Талаптан қалай Бала би ауылы аталды?
Қазақ халқы тарихтың ұлы көшіне ілесіп, ел болу жолында мың өліп, мың тірілсе де өзінің ұлттық тұтастығын түпкі іргесі мен болашаққа деген асқақ сенімін бойтұмардай қастерлеп сақтай білген. Халқымыздың тағдыры мен тарихында біздің Сыр аймағы мен киелі Шиелі өңірінің алар орны айрықша зор. Қазақы саналар өңірдің әр уыс топырағы, шеңгелі, жыңғылы, сексеуілі, керек болса әр тасы сан алуан шежіре-сырға, ғибратты ғұмырларға тұнып тұрғандай.
Сыр бойы халқы қашаннан-ақ ел арасындағы ақын-жыраулардан, шайырлардан, данышпан би-шешендерден қалған асыл мұраларды, шешендік сөздерді көздің қарашығындай сақтап, жатқа айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Бір елден шыққан бір ауыз сөз екінші жұртқа ауызша тарап, кең байтақ даламызға антенасыз жайылып, құймақұлақ адамдарымыздың құлағына шалынған. Бізге шешендік сөздер, батырлар жыры мен даналар туралы дастандар осындай әдіспен, Алтынсарин атамыз айтқандай, «Алыстан хабар алғызған». Біз би атауын екі түрлі мағынада түсінеміз. Біріншіден, ойымызға билеп-төстеуші билер, қазіргі билік басындағы мемлекеттік қызметкерлер келеді. Билік жасайтын бай адамдар миымыздан шықпайды. Екіншіден, біз әңгіме етіп отырған билер байлығымен емес, шешендік сөзімен, алғыр ойлы өнерімен танылған, табиғаттың ерекше дарын иелері.
Сыр бойы халқы қашаннан-ақ ел арасындағы ақын-жыраулардан, шайырлардан, данышпан би-шешендерден қалған асыл мұраларды, шешендік сөздерді көздің қарашығындай сақтап, жатқа айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Бір елден шыққан бір ауыз сөз екінші жұртқа ауызша тарап, кең байтақ даламызға антенасыз жайылып, құймақұлақ адамдарымыздың құлағына шалынған. Бізге шешендік сөздер, батырлар жыры мен даналар туралы дастандар осындай әдіспен, Алтынсарин атамыз айтқандай, «Алыстан хабар алғызған». Біз би атауын екі түрлі мағынада түсінеміз. Біріншіден, ойымызға билеп-төстеуші билер, қазіргі билік басындағы мемлекеттік қызметкерлер келеді. Билік жасайтын бай адамдар миымыздан шықпайды. Екіншіден, біз әңгіме етіп отырған билер байлығымен емес, шешендік сөзімен, алғыр ойлы өнерімен танылған, табиғаттың ерекше дарын иелері.
Олар ел-жұрттың, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихын, шежіресін, түп-тұқиянын, қоғамдық дамуын, айнала қоршаған табиғат пен ондағы түрлі жануарлардың қасиеттері мен тылсым құпияларына дейін білетін болмысы бөлек жандар. Билер ғылым-білімнен хабардар, жоғарғы оқу орнын бітірмесе де, ұшқыр пікірлерін шешен тілмен, ақындық қабілетімен жеткізе білетін. Дау-дамайдың жілігін шағып, кінәлі жақтың да көкірегіне сары майдай жағатын сөз тапқырлығымен, шешендігімен дараланатын. Қазақ елі тарихи би-шешендерге бай. Солардың бірі, бірінің де бірегейі – Бала би. Ол кешегі 19 ғасырдың бел ортасында Сыр бойы, Шиелі ауданы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхозының жерінде (Қазіргі Бала би ауылында) дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты Бименбет. Ол 1811 жылы туып, 1875 жылы дүниеден озған. Әкесі Есенәлінің кенже ұлы. Осы жылдар аралығында Бименбет 13 жасында әкеден айырылып, ағаларының айтқанын істеп, оларға көмекші болып шаруаға араласады, қозы-лақ, бұзау бағады. Тумысынан зерек, пысық болған Бименбет ел-жұртпен біте қайнасып өседі. Өмір қиыншылықтары оны ерте есейтеді. Әкесінің інісі айтулы Арғынбай бидің тәрбиесінде болып, жас кезінен көне көзді қариялардан көп өсиет, өнеге көреді. Арғынбай көкесінің шешендігінен үлгі алып, Бименбет ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге ерте араласады. Оның адалдығына, әділдігіне, ой-қабілетінің кеңдігіне, ақыл-парасатының тереңдігіне, өрісінің биік, тапқырлығының молдығына, шешілуі қиын айтыс-тартылыстарда өз ойын, айтар сөзін батыл, адал, әділ айтып, азаматтылығын танытқан қасиеттері үшін дүйім жұрттың әруақты, дуалы ауыз ел қарияларының берген бағаларына сай Бименбет халық арасында Бала би атанып кетеді. Өзінің саналы ғұмырында артына өшпестей аталы, бағалы сөз қалдырған, есімі бүгінгі күнге дейін сақталған, бір ғана Сыр халқы емес, бүкіл иісі қазаққа әйгілі болған үлкен тұлға. Оны біз сол заман қарияларының мақалаларынан, жазбаларынан, сондай-ақ, «Қазақтың он би-шешені» және «Билер сөзі» атты кітаптардағы (1992 жылғы) тарихи деректерден оқып, Бала бидің тарихи тұлға екендігіне толық көзіміз жетті. Бала бидің арғы атасы – Бұлтың қыпшақ. Бұлтыннан – Жалаба, Жалабадан – Жангелді, одан – Таңатар, Таңатардан – Жаңай, Жаңайдан – Текебай, Текебайдан – Медет, Медеттен – Есенәлі, Есенәліден – Жүргентай, Дәурен, Ділімбет, Жуасай, Бименбет (Бала би) өмірге келсе, Бименбеттен – Елеусіз, Шойынбек, Әлмұса, Әлімқұл өрбіген. Сонымен қатар, оның ата-тегін, шежіресін де келтіре кеттік. Бименбеттің әкесі Есенәлі де еліне қадірлі, сөзшең кісі болған екен. Бименбет ел басқарған, халықтың қамы үшін қара басының мүддесін құрбан еткен, қалың жұртты аузына қаратып, ханға да қасқайып сөз айтқан, ел арасындағы әділетсіздікпен күресіп, қара қылды қақ жарған, ақиқатты айқайлатқан адам. Тума талант, қайталанбас тұлға. Бала би Түркістан мен Сыр бойындағы қазақ руларын билеп төстеген Қоқан хандығына, одан кейін Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Досбол бимен бір тілектес болған. Сыр елін Қоқан ханы билеп тұрған кезде қыпшақтарға датқа қою үшін Көзейден Тұрғанбай, Бұлтыңнан Арғынбай би шақырылыпты. Датқаның міндеті негізінде, елден алым-салық жинау болыпты. Арғынбай мен Тұрғынбай жастарының ұлғайып қалғандарын айтып, орындарына жас жігіттер Бала би мен Досболды ұсыныпты. Содан бастап Бала би мен Досбол шешен есімдері қатар шығып, үзеңгілес бірге жүріп, бірге тұрған Бала би жасы үлкендігін аңғартып, Досболға «Сенің тілің артық, менің бағым артық» деп отырады екен. Әр алуан бас қосу жиындарда сөзді Бала би бастап, сосын Досбол би қостап, жалғастырып кететін көрінеді. Сонда Досболға сөз бергенін жұртқа сездірмей, Бала би насыбай сұраған болып, «Әй, Досбол, жарғағыңды тасташы», – деп қолын созады екен. Досбол насыбай салғышын беріп, Бала би насыбайды ерніне салғанда, Досбол сөзді іліп алып әрі қарай жалғастырып жібереді екен. Ел ішінде Бала бидің ұтымды сөздері, шешендігі жайлы әңгімелер жетерлік. Арғынбай биге Бала би еріп жүргенде, екі жігіт Арғынбайдың алдына дауласып келіпті. Бірінші жігіт: «Мына жігіт менің қанжығамды ұрлап алды» – депті. Арғынбай ә дегенде осындай кішкентай қайыс туралы не деп жауап берерін білмей қалыпты. Сонда Бименбет: «Би аға, осы даудың билігін мен айтайын» – деп өтініпті. Арғынбай оны сынайын деп «айтсаң, айта ғой” деген екен. Бименбет: «Қанжыға бау тон сақтайды, тон жан сақтайды, бір қой айып,» – деп шешім айтты. Арғынбай би «дұрыс» деп басын шұлғыпты. Бірде төрт кісі ортасынан бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп, әркім бір аяғына ие болады. Ешкі бір күні шошаңдап жүріп шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып, бақырып қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі бірігіп: «Отқа жақындаған да, қырманды өртеген де шүберек байлаған ақсақ аяғы» деп ауру аяқтың иесін айыпты етіп шығарады. Сонда Бименбет: «Ешкі ауру аяғымен жүрмейді, сау аяқпен жүреді. Ешкіні отқа апарғанда, отпен қырманға әкелгенде сау аяқтар. Сондықтан өрттің шығуына ешкі кінәлі, ешкіні алып жүрген үш сау аяқ кінәлі» деп ақсақ аяқтың иесін айыпталудан арашалап қалады. Қырықтан асқан Бала биді Қоқанның Ахмет деген ханы шақырып алып, «маған Бөрібас байдың қара қасқа тұлпарын әперіңіз,» – дейді. Бала би көне қоймады. Асылы, Бөрібас қияңқы, бірақ ханды тыңдайтын, аузымен құс тістеген тұлпарының бәйгесін тек соларға тартып, батасын алатын сараң бай болса керек. Қатыгез байға онсызда зығырданы қайнап жүрген Бала би ортадағы хан қиыла өтініп болмаған соң, ертесіне нөкерлерімен Бөрібастың үйіне келіп түседі. Байдың боз үйінде Мөңке, Байтас, Жантас деген билер түстеніп отыр екен. Құшақтасып дидарласқаннан кейін Бөрібас бай жөн сұрайды. Сонда Бала би:
Ханың саған жұмсады,
Жанбайұлы Бөрібасым.
Берсін деп әдейі жіберді,
Қара қасқа жорғасын.
Сұлулығы ханшаның өзіндей,
Семіздігі өзіңдей.
Жорғалығы дәл мына,
Мөңке бидің сөзіндей.
Беріктігі Байтастай,
Жүйріктігі Жантастай.
Жылтыр мұзға салғанда,
Төрт аяғы таймастан.
Сол тұлпарды бермесең,
Көнер емес шайқаспай.
Достығың сенің білінбес,
Ат мініп, шапан алыспай.
Дұшпаның тегі иілмес,
Сүңгілеп найза иілмес,
Хан қаһарман ұлығын,
Ұнап тұрма қылығың?!
Ендігісін өзің біл,
Жанбайұлы Бөрібас би – депті.
Көптен қырғи қабақ болып жүрген хан мен бидің мынандай сөзінен кейін лажсыз сескенген Бөрібас бай: «Сұрауы келіссе, бермейтін дүние болмайды. «Ханның қалауын шаппай бер» деген бар. Қара торы тұлпар болса, алып қайт. Береген қолым алаған деген де сөз бар» – деп, Бөрібас бай оң жақтағы аруындай қастерлеп, алты қанат ақ отауымен, сауын биесімен, баптаушы, бағып-күтушісімен қоса беріп құтылыпты. Бала бидің шешендігі туралы ел аузында көп айтылатын:
Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не?, – деген сұрақтарына ешкім жауап бере алмаған соң өзі былай деп жауап беріпті:
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім – фәни жалған адамның өмірі,
Көктен биік дегенім – тәкаппардың көңілі деген өсиеті қазақ жұртына кеше ғана айтылғандай. Сөз – құдірет. Ол – шешендік өнер. «Өнер алды – қызыл тіл» демекші, халқымыз шешендік тіл өнерін қадір тұтқан. Ел басқарған би-шешендердің қылыш-найзаны емес, сөзді қару етуі – бас кеспек болса да, тіл кеспек жоққа саяды. Бала бидің даңқын шығарған да ұшқыр ойы, өткір тілі, бойындағы ақындық сезімнің шешендікке ұласқан ерекше қасиетке ие болғандығы. Сондықтан да би – ақын, би – шешен, би – емші, би – мұғалім, би – ұстаз, би – батыл, би – батыр, би – психолог, би – тәрбиеші, би – заңгер, би –тергеуші, би – сот, би – саясаткер, би – қоғам қайраткері, би – елші, би – көріпкел т.б. деп билерге тән адами жақсы қасиеттер мен анықтамаларды бере білген. Бала би өнегелі сөзімен де, үлгілі әділдігімен де туған халқына адал қызмет еткен қазақтың шешен биі. Ол туралы атақты арғын Мәнсүр ақын «Иманжүсіпке хат» деген өлеңінде:
Бір сөзді енді айтайын қылып дерек,
Қыпшақ та датқалар бар мұнда бөлек.
Ақмешіт, Түркістанның ортасында,
Қорған бар Сыр бойында деген Жөлек.
Сол жерді мекен еткен қыпшақ халқы,
Қоныс қып жатады екен бәрі жалпы.
Сұрасақ қарияның есебінде,
Төрт мың үй, болса керек шама-шарқы.
Бала би ең үлкені датқалардың,
Басында әруақ та, бақ та қалың.
Бетіне өлгенінше жан келмеген,
Қамысқа өрт түскендей қаптап жалын.
Босаға болған алтын Бұлтыңдағы,
Арғынбай бидің көшкен жұртыңдағы.
Еркін боп хан мен бекке өткен екен,
Қорған боп датқалардың сыртындағы, деген екен.
Мінекей, осылайша, Мәнсүр ақынның өлеңіне арқау болған бабамыздың тапқырлық, әділдік, шешендік маржан сөздері, таңдай қақтырған, бас шайқатқан дау-дамайлардағы ұтымды, әділ де адал шешімдері бүгінгі жас ұрпаққа өнеге болып қалатыны сөзсіз.
Жаңа ғасырдың басында, яғни 2000-шы Ұлу жылының тамылжыған тамыз айында «Оқшы Ата» мазаратында ХІХ ғасырда өмір сүрген «Бала би» бабамызға ұрпақтары ас беріп, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан, бүкіл республикадан жер қайысқан қонақтар, мәртебелі меймандар келіп, жүзге тарта ақшаңқан киіз үйлер тігілгені жұрттың әлі есінде болар. Ол туралы мен сол кезде шыққан «Шиелі-Шұғыла» газетінің 2011 жылғы 28 қазандағы №8 санында «Ауылға мені Бала би бабам шақырғандай көрінді» атты Бала бидің 200 жылдығына арнап мақала жазған едім. Онда мен былай деппін.
– Тамыз айының адам әпшісін қуырар ыстығы сол күні басылып, әшейінде ұйытқытып тұратын жел де тынып, нағыз маужыраған күнге айналғанын да ұмытқан жоқпыз. Сол күні «Оқшы Атадағы» жеті әулие желеп-жебеп тұрғандай сезімде болдық. Бала биге арнап салынған кесене лентасын оның тікелей ұрпақтары Сейілхан, Сейітсұлтан Әлімқұловтар қиып, бұдан кейін ардақты бабамызға Құран бағыштаған болатын. Арнайы салтанатты сол кездегі аудан ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әзімхан Исмаилов ашып, ҚР-ның ерекше еңбек сіңірген зейнеткері, тарихшы-жазушы Абдолла Дәулетұлы ағамыз Бала би туралы әсерлі де келелі сөз сөйлегені құлағымызда күңгірлеп, көз алдымызда қалып қойған. Ол кісіден соң аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев, алматылық қонақ, филология ғылымдарының докторы Жұмағали Әбуұлы, белгілі ардагер Ғафур Мұхамеджанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіжәлел Бәкір, «Қазақ елі» газетінің бас редакторы Бақыт Сарбалаұлы т.б. ағайындар сөз алып, Бала би бабамыздың рухын асқақтатып, оның тағылымына жұрттың бас иген күні болған еді. Әңгімені еске алудан бастап отырғаным, осыдан он бір жыл бұрынғы салтанатты өткізуге атсалысқан аға-інілеріміздің көбі қазір өмірде жоқ. Бәкір Тоқбаулин, Әзімхан Исмаилов, Жағыппар Зермұхамедов, Бала би жайлы мақала жазған журналист-ақын Қуаныш Түменбайлар т.б. бабалар көшіне еріп, мәңгілікке жол тартқан. Ұлан асыр той үстінде «Қызылорда полиграфия» АҚ-ның президенті, журналист-жазушы Қуаныш Махамбет жинақтап басып шығарған «Бала би» және «Оқшы Атадағы» 7 әулие» деген екі кітабы, күнтізбе және көркем плакат таратылған еді. Ардақты Бала би бабамыздың аруағын қастерлеп кесене соққан Темірхан Әлімқұлов бауырымызға, ас беріп көңіл шалқытқан сол тұстағы ағайындарға мың алғыс, мың тағзым.
Қазақтың 10 биінің бірі саналған, Досбол датқамен ағалы-інілі болып, елін қызыл тілдің күшімен қорғай білген. Жеті әулие жатқан «Оқшы Ата» мазаратында Досбол датқа мен Бала би кесенелері де қатар тұр. Қос данышпанның тарихта алар орындары да бірдей, екеуін бөліп-жаруға болмайды.
Бала би бабамыз пайғамбар жасынан бір жас асып, 64 жасында дүниеден озады. Оның артында ел жадында жатталған өсиеті, шешендік сөздері қалды. Бабамыз 200 жасқа келсе де, оның әр сөзі бүгін айтып отырғандай, кеше ғана айтқандай болып көрінеді. Ғасырлар өтсе де: «Біреумен сыйлас, мыңмен кеңес», немесе «Алпыста алты ағаң болсын, жетпісте жеті інің болсын» деуі бізге жақында ғана айтылған өсиеттердей. Кешегі 1995 жылы жекешелендіру уақытында аудан әкімі ауылыңды сақтап, жанашыр бол деп мені «Қазақстанның ХХХ жылдығы» совхозына директор етіп жіберді. Мен барғанда ауылдағы бар мал, мүліктер жекешеленіп біткен екен. Өте қиын кезең болатын. Барып қалғасын, аянбай еңбек еттік. Сондай дағдарыс заманда жұмыс істедік.
Бірақ менің ауылға барғаныма өкінбейтінім, ауылға Бала би атын беру жөнінде аудандық ономастикалық комиссияға ұсыныс жасадым. Өйткені, ауыл «Талаптан» ауылы, Талаптан ауылдық округі деп аталып тұр екен. Соның нәтижесінде ауыл Бала би атын алды. Талаптан ауылдық округі болып қалды. Сол кездегі аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев, аудандық ономастикалық комиссияның төрайымы Нәйла Палымбет, облыстық ономастикалық комиссияның төрайымы Бибіжан Жәукебаева мен Талаптан ауылдық округінің әкімі, досым, кластасым Құдайберген Келдіғұловтардың қолдауларымен ойымды іске асырған едім. Бала би бабамыз туралы, оның өмірі жайлы жете мәлімет болмағасын, әкем Әзімхан қаламгер, шежіреші Нұрмахан Қасымов ағамызға сілтеді. Шындығында ол кісіде Бала би мен Досбол бидің біраз мұрасы, өмір дерегі сақталған екен. Маған Бала би жөнінде ғана жазып берді. Ауылға барғандағы тындырған үлкен ісімнің нәтижелі болғанына іштей қуандым да қойдым. Бұл тарих тағылымы болып жазылды. Мені ауылға «Құдай айдап барған шығар, әйтпесе, ана аркада «Талаптан» ауылы деп жазылып тұрар ма еді. Жоғарыдағы ниеттес болған, мені қолдаған кісілерді бабамыздың әруағы қолдап, рухы жебеп жүрсін деген тілегім бар. Бала бидей данамыздың 200 жылдық мерейтойында мақала жазып, оны жеке кәсіпкер, танымал азамат Мәден Әлжанов екеуміз ашқан «Шиелі-Шұғыла» газетінің бас редакторы ретінде газет бетіне жазып, жариялап отырғанымды, ауылымды Бала би атандырғанымды мақтаныш етемін. Мұны маған айттырып отырған да Бала би бабамыздың «Ұрпақтарым мені қолдаса, мен оларды қолдаймын» деген асыл рухы болса керек. Бізді қолда, Бала би баба – деп мақаламды аяқтаппын. Содан бері зулап жиырма жыл да өте шығыпты. Енді Алланың қалауымен Бала би бабамыздың 210 жылдығына мақала жазу бақыты да маған бұйырып тұр екен. Бала бидің мерейтойын өткізуші, еске алушы, ұйымдастырушылар «Арман» мәдениет Үйінің басшылары болып шықты. Олар Балабидің төртінші ұрпағы, «СМП-Қызылорда» жеке серіктестігі» мекемесінің директоры, Шиелі ауданының және Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», белгілі кәсіпкер Әлімқұлов Темірхан Мәлікұлымен кездесу өткізіп, бабалары Бала би туралы шығарған «Мыңжылдық мирас» атты кітаптың тұсауын кесіп, «Оқшы Атада» Бала би бабаға ас беруді ұйғарған. Шежіреде Балабиден төрт бала туады – Елеусіз, Шойынбек, Әлімұса, Әлімқұл өрбиді делінген. Бала бидің Әлімқұл әулетінен тараған ұрпақтары Қызылорда қаласы мен Бәйгеқұм ауылында шаттық өмір сүруде. Бала би бабамыздың немерелері, шөберелері, шөпшектері мен неменелерін қоса есептегенде жүзден аса ұрпақ өсіп келеді. Бабамыздың 210 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын. Елімізде тыныштық, береке, бірлік пен ынтымақ бола берсін. Сөзімді де Балабидің
«Жерің кең болса талтая аласың,
Елің мықты болса шалқая аласың,» – деген өсиет сөзімен доғарсам дедім.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі