РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен 26–27 тамыз күндері Республикалық ақпараттық-насихаттау тобының (РАНТ) мүшесі Арман Баймаханұлы Қуанышбаевтың қатысуымен аудан көлемінде бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.Кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындар мен діни сала өкілдерінің діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау және дін мәселесінде дұрыс ақпарат көздерін таңдаудың маңыздылығын түсіндіру.
Іс-шаралар барысында РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев аудандық мешіттерде және медресе орталығында дін қызметкерлері, мешіт жамағаты, жастар және білім алушылармен кездесіп, қазіргі қоғамдағы өзекті діни мәселелер жөнінде кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында діни ақпаратты дұрыс қабылдау және оны талдау, интернет пен әлеуметтік желілердегі діни мазмұндағы ақпараттарға сыни көзқараспен қарау, діни радикалды идеологиялардың алдын алу, зайырлы қоғам қағидаттары, дәстүрлі ислам құндылықтары және ұлттық салт-дәстүрдің діндегі орны сияқты маңызды тақырыптар қозғалды.
Спикер қазіргі таңда ақпараттың қолжетімділігі артқан сайын діни тақырыптағы түрлі мәліметтердің де әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде көптеп таралатынына тоқталды. Осыған байланысты кез келген діни ақпаратты тексермей қабылдамау, белгісіз адамдардың уағыздары мен күмәнді діни ресурстарға жүгінбеу және діни мәселелер бойынша білікті мамандар мен ресми ақпарат көздеріне жүгінудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Жастардың діни ұстанымын дұрыс қалыптастыру, олардың түрлі теріс идеологиялық ықпалдарға еріп кетуінің алдын алу және қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты сақтау бағытында нақты ұсыныстар берілді.
Аудандық мешіттердегі кездесулерде дін қызметкерлерінің қоғамдағы рухани тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды. Имамдарға жамағатпен жұмыс барысында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, діни мәселелерге қатысты сауалдарға байыппен жауап беру және халыққа дұрыс әрі сенімді ақпарат жеткізу қажеттігі түсіндірілді.
Ал медресе орталығында өткен кездесуде білім алушыларға діни білім алудың жауапкершілігі, ұстаз таңдаудың маңызы, діни білім мен зайырлы білімнің сабақтастығы жөнінде кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ білім алушыларды өз бетінше интернеттен діни білім іздеуден сақ болуға, күмәнді дереккөздерден ақпарат алмауға және кез келген діни мәселені білікті мамандармен талқылауға шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған діни мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, спикер тарапынан тиісті жауаптар мен түсіндірмелер алды. Ашық форматта өткен кездесулер қатысушылардың қызығушылығын тудырып, пікір алмасу алаңына айналды.
Арман Қуанышбаев өз сөзінде діни тұрақтылықты сақтау тек діни қызметкерлердің ғана емес, бүкіл қоғам мүшелерінің ортақ міндеті екенін атап өтіп, халықты бірлік пен өзара құрметті сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және діни мәселелерде сабырлы әрі жауапты ұстаным қалыптастыруға шақырды.
Жалпы, екі күнге жалғасқан ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындар мен діни сала өкілдерінің діни сауатын арттыруға, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайтуға және теріс діни идеологиялардың алдын алуға бағытталды.
Шиелі ауданында мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықтың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі түрде жүргізілетін болады. Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.







