Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолмен өрілген өмір жолы

Теміржолмен өрілген өмір жолы

Өзің үшін ойлағаның – ептілігің,
Елің үшін ойлағаның – тектілігің.

        Бала би (Бименбет)

«Алпыста – алты ағаң болсын, жетпісте – жеті інің болсын...» деген сөз қалдырған данагөй баба нені меңзеді екен? Сірә, «алпысында атағы алты қыр аспағанның жетпісінен не қайыр?» дегені. Болмаса, алпысында сүйінері жоқтың, жетпісінде сүйкімі болмайдыға саяды... Әйтеуір, әрқалай пайымдауға болатын осы «аға», «іні» де тура мағынасынан өзгеше жұмбақ мазмұны барға ұқсайды. Мәтіні – жеңіл, мәнісі – зіл, мәйекті сөз. Дүние дидарын көзбен ғана емес, көңіл көкжиегімен танитын сұңғыланың әр сөзіне сыр тұнбаса Бала би шешен болар ма?! Әңгіменің әлқиссасын әріден бастауым тегін емес. Өйткені мен сөз еткелі отырған Темірхан Мәлікұлының өмірбаяны, алған асулары мен бағындырған биіктері, атақ абыройы да осы тағылымды тәмсіл тінімен сабақтасып, үндестік тауып жатады. Темкең – аталы сөзін ардақтап, баталы сөзін салмақтап отырған Бала бидің тікелей ұрпағы. Қазақ қашаннан «тек» деген сөзге айрықша мән берген. Осы ізбен келсек те, сөз құдіретімен алты алашты аузына қаратқан баба даңқына лайықты Темірхан Мәлікұлының да өңірдің қоғамдық өмірінен алған өзіне лайықты орны бар. Еңбегі жанып, абырой арттырған, көптің құрметіне бөленіп жүрген аты бар азамат. Орда бұзар отызында Кеңес өкіметі экономикасының күретамыры темір жол саласында шыңдалып, өмір мектебінен өтті. Ел егемендігін жариялап, қоғамдық сананы нарық билеген қырық жасында теміржол саласының құрамдас бөлігі болатын СМП-510 мекемесінің басшылығы қызметінде. Ердің жасы елуінде жаңа заман үдерісіне ілескен тәуекелмен дербес құрылыс мекемесін жасақтап, тәуекел еткен қадамы құт, сәт сапары оңынан келген табысты кәсіпкер. Облыстық мәслихаттың V және VI шақырылымындағы депутаты. Өңірдегі бірқатар әлеуметтік маңыздағы мәселенің оң шешімін табуға өз өкілеттілігі шеңберінде атсалысқан азаматтық берік ұстаным, мәмілешіл мінез, қауымшыл көзқарасымен елге танылды. Толысқан алпыс жасы – тұлғалық тұрпаттағы аймақтың айтулы азаматтарының алдыңғы қатарында алты алашқа ат оздырған өрісі кеңейген кемел жасы. Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданында дерлік қолтаңбасын қалдырып елдің игілігіне айналған әлеуметтік-мәдени құрылыс нысандары осыған дәлел. Жарияға жар салмайтын қашанғы әдетімен жасаған қайырымдылық шаралары қаншама. Осының ішінде өз қаражаты есебінен салынған ғимараттар мен жоба сметалық құжаттардан тыс қосымша құрылыстар салған он сан жұмыстарын айта бермейді. Соның бірі туған ауданы Шиелі кентіндегі ардагерлер үйі. «Бірмен сыйлас, мыңмен кеңес» дейтін әруақты бабаның рухын оятып, кітабын шығарып, дәстүрге айналған жыл сайынғы халықаралық дәрежедегі спорттық турнирлер өткізіп, ұлы дүрмек ас беріп, дүбірлі бәйге шаптырып жүргені көпшіліктің көп жылдардан бері көзі үйренген өз алдына бөлек ізгі шаралары. Әрине, осының барлығы да өзі басшылық жасайтын құрылыс мекеменің қатал бәсекелестік ортада нарық заңдылықтарына сәйкес ұтымды жұмыс ұйымдастырумен ғана келетін материалдық игіліктер болатыны түсінікті. Облыстың әлеуетінің артып экономикасының дамуына сәулет құрылыс саласы бойынша қосқан үлесі де айтарлықтай. Бірқатар мәдениет пен спорт, білім және денсаулық, әсіресе соңғы жылдары бой түзеген қаланың көпқабатты тұрғын үй кешендері, Сыр халқының ортақ игілігі болатын әлеуметтік маңыздағы нысандар. Сайын даланың сары желімен мың жылдық жырақтан талып жеткен қобыздың қоңыр үні уілдеген Қорқыт қобыз кесенесі аршынды қадам, өрісті өркениетімізді паш ететін орта Азияда теңдесі жоқ, халықаралық дәрежедегі өзгеше композициялық үйлесімдегі эстетикалық-архитектуралық толымды тұғыр. Қызылорда қаласындағы сәулеті келіскен киелі орда 1000 орындық өнер үйінің зәулім ғимараты, туған топырағы Шиелідегі «Руханият орталығы» да осы Темкеңнің аймағымызға әр, өңірімізге сән берген әрқайсысы өз алдына бір сәулет өнерінің туындысы дерлік заманауи ғимараттардың бір парасы ғана. Осыған қарағанда, Темкең сөздің емес, істің адамы. Салқынқанды сабырын серік етіп, байыпты қадам, асықпаған аяңмен жүріп-ақ алған асулары аз емес екен. Қазақстанның құрметті құрылысшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, мемлекеттік дәрежедегі түрлі төсбелгімен марапатталған. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының құрметті азаматы, өрісті өңіріміздің төл перзенті Темірхан Әлімқұлов, арда емген арғымақтай төрт аяғын тең тастаған сұлу желіс, сырбаз қалпымен, ылдидан шауып өрге озған өрелі алпысын артқа тастап, көз жетпес көк жиекті ғұмыр айдынында жүзген кемел жасы мерейлі жетпісінің желкенін көтермек биылғы күз.

Ұшқан ұя
Бәйгеқұм осы әулеттің ежелден бергі құтты қоныс, ата мекені. Би атаның да, оның кенже ұлы Әлімқұлдың да, өзге де ұрпақтарының өсіп-өнген құнарлы топырақ. Құдайсыздар қоқаңдаған Кеңестік кезең, 1928-1930 жылдары ел билеген би әулетіне жататын атасы Әлімқұлдың да мал-мүлкі екі рет (кәмпеске) тәркіленіпті. Бәлелі жерден бой тасалап, бас сауғалаудан басқа амал қалмапты. Таудың қалтарысына, тоғайдың жықпылына жасырып сақтаған азын-аулақ малды айдап, әулет-зәузатымен өзбектің Әнгірен өзені бойын паналаған. 1937-1938 жылдардан кейінгі жылымықта, Қырмызы әжесі, балалары Сейтжан мен Жүсіпназарды, немересі Мәлікті бастап елге оралғанда, атасы Әлімқұл бір ұл, бір қызбен жат жерде қала берген. Бір уыс топырақ та сол жақтан бұйырыпты марқұмдарға. Бұл жақта да тыныш емес. Ұлы Отан соғысы басталған. Екі ұлын бірдей соғысқа берген Қырмызы әже, немересі Мәлікті үй ішінен терең ұра қазып сырт көзден жасырып, «ана жақта қалды» деп бет бақтырмай аман сақтапты. «Қаңғыртып шетте қалған шалым мен балаларымнан тірілей айырып, елге оралған екеуін соғысқа алған өкіметіңнің енді менде ақысы жоқ, бермеймін немеремді!» деп кебежемен бастырған ұраның үстінде ұршығын үйіріп тапжылмай күзетіпті. Бидің келіні болатын адуын кемпірден қаймығатын өзгелер де алыстан айналып, қашық жүріпті. Осы Мәлігі жұмыс бабымен Тартоғайға көшіп дүкен ұстағанда қартайған әжесі Қырмызы қолында екен. Сол жылы қыс, жас келіннің шұбарланып торлаған кескініне көз салып отырып «Келін, шырағым, осы жылы Сұлтаныма серік - қара ұл туасың, атын Темірхан қоясыңдар» деп айтып отырады екен жарықтық. Артынша, аз күн ауырып төсек тартқан қарт ана, ақпанның аязды қысқа күні еңкейген апақ-сапақта, «беу, дүние-ай...» дегенді сыбырлай айтып бақиға көшіп кете барған. Аузы құр тегін кісі емес екен, айтқанындай-ақ сол 1956 жылдың күзінде Мәлік көкпаршының отбасында жаңа дәуірдің жаршысындай болып, маңдайы шоқпардай ұл келді дүниеге.
Темірхан 4 жасқа толатын 1960 жылы күзде Жүсіпназар көкесі екі отбасына лайықтап кеңейтіп қайта тұрғызған 14 бөлмелі үйге көшіп келеді. Өз қарауында болатын Сейітназар көкесінің жесірі Қатшаның тәрбиесіне берген екі баласымен барлығы үлкен аға Жүсекеңнің қарауына өтеді. Бар билік сол кісіде. Не ішіп, не кию, қай бала қайда барып оқиды, тіпті қай атадан келін түсіру, қай әулетке қыз ұзату бәрі, бәрі де сол кісінің құзырында болатын ынтымақты әулеттің ырысы ортаймапты. Би әулетіне тән дағды-дәстүрді берік ұстанған тағылым-тәртіптен бір ғана мысал. Соғыс жесірі болатын 30-ға да толмаған осы Қатша апаға әулеттің үлкендері «обалыңа қалмайық, әлі де ұрпақ өрбітер жастасың» деп ризашылық рұқсатын бермей ме? Сондағы жас жесірдің айтқаны: «Аяғыммен кірген атам шаңырағынан арқаммен шығамын!» деген бір-ақ ауыз сөз болыпты. Қарапайым қазақ әйелінің сабырын серік еткен «құдай салды – мен көндім» дейтін тәуекел-тәубасына қалай тәнті болмасқа?! Міне, осындай отбасылық ортада өсіп келе жатқан бала Темірхан теміржолға қарасты №401 аралас орыс-қазақ орта мектебінде оқыды. «Сабақты жақсы оқыдым, әсіресе математика, физика пәндеріне ықыласым ауды» – дейді өзі.
– Сабақтан келісімен аяғымды шешіп, жүрек жалғамастан терезенің алдына отыра қалып есебімді шығарып, жазуымды жазып, үй тапсырмасын орындап қоямын. Осылай дағдылануға мәжбүрмін. Өйтпесем, ымырт үйірілген кешкілік үйде жағылатын екі ондық керосин шамның біреуін газет қарайтын әкем еншілеп, екіншісін айнала алқа-қотан отыра қалып сабаққа дайындалатын өзімнен үлкен аға-апаларымнан орын тимейді. Иықтап шетке шығарып жібереді. Ертеңгілік олар мектепке кеткенде, түске дейін бір қайталап, тап-тұйнақтай әзірлікпен барамын сабаққа. 1 сыныптан бергі старостамын, үй шаруасына да, ойынға да уақыт табамын. Біздің үйдегі бұлжымайтын тәртібі осындай.
Әкем аңқұмар кісі. Мал қорада бір-екі мініс ат тұрады кісінеп. Аракідік қолы босағанда, екі аттың жуастау бірін ерттеп мінгізіп, өзімен бірге ертіп шығатыны бар. Бұл күн мен үшін нағыз мереке! Көрсін дейді ме екен, әлде ол-пұлына септескен көмегім қажет. Екеуден артық алмайды бірақ «ашыққаннан құныққан жаман, даланың тағысына обал жасамайық, балам» дейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін бұл да тәрбие шығар. Ауылдың ұзап шығып бұйрат-бұйрат құмдар асқандағы көрінісі керемет! Кеудеге жел бітіп, тақымым қызып тасырлатып тақырдан шауып өткім келіп, желпініп келе жатқанымды сезе қояды әкем. Болмайды дегендей қолын көтеріп белгі береді. Бөкен деген мақұлықтың үп еткен желден иіс алатын асқан сезімтал, саққұлақ болатынын айтады сосын. Су жағалап келіп, ұрымтал тұстан жасырынып отырып бірінші құлатқан киікті бауыздаған соңғы іш майға орап, шоққа қақтаған бауырдың дәмі әлі ауыздан кетпейді. Есейген кезде, аңға шыққандағы олжадан, көргенімді істеп ­бауыр турап шоқ үрлеймін. Бұрыштап, тұздап неше түрлі дәмдеуіштер қосқаныммен еш көңілдегідей шықпайды. Әкенің жанында құлдыраңдап отырып үзіп-жұлып жеген шикілі-пісілі қара күйелештің дәміндей қайдан болсын?!

Талаптың мініп тұлпарын
– Балам, мектепті аяқтадың, жігіт болдың деген осы. Аталарымыз «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, қой бағып көтен жеген озар» деген: Ата кәсібіміз мал маманы болсаң көштен қалмайсың. Самарханға алып барам, сөйлесіп қойдым, – дейді Жүсіпназар көкесі. Қалауың не, қайда барып оқығың келеді деп сұрамайды. Бұл – көкенің қалауы. Айтты – бітті, кесті – үзілді. Көкесі тегі бір болатын немере бауыры Шәріпханға қарағанда өзіне көбірек үміт артатын сыңайда. Мектепте жақсы оқығанын айтып, үйіне жатқызып делдалдық жасап жүрген таныс өзбегіне қайта-қайта тапсырады. Бірақ Темірханға Самарханның ауыл шаруашылығы институтын оқу бұйырмапты. Химиядан емтихан алған мұғалім өзбекше жауап бер дейді қитығып. Қазақшасына басын шайқайды. Орысша берген жауабына ұқпаған сыңай танытып «не сдал» деп қонжитып қол қойып, құжаттарын алып қалыпты. Алланың қалауы басқа екен. Күмәнді Шәріпхан оқуға түсіп, үмітті Темірхан ауылға қайтады. Келер жазға дейін 5 айлық курс оқып, тағы бір 4-5 ай шопыр болып жұмыс істейді. Жаз келді, оқуға барғысы келеді. Әкесіне айтса, «әскерге барып келесің ғой...» деген көңілсіздеу бірдеңені көңірсітеді. Тағы да сол көкесі мәселені шешетін. «Көке, оқуға барам» дейді. Өткен жылғы өкініші бар екен іште сақтаған. Әкесіне «Сандалмай, қаражатын тауып бер» депті. Көкенің айтқаны – заң, араға апта салып жолға шығады. Бұл жолы да жалғыз емес, жиен, жамағайын болып келетін тағы екі баланы қосақтап Алматыдағы қайынжұртының үйіне түседі көкесі. Бір жоғарғы оқу орнында беделді қызметі бар Пәтташ құда талапкерлерден келген бойда сұрақ-жауап алып, есеп шығартады. Әскерден келген жасы үлкендеу болатын ана екеуіне көбірек көңіл бөліп, өзіне суықтау қарапты. Және онысын жасырмайды. «Жүсеке, мына екеуі оқуға түсер-ау, ал мынауыңды қайдам?..» дейтін көрінеді. Құданың қалауы емес, Құдайдың қалауы болып тұрған сәтімен Темірхан Алматының темір жол институтына (1976 жылдан дербес Алматы инженерлік транспорт институты) өз күшімен оқуға түсіп, оны 1980 жылы үздік аяқтап шығады. Диплом алған соң үйіне жатқызған Пәтекең үйіне алғысын бәлдірмекке сол кезгі үрдіс коньяк, шоколадын алып сәлем сауқатымен соғады ғой. Оймақтай ыдысынан баппен жұтатын Пәтекең баяғы айтқан сөздері есіне түсіп: «Сен бәтшағар, осыған дейін бір соқпадың, қателескен екенмін. Көресіні ана екеуінен көрдім ғой, 5 жыл мұрындарынан сүйреп зорға бітірттім» деп ағынан жарылыпты.

Өмір мектебі
Инженер құрылысшы мамандығы бойынша (инженер строитель промышленно-гражданских объектов) жоғарғы білім алған жас маман сол кездегі үрдіспен Ақтөбе қаласына жолдама алады. Трест басшылығы мен кадр бөліміндегілер, ту-у сонау шалғайдағы Шалқарға сілтейді. Мұның барғысы жоқ. Соңғы курста үйленіп, бір балалы болған кезі, үй-жай керек дегендей. Көп ойланбастан ауылға қайтып келіп ПМК-47 құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасады. Енді үйренісе бастаған жаңа жыл қарсаңында Ақтөбедегі трестің кадр бөлімі, институт арқылы іздеу салып, прокуратураға ресми шақырту алады. Сөз қысқа: – Кеңес өкіметі тегін оқытты. Жоғары білім берді. Балтай-шалтайыңды білмеймін, 24 сағатта ізіңді суыт! Осымен сөз тәмам. Көп ұлтты темір жол саласының Сталин заманынан бері қалыптасқан қатаң тәртібі әлі күшінде екен. Өктем бұйрыққа бағынбасқа лаж жоқ. Суыт жиналып, пойызбен Ақтөбеге келді. Трест бастығының кадр жөніндегі орынбасары, ербиген еврей шал Исайкин дәл өткен жолғыша суық жымиып қарсы алады.
– Иә, қашқын жігіт тағы келдің бе?
– Келдім.
– Онда Шалқарға барасың. Бастығың ­Сурьмин Владимир Сергеевич, Ленинградты бітірген перспективті кадр, сені күтіп отыр... Құдай-ау, осы Шалқар дегенді маңдайыма жазып қойған ба деп іштей өкінгенімен, ойы – екі-үш ай жұмыс істеп ары қарай жылыстап елге шығып кету... «Кез келген жұмысқа барайын, басқалай мүмкіндік жоқ па?» дегенге еврей шал міз бақпайды. Көп бұлталақтай бермей бірер аптаға рұқсат алып Шалқарға баруға келісім берген.
1981 жылдың басында Шалқарға барған Темірхан бас-аяғы 4 жыл ішінде 150 сом ең төменгі жалақы белгіленген мастерліктен Қазақстан темір жолы бойындағы ең ірі СМП – құрылыс монтаждау пойызының бас инженері қызметіне көтеріледі. Мастер, прораб, инженерлік қызметтеріндегі темір жолдың түрлі бағытындағы пост ЭЦ салудан жол төсеуге дейінгі үзіліссіз жүк тасымалы мен жолаушы пойыздарының әрбір минут-секунді автоматтандырылған қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, мамандығы бойынша басқа да салаға қатысты құрылыс-монтаж жұмыстарында көзге түсіп, іс жүзінде тәжірибесі бар, болашағы бар кадр ретінде трест басшылығы үлкен сенім артып, қолдау көрсетеді. Бас инженерлік лауазымы Мәскеудің, жоғарғы бас мекемесінің ГУЖДС (Главное управление ж/д строительство средней Азии и Казахстана Минтрансстрой СССР) номенклатурасы. Тағайындалуы жөніндегі бұйрық та сол тараптан. Жұмыс барысымен Мәскеуге трест басшылығымен бірге іс-сапарға барып тұрады, есебін тапсырады. Трест батығы Бядов Владимир Иосифович жоғарғы қызмет ұсынып, мекемеге директор боласың дегеніне де «әлі жаспын, үлкен мекеме басқаруға дайын емеспін, бас инженерлік қызметімде бола берейін» деген уәж айтып бас тартыпты. «Қайдағы жас, мен 28 жасымда трест басқарғанмын!» деп күйіп-пісетін көрінеді ол кісі. Сөйтіп, 2-3 айға уақытша бардым деген Шалқарға жас маман болып барып, бас инженерлік қызметінен ауысу тәртібімен Қызылордаға СМП-510 мекемесіне қызмет ­ауыстырады. Бұл 1986 жыл еді. Темкеңнің қызмет жолын түгендеп айтып шығу мақсат емес және оны мақала көлемі де көтермейді. Бірақ, назар аударарлық бір таңғажайып нәрсе бар. Қараңыз: Самархан институтына түседі деген Темірхан емес, жанындағы Шәріпхан өтеді. Алматы асқандағы үшеудің ішінен, құлайды, ілінсе де оқи алмайды дейтін Темірхан оқуға түседі. Жолдамамен келген Ақтөбеден қашып ауылға жұмысқа тұрса, заң органдары қудалайды. Зорлықпен барған Шалқарда өткен 6 жылда өзгелер ұзақ жылдарын сарп етуі мүмкін Қазақстан темір жолы құрылыс саласында танымал тұлғаға айналыпты. Өкімет тарқап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен аз уақыт дағдарыстан сәл кейінірек дербес СМП-Қызылорда жеке құрылыс мекемесі етіп қайта жасақтайды... Тағы да басқа, ылғи да қарама-қайшылықпен басталып, соңы оң нәтижеге ұласатын шытырман оқиғалар өрбиді өмір жолында. Осыған қарап, би атаның 4-ші ұрпағы болатын осы Темкеңнің, әу бастан-ақ өзі де біле бермейтін беймәлім, жоғарыдан желеп-жебеушісі бардай көрінеді маған. Пәндәуи пайым, дүниәуи түйсігімізге сия бермейтін бабалар рухы болса да ғажап емес. Кім біліпті оны?..

Туған жер тұғырым
Мен Темірхан Мәлікұлын 1999 жылдан бері танимын. Сол жылы туған ауылы Бәйгеқұмдағы 3 қабатты №251 аяқталмаған мектеп құрылысына 2 миллион жеке қаражатын салып, шатырын жауып, есік-терезесін орнатып, спорт залын жабдықтап демеушілік жасағанын Шиелі халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Жаңа ғимараттағы оқу жылы басталғанда мектепке оқушылар тасымалына ГАЗель автокөлігін сыйлағаны тағы бар. Бұл Темкеңнің өз туған ауылына жасаған алғашқы қол қайыры еді. Және бұл оның байлығының тасып, жақсы атын шығармаққа жасаған жомарттығы емес-ті, жүрек қалауы болатын. Мекемесінің де тынысы тарылып шекесі шылқып тұрмаған қиын кезең. Алда көптеген қиындықты еңсеріп мекемені аяқтан тұрғызу міндеті тұрыпты ең бірінші кезекте. Жүргенге жөргем ілінетін нан табар жұмыс табу қиын тұс. Қажетті құрал-жабдығың, ең төменгі шектегі материалдық техникалық база болмаса ұзап шыға алмайсың. Жасынан техникаға құмар болғанының пайдасы, әдепкіде заңды құжаты бар жарамсыз, әр жерден табылған техникаларды жатпай-тұрмай жөндеуден өткізіп 5 КрАЗ, 2 эксковатор, 3 бульдозер, 1 К-700, асхана-аспазын қоспағанда 25 адамнан құралған көшпелі құрылыс бригадасын жасақтайды. 1999-2006 жыл аралықта Ресей шекарасына дейінгі Орал, Хромтау, Атырау бағытындағы жұмыстармен қатар Алматы-1 вокзалынан 70 бекетке дейінгі теміржолды электрлендіру т.б қосымша жұмыстарды қабат алып жүріп ірі-ірі жобаларға қатысқан тынымсыз еңбек өз нәтижесін беріпті. Тәжірибе жинақтап, мекеменің қаржы-шаруашылық жағдайы оңалып, материалдық базасы нығайыпты. Нарық жағдайындағы шарттар мен талаптарға сай бәсекелестік ортада мекеменің кәсіби деңгейі мен беделі артыпты. Осы қарқынмен 2005 жылы облыстағы алғашқы ең ірі жоба Қорқыт ата атындағы университеттің 25 метрлік олимпиадалық бассейн қарастырылған жалпы құны 500 миллион теңге болатын «Сейхун» спорт кешені құрылысын жеңіп алуы еді. Мердігердің 100 миллион теңге бос қаражат айналымы көрсетілуі тиісті тендерлік шартқа толық сай болуы жеңімпаз СМП – Қызылорданың нарықтық ортада ірі «ойыншы» болып танылып, беделін асырғаны анық еді. Одан соңғы ең ірі жоба – жоғарыда атап өткен Қорқыт қобыз кешені. Дәл ортада бой көтерген қоңыр үнді қобыз тұғыр, әрқайсысы 3 тонналық Қордайдың қызыл гранитінен ойып жасалған 91 блоктан құралған. Қауіпсіздік шаралары барынша сақталған аса сақтық-ыждағатпен біртіндеп жеткізілген, («калач») блок тасты 1000 шақырым сонау алыстан мұртын шақпай аман жеткізу көп қиындық туғызды дейді Темкең. Сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сөз болған үлкен бір жиналыста: «Қорқыт кешенін салуды кімге тапсыру керектігі жайлы көп ойландым, саралай келе қолы да, жүрегі де таза азамат деп осы Темірхан Әлімқұловқа тоқтадым, үмітім ақталды» дегенін естігенде, «Біздің шиелілік азамат!» деп бөркіміз қазандай болған. Әлеуметтік жауапкершілік демекші, облыстық мәслихаттың кезекті сессия жиналысынан шығып көлігіне отырып келе жатқан жолай радиоэфирден «Қызылордада, Титов шағын ауданындағы жатақхананың бір бөлмесінде күйеуі мен 2 баласы мүгедек бір отбасының қиын тұрмыс жағдайын сөз еткен хабарды шала-шұрпы естіп қалады. Жұмысқа келісімен хатшысы мен кәсіподақты жіберіп жағдайды анықтаса, бәрі рас. Мекеменің өз қаражатымен салған 60 пәтерлік тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтерді жасау -жабдығымен сол көпбалалы мұқтаж отбасына сыйлап қуантқаны бар. Артынша-ақ, сол хабардың авторымын деп өзін таныстырған тележурналист асай-мүсейін арқалаған операторларын ертіп сау етіп кіріп келеді кабинетке. Әй-шай жоқ, «Аға, сізден интервью алуым керек. Телевидениеден бүкіл республикаға үлгі етіп керемет хабар дайындаймыз» дейді шын ықыласын танытып. Темкең үзілді-кесілді бас тартады. «Сүйінші хабарыңды жаза бер, қалқам, бірақ менің атымды еш жерде атамайсыз. Телевидениеге де түспеймін» депті. Неге өйттіңіз дегендей сұраулы көз тастаймын мен де.
– Оның қажеті қанша? Бір қолыңмен бергеніңді екінші қолың білмесін демеуші ме еді? Әр жасаған жақсылығымды жария қылсам, ондай қайыр шапағаттан не қасиет қалмақ?!
Темкеңнің бар болмысы осы бір ауыз сөзге сыйып тұр. Осы жағына үңіліңкіреп сұрастырсам мұндай қайырымдылық шаралары жалғыз бұл ғана емес екен, оның ішінде ардагер ұстаз да, дін жолында жүрген имам да (қайтарымсыз), бірнеше мекеме қызметкерлері (жеңілдікпен), сыйға берілген 7 автокөлік бар екенін білдім. Тек жарнамалап, жария жасауға ықыласты емес.
Темкеңнің өз айтады: – Әкем Мәлкаждар 57 жасында ертерек дүниеден озды. Ұзын бойлы, қапсағай қарулы кісі еді. Қатал, бір айтқанын екінші қайталамайтын. Жасымыздан еңбекке баулыды. Шешем өзі жоқта: «Азынатып қысы-жазы екі ат ұстайды, бие болса қанеки, сауып ішер...» деп күңкілдейді. Бізді аяғанынан болар. Күтімі, тазалығы біздің мойнымызда. Жазда арық атыздың басынан шөп орғызады, оны баулаймыз, суындаймыз, қашан үйге келіп түскенше дамыл жоқ. Қыста да жұмыс аз емес, сабаққа дайындалу, отын пұтау, ірілі-уақты малға қарап астын тазалаумен қасқарая сүрнігіп құлайсың. Және осының барлығы да тақадай тәртіп пен тазалықты қадағалайтын әкенің үнсіз бақылауымен жүзеге асады. Сол пісіп ширақ өскеніміздің, адал еңбектің арқасында, еңсеміз тік, жүзіміз жарық. Қоғамда өз орнымызды тапқан сияқтымыз, абырой беделден де кенде емеспіз. Институтқа түскенше, қатарлас екі ауданға аты шыққан көртақым шабандоз әкеме еліктеп көкпар шаптым. Әкем бір шапқанда 2-3 ат ауыстырып мініп 3-4 салым салады. Атаған мал, ақшалай берілетін табысынан сабақты ине алмастан сол жерде отырған үлкен кісілерге үлестіріп, «батасын ал» дейтін маған. Тізерлей отыра қалып қол жаятын маған көз қиығын салып, үнсіз марқайып масаттанып жүретін әкемнің, соңынан қалмайтын қара баласының бүгінгі азды-көпті атақ-абыройын көре алмай кеткені ғана өкініш! Ащы-тұщысы қатар жүретін өмір ғой, ондай жағдайлар да өтті бастан. Сүйіп қосылған аяулы жарым көлік апатынан мезгілсіз опат болып, біразға дейінгі дағдарыстан биыл отау иесі 13-ке толатын кенже ұлым Сағадаттың дүниеге келуі алып шықты. Өмірге қайта келгендей, дүр сілкінген қажыр-қайратыммен содан бері де біраз жұмыстардың үдесінен шыққандаймын. Мана өзіңіз сұраған табыстың кілті – еңбек, тағы да еңбек дегеннен басқа аузыма сөз түсер емес. Табыс бірден келмейді бірақ. Абыройды да тірнектеп жинайсың. Абай атам айтпаушы ма еді: «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп. Сондайын-ақ іздеп, ізденіп жүріп қай жерде не жұмыс бар, соны істедім. Мына жағы Алматы, Шымкент, мына жағы батыс Қазақстанды шарлаған 6 жылда, арқаланып жүріп вокзал да салдым, темір жол төсеп көпір де тұрғыздым, газ конденсатын қайта өңдейтін атақты Аджип компаниясының зауыты құрылысына қатыстым, т.б мен істемеген жұмыс түрі жоқ. Табыс та, тәжірибе де осындай көп қиындықтарды еңсерген үлкен ұжымдық еңбекпен келді. Арғы тарихы 1946 жылдан басталып, 1958 жылы құрылған мекеменің соңғы басшысы екенмін, Әлімқұлов еге бола алмай таратып кетті деген атақ сүйекке таңба, тарихқа қиянат болар еді. СМП деген атауын да өзгертпестен «Қызылорда» деген бір ғана сөз қосып, 28 жылдан бері көштің басында келемін. Шүкір, бірте-бірте аяққа тұрдық. Сол баяғы қара шаңырақтамыз. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жақсы, заманауи техникалармен толық жабдықталған. Қара шаңырақ демекші, 2018 жылы мекеменің 60 жылдығына орай, мекеме ғимаратының бұрынғы қызыл мүйісін (красный уголок) қайта жабдықтап, музей аштым. Оған көзі тірі бұрынғы барлық басшылар келіп қатысқан, кең көлемді мәдени-тарихи шара өтті. Архивтен түпнұсқа көшірмелері алынған 60 жылдық тарихи құжаттар мен фото, макеттер түріндегі шежіре-стенділер галлереясын өзіңіз көрдіңіз. Осылардың ішінде өзімнің туған Шиелімде қалдырған із болып тарихқа енетін жаңадан салынған 4 мектеп, өнер мектебі, Рухани орталық, Ардагерлер үйінің макеттері тұр. Ал күрделі жөндеуден өткізіп, қайта тұрғызған бірнеше спорт, медицина, мәдениет үйлері ғимараттарын айтпасам да болады. Айтатын бір-ақ нәрсе осы құрылыстардың барлығына да жоба-сметалық құжаттардан тыс қаржылай шығыны ондаған миллиондарды құрайтын қолдан келгенше қосымша жұмыстар жасап бердім. Мұны туған ауданымның дамуы, өсіп-өркендеуіне қосқан тамшыдай болса да перзенттік үлесім деп білемін.

Эпилог орнына
Абай өзінің бірінші қара сөзін былай деп бастайды: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік...» деп. Сондайын-ақ, бірталай өмірді өткізген кейіпкерімнің ішкі дүниесіне үңілу, бірталай өмірді өткізген өзіме де оңайға түскен жоқ. Ойлау жүйесі өзгешелеу тым күрделі образды кісі болып шықты бұл Темкең. Бірер сағат оңаша әңгімеден осыны сезіндім, әлі де толық таныдым деп айта алмаймын. Жәй әңгіменің өзінен арғы жағынан бір тегеурін тектіліктің нышаны қылаң беретінін анық аңғарғандаймын. Кемел жасына жеткен Темкеңнің қоғамға да, адамға да берер игіліктері әлі де аз болмайтыны ақиқат. Жеткізе алдым, әлде жоқ, оны өздеріңіз бағамдарсыздар.

Исабек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

08 қыркүйек 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930