Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАҒЫ СҰРАНЫС, СЫРТТАҒЫ ӨНДІРІС

СЫРДАҒЫ СҰРАНЫС, СЫРТТАҒЫ ӨНДІРІС

Қазақ «Жері байдың – елі бай» дейді. Бұл сөздің мәні уақыт өткен сайын тереңдей түсуде. Табиғи байлықтың мол болуы елдің әл-ауқатын арттырмайды. Байлықты тиімді игеру, оны өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыру ғана тұрақты экономиканың негізін қалайды. XXI ғасырдағы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі жер қойнауындағы қазба байлықтың көлемімен емес, сол байлықты қаншалықты тиімді пайдалана алғанымен өлшенеді.
Қазақстан мұнайға, газға, уранға, түрлі металға бай мемлекеттің қатарында. Соған қарамастан көптеген стратегиялық өнім бойынша сыртқы нарыққа тәуелдіміз. Соның бірі – ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары. Бұл мәселе әсіресе аграрлық өңірлер үшін өткір сезіледі. Өйткені егістіктің өнімділігі де, шаруаның табысы да топырақ құнарын сақтауға және сапалы агрохимиялық өнімдердің қолжетімді болуына тікелей байланысты.
Елдің ризығы мен берекесі өсетін жердің құнарлылығы сырттан келетін бір уыс химияға қарап қалғаны қынжылтады. Әсіресе, жүз мыңдаған гектар алқапқа егін егіп, ақ күріштің астанасына айналған Сыр өңірі үшін бұл мәселе тіпті өзекті. Облыстағы шаруашылықтар жыл сайын жүз мың гектардан астам алқапқа күріш, бидай, жоңышқа, бақша дақылдары мен мал азығын егеді. Осындай ауқымды егістік минералды тыңайтқышсыз жоғары өнім бере алмайды. Қазіргі заманғы егіншілік топырақтың табиғи құнарымен ғана шектелмейді. Жыл сайын жерден алынатын қоректік элементтердің орнын толықтырып отырмаса, өнім көлемі де, сапасы да төмендейді. Сондықтан азотты, фосфорлы және кешенді минералды тыңайтқыштар ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігіне айналды.
Сыр диқандары да карбамид, аммиак селитрасы, аммофос, сұйық тыңайтқыштар мен түрлі гербицидті тұрақты пайдаланады. Бірақ олардың басым бөлігі Ресейден, Өзбекстаннан және басқа мемлекеттерден жеткізіледі.
Мұндай жағдай ондаған жыл бойы қалыпты құбылыс ретінде қабылданып келеді. Алайда мәселені кеңірек қарастырсақ, импортқа тәуелділік ауыл шаруашылығының ғана емес, өңір экономикасының да дамуына әсер етіп отырғаны байқалады.

ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ЖАТҚАН ҚАРЖЫ
Қарапайым математикаға жүгініп көрейік. Қызылорда облысында егістік көлемі жүз мың гектардан асады. Әр гектарға енгізілетін тыңайтқыш мөлшері өсірілетін дақылға, топырақтың жағдайына және агротехнологияға байланысты өзгереді. Соған қарамастан шаруашылықтардың минералды тыңайтқышқа жұмсайтын шығыны жыл сайын ондаған миллиард теңгемен есептеледі. Бүгінде Ресейден келіп жатқан азотты тыңайтқыштардың килограмы 200-300 теңге аралығында сатылады.
Мемлекет тарапынан аграрийлерге қолдау ретінде оның жартысы субсидияланатыны рас. Бірақ бұл нені білдіреді? Осы қазына қаржысы, халықтың ақшасы субсидия түрінде шетелдік кәсіпкерлердің қалтасына тікелей құйылып жатыр деген сөз. Егер 100 мың гектар егістікке қажетті көлемді алып қарасақ, әр гектарға жұмсалатын орташа шығын мен логистиканы есептегенде, жыл сайын тек бір ғана Сыр өңірінен сыртқа 25 миллиард теңгеге жуық қаражат ұшып кетіп жатыр. Салыстыру үшін айтсақ, 25 миллиард теңге бұл тұтас бір ауданның жылдық бюджеті. Осындай орасан қаржы өз өңірімізде қалып, жергілікті экономиканы көтеруге неге жұмсалмасқа?
Экономикалық тұрғыдан қарағанда мұның бір ғана шешімі – ішкі өндірісті күшейту. Егер дәл сол өнім Қазақстанда шығарылса, бюджеттен бөлінген қаражат отандық кәсіпорындардың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімдерінің артуына қызмет етер еді.

ОБЛЫСТА МҰНДАЙ ӨНДЕРІСКЕ НЕГІЗ БАР МА?
Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беруге болады: бар. Ең алдымен өңірде тұрақты тұтынушы бар. Жыл сайын тыңайтқышқа сұраныс төмендемейді. Керісінше, су үнемдеу технологияларының енгізілуі мен өнімділікті арттыру талаптары минералды тыңайтқыштардың рөлін күшейте түседі. Екіншіден, Қызылорда облысы тек аграрлық аймақ емес. Мұнда ондаған жылдан бері мұнай өндіріліп келеді. Құмкөл кен орындары еліміздің энергетика саласында маңызды орын алады. Арал, Қазалы және Қармақшы бағыттарында жүргізілген геологиялық зерттеулер де өңірдің көмірсутек әлеуетінің әлі толық игерілмегенін көрсетеді.
Әрине, азотты тыңайтқыш өндірудің негізгі шикізаты – табиғи газ. Дегенмен мұнай-газ саласы дамыған өңірлерде мұндай өндірісті дамытуға қажетті өндірістік инфрақұрылым, инженерлік тәжірибе және логистикалық мүмкіндік қалыптасады. Сондықтан Қызылорданың әлеуетін мұнайдың өзімен ғана емес, жалпы мұнай-газ кешенінің мүмкіндігімен бағалау орынды.
Үшіншіден, облыстың көлік инфрақұрылымы қолайлы. Теміржол магистралі еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстырады. Бұл дайын өнімді ішкі нарыққа жеткізуге де, Орта Азия елдеріне экспорттауға да мүмкіндік береді.

ТЕК КҮРІШПЕН ШЕКТЕЛУ ЖЕТКІЛІКСІЗ
Қызылорда экономикасы ұзақ жылдар бойы екі негізгі салаға сүйеніп келеді. Мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығы. Бұл бағыттардың маңызы зор болғанымен, өңірдің болашағы шикізат өндірумен ғана шектелмеуі тиіс. Әлемдік тәжірибе табиғи ресурсты өңдеп, жоғары технологиялы өнім шығаратын аймақтардың әлдеқайда тұрақты дамитынын көрсетіп отыр. Мұнайдың өзін сатудан гөрі, оның негізінде химия өнеркәсібін дамыту әлдеқайда тиімді. Сол сияқты ауыл шаруашылығы тек өнім өсірумен емес, оған қажетті ресурстарды өз ішінде өндіру арқылы да күшейеді.
Қызылорда үшін минералды тыңайтқыш шығаратын кәсіпорын – жай ғана өндіріс нысаны емес. Ол аграрлық және өнеркәсіптік секторды бір-бірімен байланыстыратын жаңа экономикалық бағыт болуы мүмкін.
Соңғы жылдары әлемдегі геосаяси өзгерістер, логистикалық қиындықтар мен экспорттық шектеулер көптеген елге маңызды сабақ болды. Кез келген стратегиялық өнім бойынша сыртқы жеткізілімге тәуелді болудың тәуекелі жоғары екені анық байқалды. Минералды тыңайтқыштар да сондай өнімдердің қатарына жатады. Егер жеткізу тізбегі үзілсе немесе баға күрт өссе, оның салдары ең алдымен ауыл шаруашылығына әсер етеді. Өнімнің өзіндік құны қымбаттайды, шаруалардың шығыны көбейеді, ақыр соңында азық-түлік бағасына ықпал етеді. Сондықтан тыңайтқыш өндірісі тек кәсіпкерлік жоба ретінде емес, азық-түлік қауіпсіздігімен, экономикалық тұрақтылықпен және өңірлік дамумен сабақтас стратегиялық бағыт ретінде қарастырылуы тиіс.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ ЗАУЫТТАР БАР?
Елімізде минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорындар бар болғанымен, олардың өндірістік қуаты ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай келеді. Еліміздегі негізгі кәсіпорындардың қатарында Ақтау қаласындағы азотты тыңайтқыштар шығаратын өндіріс, Тараздағы фосфор және минералды тыңайтқыш шығаратын химия кешені, басқа да жекелеген химия кәсіпорындары жұмыс істейді. Дегенмен Қазақстандағы егістік көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Миллиондаған гектар алқапқа қажетті тыңайтқыш көлемі бірнеше миллион тоннамен есептеледі. Сол себепті импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Бүгінде минералды тыңайтқыш өндірісі ауыл шаруашылығы дамыған елдердің стратегиялық саласына айналған. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Сауд Арабиясы, Марокко сияқты мемлекеттер ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, миллиардтаған долларлық экспорт жасайды. Өйткені олар бір нәрсені ерте түсінді. Ауыл шаруашылығы тыңайтқышсыз дамымайды. Ал тыңайтқыш өндірісі – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Қазақстан да дәл осы жолмен жүруі тиіс.
Қызылорда облысында бірнеше артықшылық қатар тоғысқан. Біріншіден, мұнай-газ өндірісі дамыған. Екіншіден, аграрлық сектор қарқынды. Үшіншіден, теміржол және автомобиль жолдары дайын. Төртіншіден, тыңайтқыштың тұрақты тұтынушысы өз өңіріміздің өзінде бар. Бесіншіден, көршілес Түркістан облысы, ­Жамбыл облысы, Өзбекстан және басқа өңірлер де әлеуетті нарыққа айнала алады. Яғни мұндай кәсіпорын өнімсіз қалмайды.
Бүгінде өңір экономикасы негізінен күрішке және мұнайға сүйенеді. Ал әлемдік тәжірибе шикізат сататын емес, шикізатты өңдейтін мемлекеттердің тұрақты дамитынын көрсетіп отыр. Қызылордада минералды тыңайтқыштар, карбамид, аммиак селитрасы, кешенді тыңайтқыштар және өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіретін химиялық кешен салынса, ол тек бір кәсіпорынның құрылысы болмайды. Бұл – жаңа индустриялық бағыттың бастамасы болар еді. Жоғары оқу орындарына жаңа мамандықтар қажет болады. Ғылыми зертханалар ашылып, химия ғылымы дамиды. Жергілікті кәсіпкерлер жаңа өндірістерге араласып, экспорт көлемі артады. Ең бастысы – өңірдің экономикалық тәуелсіздігі күшейеді.

ТҮЙІН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында әрдайым шикізаттық бағыттан арылып, терең өңдеуге көшу, отандық өндірісті дамыту қажеттігін қатаң тапсырып келеді. Алайда жергілікті атқарушы органдар мен жауапты ведомстволар бұл бағытта әлі де баяу қимылдауда.
Бұл бастама мемлекет пен жеке инвесторлардың бірлескен жобасы ретінде қарастырылуы тиіс. Ең алдымен Қызылорда облысында минералды тыңайтқыштар мен агрохимия өндірісінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қажет. Шикізат қоры, өндіріс орны, экологиялық талаптар, қажетті инвестиция көлемі және өткізу нарығы жан-жақты зерттелуі тиіс.
Егер жоба экономикалық тұрғыдан тиімділігі дәлелденсе, оны арнайы индустриялық аймақта орналастырып, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану маңызды. Инвесторларға салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді сатып алу кепілдіктері қарастырылса, мұндай өндіріс қысқа мерзім ішінде өзін ақтай алады.
Біз жыл сайын миллиардтаған теңгені сырттан келетін тыңайтқыштарға жұмсап отырмыз. Оның үстіне сол өнімдердің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Демек, қазына қаржысының едәуір үлесі өзге елдердің өндірісін қолдауға кетіп жатыр. Ал Қызылордада мұнай бар, өнеркәсіптік әлеует бар, теміржол бар, аграрлық нарық бар, еңбек ресурсы бар. Ендеше, неге қосылған құны жоғары өнімді өзіміз өндірмейміз?
Айтып отырғанымыз, жай ғана өндіріс туралы ұсыныс емес, импортқа тәуелділікті азайту, өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығын қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етуге бағытталған нақты даму идеясы.
Шикізаты өзімізден табылатын, жері мен ниеті бар Сыр өңірі мен басқа да аграрлық аймақтар бұл мәселені түбегейлі қолға алатын кез келді. Өз топырағымызды өзіміз байытып, өз өнімімізді өзіміз өндіретін уақыт келді. Әйтпесе, шетелдік тыңайтқышқа тәуелділік ертеңгі күні тәуелсіздігіміздің өзгермес бір шартына айналып кетуі әбден мүмкін.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
10 тамыз 2026 ж. 19 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

№58 (9425)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31