Үздік болу идеологиясы: жетістікке ұмтылыс па, әлде өзіңмен күрес пе?
Бір қарағанда, мұның бәрі жақсы мақсат секілді. Өйткені адамды алға жетелейтін – арман, талап пен еңбек. Алайда үнемі үздік болуға ұмтылудың екінші жағы да бар. Кейде жетістікке деген талпыныс адамның дамуына емес, өз-өзін өзгелермен үздіксіз салыстыруына, шаршауына, тіпті өзінің құндылығын тек нәтижесі арқылы бағалауына алып келеді.
Үздік болуға деген ұмтылыстың тамыры адам табиғатында жатыр. Адам өз қабілетінің мойындалғанын қалайды. Жақсы нәтиже көрсеткенде оның еңбегі бағаланады, өзіне деген сенімі артады. «Менің қолымнан келеді» деген сезім адамға күш береді. Бала кезден қалыптасқан марапаттау жүйесі де осы ұмтылысты күшейтеді. Жақсы баға алған бала мақтау естиді, жарыста жеңген спортшыға құрмет көрсетіледі, қызметте жоғары нәтиже көрсеткен адам мансаптық тұрғыдан өседі. Осылайша санада біртіндеп «жақсы нәтиже = мойындалу» деген байланыс қалыптасады. Ал қоғамда бәсекелестік артқан сайын адам өз орнын сақтап қалу үшін өзгелерден озық болуға тырысады. Біреудің жетістігі екіншісіне мақсат емес, кейде өзін бағалайтын өлшемге айналады.
Әлеуметтік желілер бұл құбылысты одан әрі күшейтті. Адамдар көбіне өз өмірінің қиындықтарын емес, жетістігін көрсетеді: бірі жаңа қызметке орналасады, бірі үй алады, енді бірі саяхаттайды, кәсібін дамытады. Мұны күн сайын көрген адам өз өмірін өзгелердің сырт көзге көрінетін жетістігімен салыстыра бастайды. Сөйтіп, «мен бақыттымын ба?» деген сұрақтың орнына «мен олардан кем емеспін бе?» деген сұрақ келуі мүмкін.
Бақыттың кілті ол емес
Жетістікке ұмтылу мен үздік болуға мәжбүр сезіну – екі бөлек нәрсе. Біріншісінде адам өз мүмкіндігін кеңейткісі келеді. Ол кешегіден бүгін жақсырақ болуға тырысады. Қателессе, оны тәжірибе деп қабылдайды. Ал екіншісінде адам жеңілістен қорқады. Себебі оның санасында «бірінші болмасаң – сен жеткіліксізсің» деген түсінік қалыптасады.

Мұндай жағдайда жетістік қуаныш әкелудің орнына қысымға айналуы мүмкін. Бір мақсатқа жеткен адам бір сәт қана қуанады да, артынша келесі межені ойлай бастайды. «Енді бұдан да жоғары нәтиже көрсетуім керек» деген ішкі талап тыныштық бермейді. Осылайша адам өзінің бүгінгі жетістігін бағаламай, үнемі келесі белеске қарай ұмтылады. Жеңіс бар, бірақ қанағат жоқ. Нәтиже бар, бірақ ішкі тыныштық жоқ.
«Үздік болу» мен «жақсы болудың» айырмасы
Мүмкін, мәселенің шешімі «үздік болмауда» емес, үздіктіктің мағынасын қайта түсінуде шығар. Үздік болу міндетті түрде бәрінен бірінші болу деген сөз емес. Кейде үздік нәтиже – қиындыққа қарамастан істі соңына дейін жеткізу. Кейде – өзіңе ұнамайтын сәтсіздіктен кейін қайта тұру. Ал кейде – өзгелермен жарыспай, өзіңнің кешегі деңгейіңнен бір қадам алға жылжу.

Адамның ең үлкен бәсекелесі – басқа адам емес, оның кешегі өзі. Егер балаға «сен міндетті түрде бәрінен үздік болуың керек» дегеннен гөрі «қолыңнан келгенше тырыс, қателесуге болады, ең бастысы – үйрену» деген түсінік берілсе, оның жетістікке деген көзқарасы да өзгеше қалыптасады. Өйткені адамды ұзақ жолда ұстап тұратын нәрсе – мінсіздік емес, тұрақтылық.
Ұмтылыс қай кезде пайдалы?
Жетістікке ұмтылудың жағымды жағын да жоққа шығаруға болмайды. Мақсат адамның әлеуетін ашады. Ол тәртіпке үйретеді, еңбек етуге ынталандырады, жаңа нәрсені үйренуге итермелейді.
Жетістікке ұмтылудың жағымды жағын да жоққа шығаруға болмайды. Мақсат адамның әлеуетін ашады. Ол тәртіпке үйретеді, еңбек етуге ынталандырады, жаңа нәрсені үйренуге итермелейді.
Үздік болуға талпынатын адам көбіне өз саласын терең меңгеруге тырысады. Ол ізденеді, уақытын тиімді пайдалануға үйренеді, жауапкершілік алады. Мұндай қасиеттер жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына әсер етеді. Бірақ бұл ұмтылыс адамның өзіне деген құрметімен қатар жүруі керек. «Мен жеңсем ғана құндымын» емес, «мен нәтижеге қарамастан құндымын, ал жетістік – менің еңбегімнің бір нәтижесі» деген түсінік маңызды.
Сонда жеңіс те, жеңіліс те адамды анықтайтын үкімге айналмайды. Ең маңыздысы – өз орныңды жоғалтпау. Қоғам адамнан үнемі жоғары нәтиже күтеді. Жақсы оқы, көп ақша тап, мансап құр, өзгелерден озып кет. Бірақ осы талаптардың арасында бір қарапайым нәрсе ұмыт қалмауы керек: адам өз өмірін де өмір сүруі тиіс. Әр адамның қарқыны әртүрлі. Біреу ерте жетістікке жетеді, енді бірі өз жолын кейін табады. Біреу үшін үлкен жетістік – биік қызмет болса, екіншісі үшін отбасының амандығы, сүйікті ісі немесе тыныш өмірі болуы мүмкін. Сондықтан үздік болудың жалғыз өлшемі жоқ.
Шын мәніндегі жетістік – өзгелердің бәрінен озып кету емес. Өз қабілетіңді танып, өз жолыңды тауып, сол жолда адамдық қасиетіңді жоғалтпау. Өйткені өмір – үнемі жарыс емес. Кейде тоқтап, өзіңе: «Мен қайда бара жатырмын және бұл жол маған шынымен керек пе?» деген сұрақ қоюдың өзі үлкен жетістік. Үздік болуға ұмтылу адамды алға сүйресін. Бірақ ол адамды өзінен алыстатпасын. Өйткені ең биік нәтиже – өзгелерден жоғары тұру емес, өзіңнің мүмкіндігіңді толық ашып, өзіңмен үйлесімді өмір сүре білу.
Г.Әбдіхани