САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ САБЫЛУДЫ ШЕКТЕЙДІ
Соңғы жылдары қаржы саласында инновациялық технологиялар мен цифрлы сервистерді енгізу арқылы клиенттермен өзара іс-қимыл арналары мен тәсілдері түбегейлі кеңейіп келеді. Интернет пен мобильдік құрылғылар бұл процесте негізгі факторлар болды. Бүгінгі күні іс жүзінде барлық банктерде Интернет банкинг жүйесі енгізілді.
Елімізде жұмыс істеп тұрған 33 банктің ішінде 18-і мобильдік банкинг қызметін ұсынады. Олар жеке тұлғалардың бүкіл клиенттік базасының 75 пайызын қамтиды. Мобильдік қосымшаларды пайланушылар саны да артып келеді. Бір тетіктің көмегімен біраз істің тігісін жатқызу әрине, тиімді-ақ. Қазіргі таңда төлем карточкалары мен қолма-қол емес төлемдердің өсімі де байқалады. Ресми дерек көздері таратқан ақпаратқа сәйкес, былтырғы жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде мұндай төлемдер 70 пайызды көрсеткен. Бұл дегеніміз, коммуналдық төлемдерді үйден шықпай тиімді төлеу жолы. Өз смартфоныңызға интернет-банкинг ұялы қосымшасын жүктеп алып, телефоныңызға бірлік салудан бастап үй телефонының және өзге де төлемдерді өтеуге мүмкіндік аясының кеңеюі. Бұл өз кезегінде ІТ-сауаттылықты талап етеді.
Қазақстан банктері клиенттерге онлайн режимінде қызмет көрсетуге біртіндеп өтуде. Бірқатар банктерде биометриялық технологиялар – дауыс бойынша тану, фотосурет немесе бейне негізінде келбетті сканерлеу қолданылуда. Демек, банк клиенттері жоғарыда аталған қызмет түрлерін банк бөлімшесіне келмей-ақ ала алады деген сөз. Мұндай барлық қызметтер онлайн түрде көрсетіледі.Бұл жаңалықтардың игілігін жергілікті тұрғындар көре алса, әрине. Қаржы институттарының қызметін пайдаланушылар әлеуметтік желінің көмегімен төлемдер жүргізіп, өзге де қаржылық қызметтерді ала алады.
Смартфон тұтынушының банкпен қарым-қатынас жасауының жаңа арнасы болуда. Елімізде Ұлттық Банк, Үкімет және банк қоғамдастығы бірлесе отырып, мобильдік қаржылық қызметтерді дамыту жұмысын жүргізуде. Мобильдік құрылғыны нақты уақытта пайдалана отырып, оның ішінде мобильдік телефон нөмірімен азаматтар арасында төлемдер жүргізуге мүмкіндік беретін Р2Р деп аталатын жаңа буынын жасау қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл өз кезегінде төлемдерді жылдам әрі қолайлы жүргізуге мүмкіндік береді. Және төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру үшін қымбатқа түсетін инфрақұрылымды қажет етпейді.
Банктердің клиенттермен өзара қарым-қатынастары жаңа деңгейге шығып келе жатқан, заманауи технология күнделікті өмірімізге етене енген кезеңде кезекте уақытты босқа жұмсау ескінің сарқыты болып қалды. Дегенмен, зымыраған уақытты зая кетіріп, осындай кезекте сағат жоғалту аймағымыздағы банктерден жиі көрініс табады. Банк шоттарын, төлем карточкаларын, депозиттер ашу, несие рәсімдеу үшін күн емес апталап банк бөлімшесінің табалдырығын тоздырады.
2016 жылдың соңына қарай Ұлттық Банк өз тарапынан «ҚҰБ Online» мобильдік қосымшасын іске қосқан болатын. Бұл тұтынушылармен тығыз байланыс орнатудың және еліміздегі қаржы жаңалықтарымен танысудың негізгі тетігі болуда. Барлық салаға сандық технологияны енгізе отырып, төртінші өнеркәсіптік революцияға бет алып келе жатқан еліміздің әр азаматы жаңалықтан құр қалмауы тиіс. Біздің аймағымыздағы банк бөлімшелері де еліміздің банктерінде қолданылып жатқан бастамалардан құр қалмаса, тұтынушылармен байланыс онлайн бағытына бет ала бастаса дегеннен туған ой еді бұл.
Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.