Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫСТА ЕҢ БАСТЫСЫ – ҚАҒАЗ ЕМЕС, АДАМ

ЖҰМЫСТА ЕҢ БАСТЫСЫ – ҚАҒАЗ ЕМЕС, АДАМ

Әлеуметтік салада еңбек ететін маманнан кәсіби біліммен қатар мейірім, сабыр және адам тағдырына жауапкершілікпен қарау талап етіледі. Шиелі ауданында жиырма жылдан астам уақыттан бері осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан жанның бірі – Ануза Шамұратова. Ол кісіні аудан тұрғындары мен әріптестері ақжарқын мінезі, адамға деген жанашырлығы мен адалдығы үшін құрмет тұтады.

Ануза Шамұратова Төңкеріс ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, ауыл мектебінде білім алды. Мектептен кейін мамандық таңдауда ауыл шаруашылығы саласына бет бұрып, Ленинград облысындағы Беседский совхоз-техникумының агрономия бөліміне оқуға түсті. 1987 жылы оқуын тәмамдап, еңбек жолын ауыл шаруашылығынан бастады. Ленинград облысындағы ­совхоздарда егіншілік бригадасын басқарды, агроном, жерге орналастыру маманы болып еңбек етті. Жастайынан еңбекке араласып, жауапты қызметтерді атқару оның бойына тиянақтылық пен табандылықты қалыптастырды. Алайда 1999 жылы туған жеріне оралғанда, өмір оған жаңа сынақтар дайындап тұрған еді. Бұл елдегі өтпелі кезеңнің қиын жылдары болатын. Тұрақты жұмыс бірден табыла қоймады. Жәрдемақы да, баспана да болмады. Күнкөріс қамымен ұсақ саудамен айналысып, шайханада тамақ әзірледі. Кез келген жұмысты ар көрмей, тіршілік үшін еңбек етті. Арада үш жыл өткен соң, Төңкеріс ауылдық округі әкімі аппаратына ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Сол жерде оның сауаттылығы, еңбекқорлығы мен белсенділігі аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің мамандарының назарына ілікті. Осылайша Ануза Шамұратованың өміріндегі жаңа кезең – әлеуметтік қорғау саласындағы еңбек жолы басталды. 2003 жылдан 2010 жылға дейін ол жалғызілікті қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсетті. Бұл қызметтің сырт көзге көрінбейтін өз қиындығы бар. Әлеуметтік қызметкер үшін жұмыс уақыты аяқталғанымен, қамқорлығындағы қарттардың мәселесі аяқталмайды. Бірінің үйін жинау керек, екіншісінің кірін жуу қажет, енді біріне ­ауласы мен бау-бақшасын реттеуге көмектесу керек. Кейде қарапайым ғана әңгімелесудің өзі жалғыздықты сезінген қарт адам үшін үлкен демеу болады. Ануза да өзіне бекітілген азаматтардың жағдайына бейжай қарамады. Үй шаруасына көмектесіп қана қоймай, олардың көңілін сұрап, сырласа білді. – Жұмыстан шаршап қайтатын кездерім көп болды. Бірақ қарттардың «рақметін» естігенде, шаршағанымды ұмытып кететінмін. Адамның алғысын есту ерекше күш береді. Сол кезде еңбегіңнің еш кетпегенін сезінесің, – дейді ол. Жылдар өте келе тәжірибесі толысып, кәсіби білімі де жетілді. Ануза жоғары білім алуды мақсат етіп, жоғары оқу орнының сырттай бөліміне түсіп, диплом алды. 2010 жылы аттестаттаудан өтіп, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарды бағалау және анықтау бағытында жұмыс істей бастады. Бүгінде оның атқаратын міндеті бұрынғыдан да жауапты. Ол әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың жағдайын зерделеп, қандай қолдаудың қажет екенін анықтайды. Өтініш иесінің үйіне барып, тұрмыс жағдайымен танысады, өзі сөйлеседі, қажетті құжаттар мен мәліметтерді жинайды. Қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге сұрау жолдап, көршілерінен де жағдайды сұрайды. Бұл жұмыста ең бастысы – қағаз емес, адам. Себебі әлеуметтік қызметке жүгінетін әр адамның тағдыры әртүрлі. Бірінің денсаулығы сыр берсе, енді бірі жалғыздықтың ауыртпалығын сезінеді. Кейбір отбасылар материалдық қиындыққа тап болса, енді біріне құқықтық немесе әлеуметтік көмек қажет. Сондықтан барлығына бірдей өлшеммен қарауға болмайды. Ануза әр азаматтың жағдайына жеке тоқталып, мәселенің мәнісін түсінуге тырысады. Оның пікірінше, әлеуметтік қызметкердің бойында ең алдымен адамға деген құрмет болуы керек. – Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Мен үшін ең үлкен марапат – адамдардың алғысы, – дейді ол. Шын мәнінде, әлеуметтік қызметкердің еңбегі күн сайын көзге көріне бермейді. Олар үлкен сахналарда марапат алып, көпшілік алдында сөз сөйлемеуі мүмкін. Бірақ бір қарттың көңілін жұбатып, қиындыққа тап болған отбасыға қажетті көмекті тауып беру, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жанның мәселесін шешуге ықпал ету – үлкен еңбек. Ануза Шамұратованың өмір жолына қарасақ, оның өзі де талай қиындықты бастан өткергенін көреміз. Жұмыссыз қалған, баспанасыз жүрген, күнкөріс үшін түрлі кәсіпті қолға алған кездері болды. Сондықтан болар, ол қиын жағдайға түскен адамның көңіл-күйін жақсы түсінеді. Бәлкім, оның мамандығына деген адалдығының бір сыры да осында шығар. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде талай адамның тағдырына куә болған Ануза бір нәрсені жақсы түсінді: кейде адамға үлкен материалдық көмекпен қатар, жылы сөз бен көңіл бөлу де қажет. Бүгінде ол өз ісін жалғастырып келеді. Уақыт өзгерді, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі де жаңарды. Бірақ оның жұмысындағы ең басты қағида өзгерген жоқ. Ол – адамға көмектесу. «Адамның бақыты – біреуге пайдасы тигенінде» деген сөз бар. Ануза Шамұратованың еңбек жолы осы қарапайым ойдың нақты көрінісіндей. Ол үшін күнделікті жұмыс – біреудің мәселесін шешуге көмектесу, біреуге үміт сыйлау, біреудің алғысын есту. Ал оның айтуынша, осының өзі – ең үлкен марапат. Айта кетейік, кейіпкеріміздің адал еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Осыдан бірер жыл бұрын ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

М.КЕҢЕСҰЛЫ

01 қыркүйек 2026 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930