АРДАГЕРГЕ АЛТЫ АЙ КҮТУ КЕРЕК ПЕ?
12 мамыр күні аудандық қорғаныс бөліміне арнайы барып, өзіме тиесілі мәселені анықтап білгім келді. Атап айтқанда, 1968 жылғы Чехословакия оқиғасына қатысқаныма байланысты қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған-қарастырылмағанын сұрадым.Қолымда КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінен бұрын алынған анықтамам бар. Құжатта мерзімінің шектелмегені көрсетілген. Алайда маған бұл анықтаманың жарамайтынын, жаңадан анықтама алу керектігін айтты. Ол үшін архивке сұрау жіберілетінін, жауаптың алты айға дейін созылуы мүмкін екенін түсіндірді.
Мен сонда қарапайым ғана сұрақ қойдым: «1968 жылғы Чехословакия оқиғасына қатысқан әскери ардагерлерге жеңілдік бар ма, жоқ па?» Осы сауалға жауап беру үшін міндетті түрде 6 ай күту керек пе?
Менің білуімше, 2020 жылы шет мемлекеттер аумағындағы әскери қақтығыстарға қатысқан азаматтарға қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданған. Мен сол заң аясында өз жағдайымның қарастырылған-қарастырылмағанын білгім келді. Егер жеңілдік бар болса, түсіндірсін. Егер жоқ болса, жоқ екенін айтсын. Менің сұрағаным осы ғана.
Ал маған «архивтен анықтама алып келіңіз, алты ай күтесіз» деген жауап берілді. Әрине, архивтік құжаттың қажет екенін түсінемін. Құжат мәселесі заң талаптарына байланысты болса, оған қарсылығым жоқ. Бірақ алдымен азаматтың қойған сұрағына заң тұрғысынан түсінікті жауап беруге болмай ма? Мені ең қатты қынжылтқаны осы мәселенің шешілу барысындағы қарым-қатынас.
Мен 84 жастағы қариямын. Әскери қызмет атқарып, кезінде Чехословакиядағы оқиғаға қатысқан ардагермін. Оң аяғыма темір салынған, денсаулығым да мәз емес. Соған қарамастан мемлекеттік мекемеге өз аяғыммен барып отырмын. Мен ол жерден ерекше жағдай немесе артықшылық сұраған жоқпын. Тек адамша сөйлесіп, заңды түсіндіріп беруді күттім.
Алайда қызметкердің креслода шіреніп отырып сөйлегені, менің жасымды, ардагер екенімді, денсаулығымды ескермегені көңіліме ауыр тиді. Біз, аға буын, мемлекеттен көп нәрсе сұрамаймыз. Бірақ ең болмаса еңбегіміз бен өткен жолымыздың ескерілгенін қалаймыз. Әскери борышын өтеген, елдің тапсырмасымен шет мемлекетте болған ардагер қартайғанда мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырып, анықтама іздеп сергелдеңге түспеуі керек деп ойлаймын.
Егер жаңа анықтама шынымен қажет болса, оны алу тәртібін түсіндіріп, қолдан келген көмекті көрсетуге болады ғой. Ал «алты ай күтесің» деп шығарып салу, қария адамға оңай емес. Менің бұл хатты жазудағы мақсатым – біреуді қаралау емес. Мемлекеттік қызметкер мен ардагер арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік пен құрмет жоғалмаса екен деген өтінішім. Заң – баршаға ортақ. Оның талабын орындау – біздің міндетіміз. Ал сол заңды халыққа түсіндіру, әсіресе жасы келген ардагерге құрметпен қызмет көрсету – мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің міндеті деп білемін. Сондықтан менің аудандық қорғаныс бөліміне қойған сұрағыма нақты жауап берілсе екен:
1968 жылғы Чехословакиядағы қақтығысқа қатысқан әскери ардагерлерге қазіргі заңнама бойынша қандай да бір жеңілдік қарастырылған ба? Егер бар болса, қандай жеңілдіктер? Егер жоқ болса, соны да ашық түсіндірсе. Ал архив анықтамасы жеке басқа мәселе ретінде шешіле берсін. 84 жастағы ардагерді алты ай бойы белгісіздікке салып қоюдың қажеті қанша? Менің бар тілегім – заңды білу және ардагер ретінде адамдық құрмет көру.
Сапар ТАҢАТАРОВ,
әскери ардагер
әскери ардагер






