«Тастандар» толып жүрген қоғамда, «Салтанаттар» сау болмайды
Ұлттық прозамыздың биігінде жарық жұлдыздай жарқыраған құнды туындылардың бірі – Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі. Бұл шығарма тек әдебиетіміздің алтын қорынан ойып тұрып орын алған шоқтығы биік жауһар ғана емес, сонымен қатар тұтас бір қоғамның, оның ішінде қазақ әйелінің ішкі зары мен мұңын арқалаған ауыр психологиялық драма. Шығарманы оқи отырып, жүрегіңді әлдебір нәзік сезім мен тіліп түсер өкініш қатар билейді. Халық әніндегі «Гауһартас» қаншалықты сұлулықтың, асқақтықтың символы болса, кітаптағы Салтанаттың тағдыры соншалықты қасіреттің, тапталған үміттің көрінісі іспетті.Қаламгер қоғамдағы ескі мен жаңаның, қатыгездік мен мейірімнің бітіспес күресін бір ғана қарапайым шаңырақтың аясында мінсіз мүсіндеген. Бір жағында – бойындағы бүкіл адами сезімдері тұншыққан, әкенің қатал тәрбиесінен жаны мұздай қатып қалған, өзінің ішкі жасықтығын дөрекілікпен бүркемелейтін Тастан (Ыбыш) бейнесі тұр. Ол – өз заманындағы таптаурын ұғымдардың, әйелді тек үйдегі күң, бағынышты жан ретінде қабылдайтын кертартпалықтың тірі көрінісі. Екінші жағында – көкірек көзі ояу, жүрегі нұрға толы, жаңа ұрпақтың үніндей болған Қайыркен бар. Ал осы екі әлемнің ортасында жарық сәуледей жарқ етіп, бірақ ғұмыры ерте үзілген Салтанат жүр. Ол – Қамар сұлу, Бақытсыз Жамал, Аяулы Шұға мен Ақбілектердің тағдырын жалғастырған, жазмыштың құрбанына айналған соңғы тұяқтай. Оның бойындағы еркіндікке, мейірімге, махаббатқа деген іңкәрлік қатыгез ортаның тас қабырғасына соғылып, күл-талқан болады.
Біз көбіне бұл туындыны Салтанаттың сұлулығы мен Қайыркеннің іңкәрлігі тұрғысынан ғана таза романтикалық сарында қабылдауға бейімбіз. Алайда, Исабековтің көтерген жүгі әлдеқайда салмақты. Шынтуайтында, бұл хикаят – отбасылық зорлық-зомбылықтың, әйел теңсіздігінің, рухани мүгедектіктің айнасы. Тастанның жарына деген салқындығы, тіпті қамшы сілтеуге дейін баруы – тек бір адамның ғана кемшілігі емес, сол ортадағы өктемдік психологиясының жемісі. Бұл қасіреттің тамыры өте тереңде, дәлірек айтқанда, отағасының ызғарлы мінезі мен үнсіз көнбістікке салынған ананың тағдырында жатыр. Жас келін бұл үйге келіп, жылдар бойы сөнген үміттің отын жаққанымен, қалың қараңғылықты жеңе алмады. Жазушы бас кейіпкерді құрбан ету арқылы қоғамның бетіне салық салып, келер ұрпақтың санасын оятуды мақсат тұтқандай. Себебі, қазір біз заманауи қоғам атап жүрген дәуірімізде де бұл қасірет біткен емес. Өкінішке қарай, кітаптағы әйел теңсіздігі мен рухани зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі заманның қаңсырап тұрған ең ащы шындығына айналып отыр. Кітаптағы Тастан – қазақ қоғамындағы қатігез, әйелді жеке меншігі мен қызметшісі ретінде ғана көретін еркектердің жиынтық бейнесі. Ол Салтанаттың сұлулығын, нәзіктігі мен өнерге деген іңкәрлігін бағалай алмады, керісінше, оны өзінің дөрекі күшімен, үнсіз психологиялық қысыммен және қамшымен жаншып тастауға тырысты. Ал қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз болды, әйеліне аяусыз әрекет жасап, ажал құштырып жатқан еркектер аз емес. Иә, өзге елдермен тереземіз тең, бәсекеге қабілеттіміз деп азуымызды айға білегенде бізге тең келетін ешкім болмайды. Алайда, аштығымызды білдірмей, сыртымызды қампайтсақ та әйелдің әлсіздігін пайдаланатын еркектер сыздауықша сыздап тұр. Дулат Исабековтің шығармасына арқау болған «Тастандар» қазіргі қоғамда да азайған жоқ. Тек болмысын басқаша етті. Бүгінгінің Тастандары қамшының орнына жұдырығын жұмсап, әйелмен алысып әлек. Ең үлкен қасірет – шығармадағы Салтанат пен бүгінгі қоғамдағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанаттардың тағдырының үндесіп жатуы. Екі заманның Салтанаты да бақытты болғысы келді, күлді, жарқырады, жаңка келген жанұясына жарық сыйлаймын деп ойлады. Алайда, тұрмысқа шыққаннан кейін өмірі өзгеріп, батпаққа бата берді. Серігім деп сенген жолдасы жанарындағы жарықты өшіріп, жүзіндегі күлкіні сейілтті. Бұл – жай ғана есімдердің сәйкестігінде емес, бұл ұлттық діліміздені құл иеленушілік психологияның әлі күнге дейін тамырымен жойылмағанның айнасы.
Шығармадан тағы бір байқайтынымыз, қоғамның үнсіздігі мен көнбістігі. Иә, Тастанның анасы келінін аяды. Бірақ, әрекет етті ме? Жоқ. Оның анасы «бас жарылса, бөрік ішінде», «біз де осылай таяқ жеп өстік», «еркектің аты – еркек» деген стереотиптен аса алмады. Ұлына қарсы шығып, келініне араша түспеді, қолғабыс болмады. Бүгінгі қоғамда дәл осы дертпен ауырып жүр. Көршінің үйінен айқайды естіген екінші адам құлағын жабады. Қызы таяқ жеп келгенін көрген әке-шеше тілін жұтады, баласы әйелін ұрып жатқанын көрген ана көзін жұмады. Міне, осылай «қайтып келген қыз жаман, шыда», «еркек болған соң ұрады» деп кері итеретін ескішіл сана әлі де сол Тастандардың жазасыз қалуына, қылмыстың ушығуына жол беріп отыр. Салтанатқа жаны ашып, көмектескен Қайыркен ғана болды. Бірақ ол да дәрменсіз еді. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде қайғырып, пікір жазып, іштей жанашырлық танытатын «Қайыркендер» көп, бірақ нақты іске келгенде әйелдерді қорғайтын заңдық, құқықтық қалқандар, нақты механизмдер кейде кешігіп, шабан қимылдайды.
Әрине, «Гауһартас» повесінің жазылу стилі мен идеясы, кейіпкерлерді сөйлету шеберлігі хақында айтатын уәжіміз жоқ. Мүйізі қарағайдай қаламгерлеріміз Д.Исабековтің шығармаларын жоғары бағалағанның өзі біраз нәрсені түсіндіреді. Ол – өмір шындығын боямасыз, тіліп түсер туралығымен ерекше атап көрсететін жазушы. «Гауһартас» та сондай қос қоғамның шындығын тура басқан туынды. Тіпті өткен өмірдің ғана емес, бүгінгі қоғамның бетіне басылған үлкен салық деуге болады. Жазушы Салтанатты құрбан ету арқылы бізге Тастандардың әрекетіне көз жұмып қарауға болмайтынын ұғындырады. Егер біз Тастан сияқты еркектерге үндемеуді жалғастырсақ, үміт пен мейірімнің символы болған «Салтанаттарымыздан» айырылып қала береміз. «Гауһартас» кітабы мен бүгінгі өмір шындығы бізден немқұрайлылықты доғарып, қатігездікке қарсы тұруды талап етеді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА




