Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ОТАНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ОТАНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ

Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік сұранысының негізі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру
Бұл жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз», – деп Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр. Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет болып отыр. Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері тәрбиесінен көрінуі арқылы оның ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтығы мен отаншылдықты, рухани-адамгершілік жан-дүниесі қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді.

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық құндылықтар – қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізі ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп тәрбие мәселесінде пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік деп білемін.

Ұлттық отаншылдықты қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М. Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті». Бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше мән беру керектігін атап өтеді. Ал ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таңбасы.

Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерлеу – ұлттық идеяның басты көзі болады, оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігін нығайтады» - деп келтіреді. “Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қайтып алмақ” – деген тұжырым жасаған қазақ халқының ұлы ақыны ғалым М. Жұмабаев. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Өйткенi бүгiнгi дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдiктi танытар азаматтардың өсетiнiн танытады. Сол себептен де Елбасы өзінің мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп ой қорытады. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген болатын.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні шүбәсіз.

Отаншылдық міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады. Осы себепті, күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс ретіндегі қазақстандық патриотизм Отанды қорғау, нығайту және гүлдендіру жолында онымен ажырамас тұтастығын саналы түрде ұғынатын тұлғаның руханилығы, азаматтығы және саяси-әлеуметтік белсенділігінің бірлігі болып табылады. Ал, бұл кез-келген мемлекеттің түбірлі саяси міндеті екендігі белгілі. Отаншылдыққа тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу. Оның басты қағидасы Отанға, өзінің халқына, Атамекеніне деген сүйіспеншілік болып табылады. Бұл өз еңбегімен, жанкешті ерліктерімен елінің беделін арттырып, халқының абыройын асыратын қазақстандық азаматтардың күнделікті өмірінде пайда болады. Ол Отан мен Қазақстан халқына қауіп төнген сындарлы жағдайларда, әсіресе, айшықты әрі қарқынды түрде туындайды. Күнделікті тіршілікте ол азаматтардың өндірістегі, ғылымдағы, өнердегі, спорттағы, сондай-ақ, жауынгерлерді туған өлкені батыл қорғауға, өз халқының, елінің, Атамекенінің егемендігін, «құрмет көрсетіліп, қастерленуі» тиіс шекарамыздың бұзылмауын, қоғамдық құрылыстың мызғымастығын қамтамасыз етуге даярлайтын әскери қызметтегі жасампаз еңбегінен көрінеді.

«Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» демекші әр баланың бойында адамгершілік, батылдық, шыдамдылық, төзімділік қасиеттерін дамытып, жеке тұлғаны қалыптастыруға үлес қосу болып табылады. Жас ұрпақты аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Осы жерде еліміздің тарихы жетекші орын алады. Қазақ елінің тарихын насихаттап, өскелең ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелейтін, әрқашан мемлекеттік мүддені көздеп, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мәңгі баянды болуын насихаттау жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Тарихты оқу арқылы отаншылдыққа, өз халқына, басқа халықтарға деген сүйіспеншілікке, жауынгерлікке, еңбек сүйгіштікке, Отаны үшін кез келген қиындыққа әзір тұруға, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, қоғам үшін, халық үшін, елі үшін қызмет етуге дайын болуға, адалдыққа, шыншылдыққа, тазалыққа, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, өз мүддесін халық, Отан мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиеленеді. Ал, мектептегі тарих сабақтарында ерлікке, жауынгерлікке тәрбиелеу күрделі міндет. Осы жерде ержүрек батырлар мен қолбасшылардың қаһармандығын, ерлігін көрсеткен шайқастары туралы толық нақтыланған материалдар болуы тиіс. «Атамекен, туған жер» ұғымы – әрдайым қастерлі де қасиетті ұғым. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талпынумен бітеді. Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық». Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Бұлардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашан да болса өнеге болмақ.

Халқымыздың ауыз әдебиеті шығармашылығы ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Сол бай құндылықтардың ішінде, отаншылдықты дәріптейтін мұра — батырлар жыры. Отанын сүйген, елін жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатын Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары. Елін, жерін сырт жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты мыңдаған қазақ батырларына арналған көптеген дастандар, өз халқының мүддесі, арман-тілегі, туған жері үшін жан аямаған батырларға деген халықтың сүйіспеншілігі, азаматтарының рухани жан дүниесінің беріктігі, ерлігі мен отаншылдық қасиетін баяндайтын асыл қазыналары, ақын - жыраулардың, билердің татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған өлең жырлары, шешендік сөздері оқушыларының бойында отаншылдық сезімді қалыптастыруда маңызы өте зор.

Отансүйгіштік рух –тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ ең басты отбасында асқақ отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Бала мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі - ата – анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» - деген екен. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. «Отан отбасынан басталады»-дейді дана халқымыз, отанды сүю – отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінде шешуші факторы – отбасы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, бұрын-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата – бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ойымның қорытындысын, Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу басты шаруа. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламын.

Қайыркен ӘДИЕТ

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкер:
e-history.kz


02 желтоқсан 2020 ж. 3 387 0