Көшенің сәніне айналған – бөртегүл
Көшенің сәнін кіргізетін не? Әрине, ең алдымен тазалық. Ал тазалыққа көрік қосып, көңілге жылу сыйлайтын – гүл. Гүл өскен аулаға көз тоқтап, көңіл ауатыны да сондықтан. Біреулер үшін гүл егу – жай ғана әуестік болса, енді біреулер үшін ол туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі.Шиелі көшелерінің бірінен өтіп бара жатып, гүлге көмкерілген көрікті ауланы байқасаңыз, ол – Руслан Махмудовтың еңбегінің жемісі. Әсіресе биіктей өсіп, жан-жаққа жайыла өрмелеген бөртегүлдер аулаға ерекше ажар беріп тұр. Қарапайым ғана көшенің бойындағы осындай көрініс еріксіз көңілге қуаныш ұялатады. «Мына гүлдерді кім өсірді екен?» деген қызығушылық та тудырады.
Бұл – Шиелі кентіндегі Абылайхан көшесінің тұрғындары Руслан Махмудов пен Гүлнар Шерәліқызының шаңырағы. Өнегелі отбасы ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан жандар. Салман, Айман есімді ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп, ата-әже атанып отырған отбасы еңбек демалысында болса да, қарап отырған жоқ. Кәсіпкерлікпен айналысып, халыққа қызмет көрсету саласында еңбек етіп келеді.
Русланның табиғатқа, тазалыққа, көркейту жұмыстарына деген қызығушылығы отбасы тәрбиесінен қалыптасқан деуге болады. Әкесі Сеитмамагомед пен анасы Тамара темір жолға қарасты ОРС- НОД мекемесінде абыройлы қызмет атқарған. Олар балаларына адал еңбек етуді, қандай істі қолға алса да жауапкершілікпен қарауды үйретіп өсірген. Сол тәрбиенің жалғасы бүгінде Русланның күнделікті тіршілігінен де көрініс табады.
Ол кәсіпкерлік нысанының алдын жай ғана пайдаланып қоймай, оны елдің көз қуанышына айналдыруды жөн көрген. Алдымен жерді тегістеп, бетон құйып, жаңбыр мен ағын судың дұрыс ағуы үшін арықтар жасаған. Кейін достары арқылы құнарлы топырақ алдырып, гүл егетін орын дайындаған.
Бұл жұмыстың сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында қаншама еңбек жатқанын бағамдау қиын емес. Жер дайындау, топырақ төсеу, гүл егу, суару, күтіп-баптау – бәрі де уақыт пен төзімділікті қажет етеді. Ал өсімдік өздігінен жайқалып кетпейді. Оған күнделікті көңіл бөлу керек. Русланның ауласындағы өрмелегіш бөртегүлдер де сондай еңбектің арқасында бой көтеріп, айналаны ажарландырып тұр. Қабырға мен қоршауға өрмелей өскен гүлдер аулаға өзгеше сән берген. Жайқалған жасыл желек пен түрлі түсті гүлдер сұрғылт көріністі жандандырып, көшенің ажарын ашып тұрғандай. Бір қызығы, мұндай гүлдерге көшеде қараусыз жүрген бейсауат сиырлар да тиісе қоймайды екен.
Қараусыз мал демекші, соңғы уақытта көшелерде бейберекетжүрген малдың азайғаны байқалады. Құзырлы мекеме қызметкерлері көшеде қараусыз жүрген малдарды ұстап, арнайы «айып тұрағына» тоғытып жүргені белгілі. Бұл да – елді мекеннің тазалығы мен тәртібін сақтаудың бір жолы. Дегенмен көшенің көркі тек қараусыз малдың азаюымен немесе тазалық жұмыстарының жүргізілуімен өлшенбейді. Оған әр тұрғынның өз ауласына деген жауапкершілігі де тікелей әсер етеді.
Өкінішке қарай, кентте өз ауласының маңын таза ұстап, гүл егіп, айналасын көркейтуді әдетке айналдырған тұрғындар әлі де аз. Кейбіреулер есігінің алдына гүл екпек түгілі, шөп-шаламнан тазартуға да құлықсыз. Мұндайда «Оны мемлекеттік мекеме қызметкерлері жасайды», «Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар тазалауы керек» деген жансақ пікірлер де айтылып жатады. Бірақ туған жердің тазалығы мен көркіне жауапкершілікпен қарау – тек бір мекеменің немесе белгілі бір адамдардың міндеті емес. Бұл – баршаға ортақ іс.
Әркім өз ауласының алдын тазалап, бір түп гүл ексе, бір тал көшет отырғызса, оның өзі үлкен өзгеріске бастар еді. Бір үйдің алды гүлге оранса, оған көрші үй де қызығады. Көршіге көрші үлгі болады. Осылайша жақсы бастама көшеден көше, ауладан аулаға жалғасуы мүмкін. Руслан Махмудовтың жасап жүрген ісі де – осындай қарапайымнан басталған игілікті бастаманың бір көрінісі. Ол үлкен қаражатты немесе арнайы науқанды күтпей-ақ, өз ауласын өз қолымен көркейтіп отыр. Мұндай азаматтардың ісіне қарап, «Әркім өз ауласын осылай күтсе, Шиеліміз қандай көрікті болар еді?» деген ой келеді.
Шын мәнінде, елді мекеннің ажары бір күнде қалыптаспайды. Ол – әр адамның кішкентай еңбегінен құралады. Бірі ауласын тазалайды, бірі көшет отырғызады, енді бірі гүл егеді. Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін осы істердің барлығы біріге келе тұтас елді мекеннің көркін арттырады. Сондықтан Махмудовтар отбасының өнегесін өзгелер де жалғастырса деген тілек бар. Кәсіпкерлік нысандардың иелері де еңбек етіп, нәпақа тауып отырған орындарының айналасын абаттандырып, гүл егіп, жасыл желекпен көмкерсе, кентіміздің көркі бұрынғыдан да ажарлана түсер еді.
Гүл – тек әсемдік емес. Ол – адамның айналасына деген ықыласының, тазалыққа деген талпынысының, туған жерге деген құрметінің көрінісі. Ал Русланның өрмелегіш бөртегүлдері – осының кішкентай ғана, бірақ көзге көрінетін дәлелі.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі







