БӨЛІМ БАСШЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бұйрығына сәйкес, Шиелі аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жаңа бастығы болып тағайындалған майор Береке Дәндібай таныстырылды.Береке Усайнұлы 1994 жылғы 4 наурызда Шиелі ауданында дүниеге келген. 2015 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әскери қызмет жолын 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы 30238 әскери бөлімінде бастаған. 2018-2019 жылдары «Регион Күзет агенттігі» ЖШС-да командалық бекет операторы қызметін атқарған. 2020-2023 жылдары Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау тобының бастығы, 2023 жылы аталған бөлімнің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының бастығы қызметтерінде абыройлы еңбек еткен. 2023 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы Арал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы қызметін атқарып келді. Отбасылы.
Сондай-ақ кадрлық мәжіліс барысында 2025 жылдан осы уақытқа дейін Шиелі аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарып келген Қадырбек Төребекұлы жаңа қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салынды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Қадырбек Төребекұлына Шиелінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қорғаныс саласына қосқан еңбегі үшін алғыс білдіріп, ауданның жоғары марапаты – құрмет грамотасын табыстады.
Жиында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов, қоғамдық кеңес мүшесі Насырбек Аябекұлы сөз алып, қызметке тағайындалған жаңа бөлім басшысына игі тілектерін білдірді.
М.ИБРАГИМ


