Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт қаһарманын үлгі тұту

Ұлт қаһарманын үлгі тұту


Әрбір адам баласы үшін өз туған жері мен туған елінен, атамекенінен ыстық, сүйікті, қасиетті, киелі ешнәрсе болмайтыны анық. Бізді анамыздай асырап, әлпештеген осындай елді сүю – жер бетіндегі барлық халықтың парызы. Елін сүйе білген адам ғана халқына қадірлі, абыройлы болады. Дүниежүзінде өз елінен басқа да қаншама алуан түрлі мемлекеттер мен сұлу жерлер көп. бірақ, адамның туған анасы да біреу, сол сияқты оның Отаны да біреу ғана.

​Менің Отаным – Қазақстан. Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында өзінің тұтастығын, болашаққа деген үкілі үміті мен сенімін қасиетті бойтұмардай қастерлеп, сақтай білген қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы – егемендік пен тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстан елі. Міне, мен тәуелсіз Қазақстан елінің азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Бүгінде біздерді, жастарды, қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылуда.
Еліміздегі іргелі білім ордасы, қазақтың қары шаңырағы саналатын, құрылғанына 85 жыл толып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ерекше мәртебесі бар. Жыл сайын ҚазҰУ ең үздік мамандарды даярлайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті «Екі шет тілі» мамандығының 1 курс студенттері тарих ғылымдарының кандидаты Фатима Қозыбақова ұстазымыздың ғылыми жетекшілігімен 101-топтың студенттерінің ұйымдастыруымен «Руxани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының аясында «Қыр баласы» атты ғылыми конференциясы өте жоғарғы деңгейде өтті. Конференцияға дайындық барысында көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков секілді Алаш зерттеушілермен танысып, сұxбат алынып, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінен және Семей қалаларындағы Алаш зиялысы Әлиxан Бөкейxановтың асыл мұраларын көріп, Алматы қалалық мұрағатына барып, жеке құжаттарын өз көзімізбен көріп, ұстап қайттық. Алматы қалалық музейлеріндегі, кітапxаналарындағы барлық оқулықтармен танысып, руxани байып қалдық. Қыр баласының тек Алаш зиялысы ғана еместігін дәлелдей алдық. Бұл іс-шарада «Алаш» қозғалысына қатысқан зиялы қауым өкілдерінің өміріне үлкен шолу жасалынып, сол тұстағы ұлт көшбасшысы Ә.Бөкейхановтың қазақ ұлты үшін атқарған жұмыстарына талдау жасалынды. Студенттер ұлт зиялыларына арналған өлеңдерін оқып, ұлт көшбасшысы Ә.Бөкейханов жайлы көрініс ұйымдастырды. Қазақ халқының тәуелсіздігін аңсаған ұлт зиялыларына арналған іс-шараның студенттерге берері мол болды. Өз қамын емес, ел қамын, халқының болашағын ойлайтын азаматтар өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге болары анық.
Біз, бүгінгі жастар – ертеңгі ел тұтқасы, өмір иесіміз. Оқу орнынан алған біліміміздің тиянақты да сапалы болуы – ертеңгі еліміздің іргетасының берік қалануының айғағы.
Әр адам өз елін, өз халқын, туған жерін сүйетін болса, қандай қиыншылықты болса да жеңіп, елін сатпай, керісінше, сол елімен жері өркендеп, гүлдене түсуі үшін ерінбей еңбек етіп, тыныштығын қорғауы үшін өз үлесін қосады. Солардың қатарында мен де бармын. Өз басым болашағыма үлкен сеніммен қараймын және болашағымның жарқын болуы үшін терең білім, адамгершілік сезім арқылы жетуді мақсат тұтамын.
Қорытындылай келе, студенттер бұл іс-шарадан өздеріне қажетті тың мәліметтер алды деген ойдамын. Алаштықтардың, оның ішінде, Ә.Бөкейхановтың арман еткен тәуелсіз, егемен Қазақстанның болашағы өздері екендігіне көз жеткізді. Біз өз тарихымызды ешқашан ұмыта алмаймыз. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп, болашаққа нық қадам жасауымыз шарт. Сол себептен де, дәл қазіргідей тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан мемлекетте өмір сүріп жатқан біз, жастар, бірінші орынға өз ұрпағының еркіндігін қойған Ә.Бөкейхановты естен шығармай, ұлт қаһарманын үлгі тұтуымыз қажет деп ойлаймын.

Гүлсезім Жантөре.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультеті
1 курс студенті.

02 сәуір 2019 ж. 1 122 0