Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім бәйгесіндегі биік белес

Білім бәйгесіндегі биік белес

Ақмая ауылындағы №49 орта мектебі үшін 2025–2026 оқу жылы жетістікке толы, мерейлі жыл болды. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындаған шәкірттер алтын ұя мектебімен қоштасып, жарқын болашаққа қанат қақты. Биыл білім ордасында 458 оқушы оқу жылын аяқтап, үлкен өмірге тағы бір қадам басты.
Олардың қатарында 28 жас түлек орта мектеппен қош айтысса, 48 оқушы негізгі мектепті тәмамдап, келесі белеске жол тартты. Әрбір шәкірттің жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі, ата-ана сенімінің ақталғаны.
Биылғы оқу жылының қорытындысы мектеп мерейін үстем етті. Білім додасында оза шапқан 135 оқушы «оқу үздігі» атанып, өздерінің алғырлығы мен табандылығын дәлелдеді. Бұл – білімге деген құштарлықтың, тынымсыз ізденістің нәтижесі.
Мектеп мақтанышына айналған түлектер де аз емес. Орта мектеп бітірушілердің 4-і «Алтын белгіге», тағы 4 шәкірт «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Ал негізгі мектепті аяқтаған 11 оқушы «Ерекше аттестаттан» үмітті. Бұл көрсеткіштер білім ордасындағы сапалы білім мен жүйелі тәрбиенің айқын көрінісі. Сонымен қатар биылғы 28 түлектің 18-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, өз бақтарын сынауға бел буып отыр. Жас түлектердің арманы асқақ, мақсаты айқын.
Мектептің бүгінгі жетістігінің артында 80 мұғалімнің маңдай тері мен өлшеусіз еңбегі жатыр. Ұстаздар шәкірт жүрегіне білім шуағын сеуіп, ел ертеңін тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етуде. Мектеп директорының міндетін атқарушы Қ.Мұса бастаған Ақмая ауылындағы №49 орта мектебі – тек білім ордасы ғана емес, болашаққа бағыт беретін қасиетті қара шаңырақ. Бұл білім ұясынан түлеп ұшқан әр шәкірт ел сенімін ақтап, туған жердің абыройын асқақтата беретіні сөзсіз.

Гүлнәр Әбдіхани
26 мамыр 2026 ж. 30 0