Мерейімізді асырған Мерей
Білім мен білікті, талап пен талантты қатар ұштастыра білген жас ұрпақ – елдің ертеңі, ұлттың үміті. Осындай дарынды да жігерлі шәкірттердің бірі – №41 Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептің 11-сынып түлегі, «Алтын белгі» иегері –Мерей Бақытжан.Мерей – мектеп қабырғасында оқыған жылдары білімге деген құштарлығымен, еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен ерекшеленген үздік оқушы. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 130 балл жинап, мектептің ғана емес, туған өлкесінің де мерейін үстем етті.
Білімдегі биік белестермен қатар, Мерей қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен дараланды. Ол бірнеше жыл бойы «Мектеп парламенті» ұйымының белсенді мүшесі, кейіннен президенті ретінде мектеп өмірінің жарқын бастамаларына ұйытқы болды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, көшбасшылық қасиетімен қатарластарына үлгі көрсетіп, көптеген тәрбиелік әрі танымдық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Дарынды шәкірттің жетістіктері білім бәйгелерінде де айқын көрініс тапты. Ол ауыл мектептерінің білім алушыларына арналған «Ауыл» олимпиадасының облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІ орын иеленіп, гуманитарлық бағыттағы терең білімін дәлелдеді. Сонымен қатар, «Сыр лигасы» жобасы аясындағы «Ана тілі аруы» облыстық байқауының аудандық кезеңінде Бас жүлдені, ал облыстық кезеңінде ІІ орынды жеңіп алып, ана тілімізге деген сүйіспеншілігі мен шешендігін, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі биік мәдениетін танытты.
Осындай талапты жастың тәрбиеленіп шығуына ықпал еткен ата-анасына, бағыт-бағдар берген ұстаздарына алғыс айту – парыз. Бүгінгі жетістіктер – ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы екені анық.
Мерей есімі – бүгін мектептің мақтанышы, ертең елдің мақтанышына айналары сөзсіз. Биік мақсаттан таймай, арманына қанат қаққан жас түлекке ақ жол тілейміз! «Алтын белгі» иегері, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған Бақытжан Мерейдің жарқын болашағына сенім мол. Оның жетістіктері кейінгі буынға жігер сыйлап, талаптың қанатын кеңге жаюға шабыт бере берсін!
Айгүл Елжасарова,
№41 М.Шоқай атындағы орта мектептің директоры
Сұлутөбе ауылы
№41 М.Шоқай атындағы орта мектептің директоры
Сұлутөбе ауылы







