Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құндылық қадірленсе, қоғам кемелденеді

Құндылық қадірленсе, қоғам кемелденеді

Қоғамның беріктігі мен елдің бірлігі – ең алдымен адам бойындағы ізгі қасиеттер мен рухани құндылықтардың қаншалықты дәріптелуіне байланысты. Ұлттық тәрбие мен дәстүрді ардақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отансүйгіштік пен адамгершілікті биік қою – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Осындай құндылықтар санаға сіңіп, өмір салтына айналғанда ғана қоғамның іргесі берік болмақ.
Осы орайда ауданда дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында тағылымды кездесу өтті. Басқосуға белгілі теолог, исламтанушы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев қатысып, діни сауаттылық пен рухани тәрбие мәселелері төңірегінде ой қозғады.
Кездесуге «Семізбай-U» ЖШС кәсіпорнының қызметкерлері қатысып, қоғамдағы діни ахуал, ұлттық құндылықтар және отбасы тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Жиында діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесінің маңызын күшейту және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Қазіргі ақпараттық қоғамда адам санасына әсер ететін түрлі мәліметтердің көптігі ескеріліп, діни ақпаратты дұрыс қабылдау мен сенімді дереккөздерге жүгінудің маңызы түсіндірілді.
Арман Қуанышбаев өз сөзінде діннің адам тәрбиесіндегі орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, діннің негізгі құндылықтары адамды ізгілікке, сабырлылыққа, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. Сондықтан діни білімді дұрыс меңгеру – жеке тұлғаның рухани қалыптасуымен қатар, қоғамның тұрақтылығына да әсер ететін маңызды фактор.
Теолог жастар мәселесіне де ерекше назар аударып, өскелең ұрпақты білімге ұмтылуға, елін сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Сонымен қатар жат діни ағымдардың ықпалынан сақтану, күмәнді діни ақпараттарға ермеу және әлеуметтік желілердегі мәліметтерді саралап қабылдау қажеттігін атап өтті.
Бүгінде жастардың ақпаратты негізінен интернет пен әлеуметтік желілерден алатыны белгілі. Осындай жағдайда діни сауаттылықтың маңызы арта түседі. Себебі дұрыс пен бұрысты ажырата білу, ақпараттың ақиқаттығына көз жеткізу және кез келген пікірге сын тұрғысынан қарау – адамның өзін түрлі теріс ықпалдардан қорғауына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, маманнан нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын көпшілікке ой салып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, отбасы тәрбиесі және қоғамдағы рухани ахуал туралы маңызды ойларды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Расында, құндылық қадірленген жерде тәрбие де, тағылым да бар. Ал тәрбиесі мықты қоғамның болашағы да баянды. Ұлттық болмысты сақтап, рухани негізімізді нығайту – тек белгілі бір саланың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің мәні де осында. Олар халықтың діни сауатын арттырып қана қоймай, қоғам мүшелерінің өзара түсіністігін нығайтуға, жастардың дұрыс бағыт-бағдар алуына және рухани құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Құндылықты ұлықтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа дұрыс жол сілтеу. Рухани негізі берік, ұлттық құндылығын бағалайтын, білімді әрі саналы ұрпақ қалыптасқан қоғам ғана кемелдікке ұмтылады.

Айнұр ИБРАШЕВА
31 тамыз 2026 ж. 28 0