруге мүмкіндік бар. Қазір облыстағы тұтынушылардың 80 пайыздан астамы коммуналдық төлемдерін электронды Бірыңғай төлем құжаты арқылы жасап отыр. Демек, тұрғындардың басым бөлігі жаңа жүйеге көшіп үлгерді. Ендігі міндет – жүйені одан әрі жетілдіру. Төлем құжаттарын ай ішінде жаңартып отыру, коммуналдық қызметтер бойынша тікелей төлемдерді Бірыңғай төлем құжатына кезең-кезеңімен көшіру, тұрғындардың мекенжай деректерін біріздендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде түбіртектегі ақпарат та барынша нақтылана түсуі тиіс.

ТҮЙІН
Бүгін Шиелі тұрғындарын алаңдатып отырған мәселені бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес. Электр энергиясына төлемнің өсуіне ең алдымен тұтыну көлемінің артуы әсер етуі мүмкін. Бұған биылғы жаздағы облыстық электр энергиясын тұтыну көрсеткіштері де дәлел.
Ал Бірыңғай төлем құжатының енгізілуі – тарифті өздігінен көтеретін тетік емес. «АЛСЕКО» коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді, әр қызметтің есебін тиісті кәсіпорындар жүргізеді. Сондықтан тұрғын үшін ең дұрыс жол – түбіртекке қарап ренжу емес, түбіртектегі есепті тексеру. Бір түбіртек келгені жақсы. Бірақ сол бір түбіртектің әр жолы тұрғынға түсінікті болғаны одан да жақсы.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
14 қыркүйек 2026 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930