ТОПЫРАҚТЫҢ ТЫНЫСЫ – ТЫҢАЙТҚЫШ
Нақты егіншілік, дәл немесе нүктелік егіншілік. Бұл үш тіркес те – ауыл шаруашылығында кең таралып келе жатқан бір ғана технологияның бір ізге түспеген атауы. Бірақ оның қалай аталғанынан гөрі, диқандарға қандай «жеңілдік» ұсынатыны маңызды. Интернет беттеріндегі жарнамалар мұндай қызмет көрсететін техника үшін 90 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін ақы сұрайды. Егістіктен нәпақасын тауып жүргендерге бұл қаншалықты тиімді? Технология мен топырақтың арасында қандай байланыс бар? Осы сауал төңірегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универститеті Топырақтану және агрохимия кафедрасының доценті Ербол Нұрмановпен пікірлескен едік.
***
Нүктелік егіншілік технологиясы ауыл шаруашылығы машиналары мен техникаларын пайдалануда оларды жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді. Одан бөлек ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауда мәліметтер базасын құруға, қоректік заттардың баланстық жүйесін, топырақ бонитировкасы мен агрохимиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде жоспар құру, метеомәліметтерді өңдеп, ақпарат жинауда, ауыл шаруашылығы машиналарын қолдану кезінде статистикалық мәліметтерді пайдалануға оң әсер етеді.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі тараптың топырақ құнарлылығының өзгермелі параметрлерін талдап, ескеруде, қолданылатын агротехникалық шараларды реттеуде жаңа технологиялық құрылғылар мен информатика жетістіктері пайдаланылады. Мұның өзі кеткен шығынды азайтып, экономикалық тиімділікті арттыруға, экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауға тиімді.
***
Қазақстанның топырақ жамылғысы күрделі әрі әртүрлі. Еліміздің жазық бөлігі барлық аумақтың 86 пайызын алып жатыр. Негізінен, үш топырақ аймағына бөлінеді: қара топырақ; қара қоңыр топырақ; қоңыр, сұр қоңыр топырақты аймақ.
Топырақ түрлерін анықтау – ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлердің бағытын белгілеуге көмектеседі. Топырақ құнарлылығы жоғары жерлер – ауыл шаруашылығын өсіруге, құнарлылығы төмен топырақтар – мал шаруашылығына пайдалануға, шабындық пен жайылымға пайдаланылады.
Топырақ құнарлылығы дегеніміз – өсімдіктерге қажетті мөлшерде минералды элементтермен, сумен, оның тамырларын ауамен, жылумен қамтамасыз етіп, өсімдіктің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасайтын құнарлы бөлігін айтамыз. Топырақ құнарлылығын арттыру үшін топырақ түрлері мен құрамына сәйкес органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолдану, қышқылды топырақтарға әк, кебірлі топырақтарға гипс енгізу, топырақ өңдеу жүйесін жоспарлау, суару немесе құрғату, көпжылдық шөптер егу, ауыспалы егіс жүйесін қолдану, өнімділігі жоғары сұрыптар мен гибридтерді өсіру секілді шаралар жүзеге асырылады.
НҮКТЕЛІК ЕГІНШІЛІК – ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТЫП, БІР БІРЛІККЕ ШАҚҚАНДАҒЫ ӨНІМДІЛІКТІ ЖОҒАРЫЛАТУҒА, ПАЙДА КӨЛЕМІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЕГІНШІЛІК ЖҮЙЕСІ.***
Топырақ құрамына, түрлеріне сәйкес ондағы өсірілетін дақылдардан жоғары сапалы өнім алуда көптеген агротехникалық шаралар ұйымдастырылады. Топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыру топыраққа құрамы қоректік заттарға бай органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу арқылы жүргізіледі.
Тыңайтқыштардың өндірістен шығарылатын көптеген түрлері белгілі. Олар құрамындағы қоректік заттар мөлшеріне, ерігіштігі мен сіңімділігіне, физикалық, физиологиялық, химиялық, физика-химиялық құрамына сәйкес өзгереді. Топыраққа тыңайтқыштарды қолданарда аталмыш ерекшеліктерді ескерген дұрыс. Мысалы, қышқылды топырақтарға физиологиялық қышқыл, сілтілі топырақтарға физиологиялық сілтілі тыңайтқыштарды, ерігіштігі нашар тыңайтқыштарды ылғалы төмен топырақтарға енгізуге болмайды.
ТОПЫРАҚ ТҮРЛЕРІН АНЫҚТАУ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН ЖЕРЛЕРДІҢ БАҒЫТЫН БЕЛГІЛЕУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ.АРТЫҚШЫЛЫҒЫ:
– Өнімділік картасын жасау арқылы жиналған жалпы өнімділік мөлшерін ғана емес, сол тараптағы біркелкі шықпаған аймақтарын анықтау арқылы агротехникалық шаралар жүйесін реттеу;
– Топырақ әртүрлігі мен топырақ типтерін ескере отырып, топырақ құрамындағы қоректік заттар мен қарашірік мөлшері бойынша карта жасау;
– Ауыл шаруашылығы жерлерінің тараптық шекараларын анықтау, жер кадастрін жасауда мониторингтік бақылау жұмыстарын жүргізу;
– Топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштар енгізу мөлшерін, мелиоративтік жұмыстарын жүргізу үшін агрохимиялық тексеру жұмыстарын жоспарлау.
***
Адамзат қоғамының ұзақ даму тарихында шаруашылықтың ұдайы алға басып, жетілдірілуіне ғылым мен техниканың өркендеуі себепші. XX ғасырдың екінші жартысында ғылыми-техникалық үрдіс аса жедел қарқынмен дамып, дүниежүзінің көптеген елдері мен ауыл шаруашылық салаларын қамтыды. Қазіргі таңда сандық технологияны қолдануда сымсыз технологиялар арқылы малды радиожиілік арқылы сәйкестендіру, үдерістерді және іс-қағаздарды автоматтандыру, ғаламтор қосымшалары мен геоақпараттық жүйелер мен GPS пайдалану секілді жұмыстар қолға алынуда. Бұл цифрлық түрлендірулерді қарапайым шаруалар қолданбағанымен, ірі компаниялар сәтті жүзеге асырып келеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы бағытын цифрландыруды іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоспарланған. Сандық технологияны егін шаруашылығына, мал шаруашылығына енгізу ондағы алынған өнімдерді бақылауға, электронды сауданы енгізуге, халықаралық логистикалық желілермен байланыс орнатуға еңбек өнімділігін реттеп, ауыл шаруашылық өнімін еселеп арттыруға (70-75%-ға) мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Канададағы фермерлердің 84 пайызы, АҚШ-та 80 пайызы заманауи сандық технологияны қолданады, нәтижесінде АҚШ елінің қант қызылшасының өнімділігі 80 пайызға, бидай дақылының өнімділігі 42 пайызға артқан.
Кәмила ДҮЙСЕН
айқын.кз