Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ СӘЛЕМІ ҚАНДАЙ ЕДІ?

ҚАЗАҚТЫҢ СӘЛЕМІ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Күнделікті қарым-қатынасымыздың ең қарапайым бастауы сияқты көргенмен, «сәлемдесу» – қарапайым әдеттің тар шеңберіне сыймайтын, ұлттың ішкі мәдениеті мен болмыс-бітімін, мінезі мен рухани өресін танытатын бірегей феномен. Жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдесу мәдениетіне қатысты айтқан салмақты пікірі қоғамдық санаға қозғау салып, теңселген әдеп таразысын қайта қалпына келтірудің өзектілігін көрсетті. Ер азаматтардың, әсіресе әскери шендегі азаматтар мен генералдардың ел алдында бір-бірін құшақтап, беттен сүйіп амандасуын «оғаш әрі ерсі қылық» деп бағалаған Президент сөзі – жай ғана мінберден айтылған ескерту емес, ұлттық діл мен байырғы құндылықтарға бет бұруға шақырған дабыл.
Шынтуайтында, амандасу – жалаң физикалық әрекет немесе қол алысудың механиқалық процесі емес. Ол – өзгенің болмысын мойындау, ізет пен құрмет көрсету, адамның ішкі мәдени деңгейін сыртқа шығару. Әрбір халықтың амандасу салтында оның ғасырлар бойы жинақтаған тарихи тәжірибесі, өмір сүру салты мен сұрыпталған әдеп жүйесі сайрап жатыр.
Бабалар тәлімінде сәлем берудің өзіндік жазылмаған заңы, берік қағидасы болды. Қазақ даласында амандасу – үлкенді сыйлаудың, кішіні ізеттеудің, туыс пен жаттың арасын жақындастыратын ізгіліктің көпірі еді. «Ассалаумағалейкүм!» деп оң қолын кеудесіне қойып, байыпты көзқараспен сәлем берудің ар жағында терең инабаттылық пен кішіпейілділік жататын. Жасы үлкенге иіліп сәлем беру – құлдықтың да, әлсіздіктің де белгісі емес, керісінше, адамның көкірегіндегі сәулені, биік парасат пен кісілікті танытқан.
Академик Төрегелді Шарманов та кезінде осы сәлемдесу эстетикасына ерекше мән беріп, қазақтың байырғы дәстүрінде бейберекет қол соза берудің болмағанын тілге тиек еткен еді. Академиктің пайымдауынша, жүрек тусынан оң қолын қойып, ізетпен иіліп сәлемдесу – тым дөрекі қол алысудан әлдеқайда жоғары, эстетикалық әрі рухани мәні терең әдеп. Қазақта тек жасы мен жолы үлкен адам бірінші болып қол ұсынғанда ғана қол алысқан. Былайғы уақытта арақашықтық пен сыйластықты сақтайтын, артық қимылсыз-ақ ішкі құрметті аңғартатын көркем ишара қолданылған.
Мәдениеттің өзгеруі мен қоғамдық мінез-құлықтың трансформациялануы тарих сахнасында әртүрлі формада көрініс табады. Саяси тарихта сәлемдесудің ерекше бір сипаты ретінде 1979 жылы КСРО басшысы Леонид Брежнев пен ГДР жетекшісі Эрих Хонеккердің «социалистік бауырластық сүйісі» ел есінде қалды. Фотограф Режис Боссю түсіріп алған бұл сәт сол кездегі идеологиялық жақындық пен одақтастықтың ресми протоколы саналған еді.
Әрине, әлем халықтарында амандасудың түрі көп. Жерорта теңізі елдерінде жақын адамдардың беттен сүйісіп амандасуы – шынайы достық пен ыстық ықыластың белгісі. Мұндай әдет белгілі бір географиялық әрі мәдени контекст үшін табиғи көрінуі ықтимал. Бірақ басқа бір ұлттың, әсіресе өзіндік ұстамдылығы мен салты бар қазақ қоғамының ішкі табиғаты үшін ол жеке кеңістікке қол сұғу және ұлттық болмысқа жат қылық ретінде қабылданатыны хақ.
Бүгінгі таңда урбанизация, жаһандану процестері мен әлеуметтік желілердің ықпалы қоғамдық мінез-құлыққа айтарлықтай өзгерістер енгізді. Жастар арасында бейберекет құшақтасу, ер адамдардың беттен сүйісуі немесе батыстық жүйедегі бейресми ишаралардың жиілеуі – мәдениеттің заманмен бірге трансформациялануының көрінісі сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда, барлық жаңашылдық ұлттық әдептің орнын алмастыра алмайды және алмауға тиіс.
Президенттің «ер адамдардың қолды қаттырақ қысып, сәл жымиып, немесе оң қолды кеудесіне қойып амандасуы тиіс» деген кеңесі – тек сыртқы пішінге қатысты емес, ұлттық мінезді орнықтыруға бағытталған қадам. Артық ысырапшылдық пен жасандылықтан арылған, сабырлы да салмақты сәлемдесу форматы біздің ішкі мәдениетімізді қайта тиянақтайды.
Сәлемнің түпкі мәні – құшақтасуда да, беттен сүйісте де, тіпті қолды қалай болса солай соза салуда да емес. Сәлемнің негізгі өзегі – терең құрмет пен ниеттің тазалығында. Кеудеге қойылған оң қол, сәл иілген бас, байсалды көзқарас пен риясыз жылылық – артық ештеңені талап етпейтін, биік эстетикаға ие ұлттық әдеп. Өзімізге тән осы сәлемдесу мәдениетін қайта жаңғыртып, оны сөзбен де, іспен де кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – ұлттық сәйкестігімізді сақтап калудың ең қарапайым әрі маңызды баспалдағы. Қоғамның үлкен мәдениеті әрқайсымыздың күнделікті айтатын қарапайым, бірақ салмақты «сәлемімізден» бастау алады.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
08 қыркүйек 2026 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930