Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Жыл басынан бері «Шиелі жарығы» мекемесінің ғимаратында орналасқан төлем кассаларына қашан барсаңыз да, ұзынсонар кезекті көресіз. Бірнеше жылдың көлемінде тұтынатын электр энергиясы мен «көгілдір отынға» мобильді қосымшалар арқылы үйден шықпай төлейтін мүмкіндік пайда болды. Арасында «Шиелі жарығының», газ мекемесінің менеджерлеріне барып қарызымыз жайлы мағлұмат алып тұрғанымыз болмаса, кассаның қызметіне жүгінуді азайттық. Бұл – ыңғайлы формат. Өйткені алтын уақытың үнемделеді, тек телефоныңызды бөтен біреуге ұстатып, қаптап кеткен алаяқтардың құрбаны болмасаңыз болды. Ал қазір кассалардың алдындағы бұрын-соңды болмаған кезектің сыры неде?
Былтыр Үкімет Қазақстан бойынша 2025 жылдан бастап электр энергетикасы саласында реформа болатынын бірнеше рет ескертті. Оның басты мақсаты электр энергиясын тасымалдау мен сатуды бір жерге біріктіру. Жоғарыдан келген тапсырманы орындау мақсатында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» электр энергиясы тұтынушыларының назарына мына мәтіндегі хабарлама жіберді. Электр энергетика саласындағы ҚР Заңдылыктарына енгізілген өзгерістер негізінде («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалык актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 8 шілдедегі 121-V КРЗ Қазақстан Республикасының Заңы) энергиямен жабдықтаушы мекеме «Шиелі жарығы» ЖШІС энергиямен жабдықтау бойынша кызметтері 01.01.2025 жылдан бастап тоқтатылды және 01.01.2025 жылдан бастап энергиямен жабдықтау функциясы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ өтеді. Осыған байланысты, 01.01.2025 жылға дейінгі «Шиелі жарығы» ЖШС электр энергиясының тұтынушыларына «КЭТТК» АҚ энергиямен жабдықтау шартын жасасу қажет. Тұрмыстық тұтынушылар үшін энергиямен жабдықтау шарты жариялы болғандықтан (ҚР Азаматтық Кодексінің 387- бабы) келісім-шарт БАҚ арқылы жарияланады. Тұтынушыларға «Шиелі Жарығы» ЖШС қолданыстағы тарифтері қолданылатын болады. Хош делік. Реформалар саланың жұмысын жақсарту үшін жасалса игі. Ал бұл өзгерістен кейін тұтынушылар үшін тариф төмендей ме, электр жүйелерін, жабдықтарын, жаңалау жұмыстары бұдан да қарқынды жүре ме, ең бастысы, энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандардың айлығы көтеріле ме? Бұл сұрақтарға қазір нақты ешкім жауап бере алмайтын сияқты. Сондықтан оны уақыт көрсетеді деп, қоя салғанымыз дұрыс шығар. Абзалы, осы күнгі жағдайды суреттеуге көшейік. Қазір тұтынушылар 1 киловатқа 25 теңге 36 тиын төлеп жүр. Бұндай бағамен бір адамға берілетін лимит – 70 киловаттан аспаса ғана төлейсіз. Бұл шектен ассаңыз 31 теңге 09 тиыннан төлем жасауға дайын болыңыз. Мысалы, сіздің отбасыңызда 6 адам болса, 420 киловатты 25 теңге 36 тиын деген арзандау бағамен төлейсіз. Жаңа жылдан бастап тариф көтерілген жоқ. Былтырғы тамыз айынан бері осындай баға болып тұр. Десе де, «мен көп төлеп қойдым, ақшамды жеп қойды» деген әңгімелерді ара тұра естіп қалатынымыз бар. Жалпы түсінгеніміз, пайдаланған электр энергияыңыздың мөлшерін жиі-жиі тексеріп төлем орталығына белгілі бір уақытта келіп, есептесіп тұру қажет. Бір-екі ай төлемей жүрсеңіз, қарыз көбейіп кетеді де, қалтаға салмақ түседі. Мысалы, біз тілдескен З.Төреханқызы деген кәсіпкер азаматша, кәсіптік нысан үшін 206 мың теңге, тұратын үйіне есептегіш құралы арқылы бір жарым айға 26 мың теңге мобильді қосымша арқылы төлеген. Мекемеге салыстырып тексеруге келгенін, есебі дұрыс екенін тілге тиек етті. Ал кент тұрғыны Н.Әйтімов бізбен әңгімесінде былай деді: – Мобильді қосымшаны пайдалана аламын, бірақ кассаға келіп қолма-қол есептескенді жөн көремін. Ай сайын пайдаланған жарықтың ақысын төлеу үшін осында келемін, есесіне жарыққа қанша қарыз екенімді біліп отырамын. Бір айда шамамен 12 мың төлеймін, – деді. Бір азаматшаның мекемеден бұлқанталқан болып шыққанына да куә болдық. – Светті қымбаттатқан бұлар қосып жазады, 42 мың төледім, – деп ренішін баса алмай тұр. Ол кісінің бұл қанша айда жиналған қарызы, басқа да сұрақтар қою мақсатында сөйлесейік деп едік, «уақытым жоқ сөйлесуге» деп қысқа қайырды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі зейнет жасындағы адамдар. Неге ұялы телефон арқылы төлемейсіздер деген сауалымызға «оны білмейміз, сосын алаяқтарға алданып қаламыз ба деп қорқамыз» деген жауап алдық. Жақсы, жасы үлкен кісілер түсінікті, бірақ кезекте нақты ақша төлейміз деген орта жастағы, тіпті өрімдей жастар бар. Негізі бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Бірі – цифрлық каржылық сауаттылықтың төмендігі, екіншісі – қауіпсіздік мәселесі. Жалпы тек жарыққа ғана емес, газға суға төлемдерді дұрыс, әрі қауіпсіз жүргізу курстарын өткізбесе болмайтын сияқты. Оның жолдары көп-ақ. Грант ұтып алған мемлекеттік емес ұйымдар, бюджеттен бөлінген қаржыға арнайы оқу курстар, болмай бара жатса тұтынушыларға қызмет көрсетіп жатқан мекемелердің қызметкерлері елді мекендерді аралап түсіндірме жұмысын жүргізсе деген ой. Өйткені кассалардың алдында алыс ­ауылдардан келген тұрғындардың қарасы көп. Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» Шиелідегі филиалының басшысы Ғабит Қалқұловқа хабарласқанымызда кезек мәселесінің уақытша екенін айтты. – Бұл кезектер уақытша мәселе. Қазір біз заңды тұлғалармен, кәсіптік нысандармен жаңадан келісім шартқа отырып жатырмыз. Оның үстіне тұрғындар былтырғы қарыздарымен толық есептесіп жатыр. Мобильді қосымшаны да дұрыс пайдалана алмайтын азаматтар баршылық. Сервистік төлем орталығындағы кассалар алдындағы кезектер ақпан айының соныңда азаяды деп ойлаймын. Тұтынушылар кассаға келіп нақты ақшамен есептессе де, мобильді қосымша арқылы төлеймін десе де өз еркі. Енді абонент кітапшасы деген болмайды. Төлемдерді толық цифрландыруға бет бұрып жатырмыз, – деген жауап алдық.
А.БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордыкі
22 ақпан 2025 ж. 50 0