Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ОРДАСЫ

БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ОРДАСЫ

Білім мен тәрбие – ел болашағының темірқазығы. Ал сол асыл мұратты абыроймен арқалап келе жатқан ұжымның бірі – Шиелі ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №127 мектеп-лицейі. Жарқын жетістігімен танылып жүрген бұл білім ордасы – талай шәкірттің арманын ұштап, ұлтқа қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелеуде. Бұл жолы біз білім ордасының бүгінгі болмысына көз жүгіртіп, ұстаздар мен шәкірттер жетістігін сөз етуді жөн көрдік.

№127 мектеп-лицейінің тарихы 1987 жылы қыркүйекте басталады. Сол жылы Көкшоқы мөлтек ­ауданында 464 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілді. 1987-1988 оқу жылында 17 комплектілік сыныпта 425 оқушы орыс тілінде білім ала бастады. 1990-1991 оқу жылынан бастап мектепте оқыту екі тілде – орыс және қазақ тілдерінде жүргізіле бастады. Сол жылы 25 комплекттік сыныптың 4-інде 75 оқушы қазақ сыныптарында білім алуды бастады. 1994-1995 оқу жылы – мектеп үшін ерекше маңызға ие жыл болды. Осы уақытта облыстық ономастикалық комиссияның шешімімен мектепке ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Бұл атау мектептің білім мен тәрбиедегі миссиясын айқындап, оның рухын биіктеткен ерекше мәртебе болды. – Мектепте 58 сынып комплектісімен 1131 оқушы білім алуда. Барлық санитарлық талапқа бағынамыз. Өйткені бала денсаулығы біздің ең үлкен байлығымыз. Білім ордасының басты мақсаты – жанжақты жетілген, білімді, саналы, еліне, жұртына адал қызмет ете алатын өрелі ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар қашанда көк байрағымызды желбіретер, тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатып, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиетін ұғынатын тұлға қалыптастыру, – дейді мектеп директоры Еркебұлан Мырзахметұлы. Білім ордасында өрендердің сапалы білім ­алуына 151 мұғалім аянбай еңбек етуде. «Білікті ұстаз – білімді ұстаз» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Олардың басым бөлігі білім саласындағы үздік жетістігімен танылғандар. Олар: Кеңескүл Кембаева, Пазылбек Оспанов, Қалмира Нұғманова, Мариямгүл Байқадамова, Баян Омарқызы, Базаркүл Макулова. Оқушының мектеп бітірер алдындағы межелі ­сында мектеп мерейін асқақтатып, он бір жылдық білімді айқындар бәсекеде биіктен көрінуі – ұстазының білігі мен білімінің айқын көрінісі. Осы үдеден шыға білген ұжым қасиетті шаңырақта өз өмірін білім саласына арнаған, мамандығын жан-тәнімен сүйетін, еңбекқор, асыл ұстаздар шәкірттеріне сапалы білім мен ­саналы тәрбие беруден еш жалыққан емес. Өзгеге үйретуден шаршамайтын, жаңашыл, ­талапшыл, тәжірибелі ұстаздар аудан, облыс, республика көлеміне ерен еңбегімен, дарынды шәкірттерімен де танымал. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Оқушылардың түрлі деңгейдегі байқау мен олимпиадада көрсеткен жетістіктері ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен еңбегінің нақты нәтижесі деуге болады. Атап айтқанда, облыстық пәндік байқауда «Тіл – Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбы бойынша А.Ким, Д.Пак, В.Пак, А.Ли І орынға, ал Л.Ким ІІІ орынға ие болды. Бұл шәкірттерге жетекшілік еткен ұстаз – Ғ.Оспанова. Сонымен қатар А.Бабажанов мен Т.Қалмұрат «Robo-battle» байқауында ІІ орын иеленіп, жетекшісі Ж.Абдураеваның еңбегімен көзге түсті. Ауыл мектептеріне арналған облыстық пәндік олимпиадада да мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Е.Мун (орыс тілі пәні) – І орын (жетекшісі Ғ.Едігенова), Д.Данельян – ІІ орын, К.Балановская, Д.Дьяченко, Э.Мамедова – жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленсе, бұл көрсеткіштердің артында Л.Мұхтарова пен С.Үсенбаева сынды тәжірибелі педагогтардың еңбегі жатыр. Осындай жетістіктер – білім ордасының оқу бағдарламасының тиімділігін, ұстаздардың ізденімпаздығы мен шәкірттердің алғырлығын дәлелдейді. Сонымен қатар республикалық «IQanat» олимпиадасында да №127 мектеп-лицейінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. 8-сынып оқушысы Құралай Бөрібек пен 9-сынып оқушысы Нұрмұхамеджан Сафи білім грантын жеңіп алып, қазіргі таңда «IQanat High School of Burabay» мектебінде оқуын жалғастырып жатыр. Бұл – ауыл мектебінің де сапалы білім беруге қауқарлы екенін айғақтайтын нақты мысал. Мектептің ҰБТ көрсеткіші де көңіл қуантады. Ең жоғары нәтиже – 135 балл. Сонымен бірге 5 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, олардың орташа балы – 121 баллды құрады. Оқушылардың шығармашылық пәндер бойынша орташа балы – 68, ал қалған пәндер бойынша – 82 балл. Бұл – оқушының да, ұстаздың да еңбегінің жемісі. Шоқан Уәлиханов атындағы №127 мектеп-лицейі – тек білім ордасы ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оқушы бойына елжандылық пен рухани тәрбие сіңіретін орта. Мұнда өтетін мәдени ісшаралар мен танымдық кештер, ұлттық мейрамдар мен дәстүр сабақтары – оқушыны толыққанды тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Мектеп қабырғасында алған тәлім-тәрбие мен білім – талай жастың болашағын айқындап, өмір жолын дұрыс таңдауға ықпал етіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шоқан Уәлиханов атындағы №127 мектеплицейінің жетістіктері мен бағыты – аудан үшін ғана емес, облыс көлемінде де үлгі боларлық. Айта кетейік, бұл мектеп – аудандық «Өскен өңір» газетінің тұрақты тірегі, үздік жазылатын ұжымдардың бірі. Ұжымның жетістіктері мен өмірі басылым беттерінде үнемі көрініс тауып, оқырмандардың қызығушылығын оятады. Осындай үлгілі ұжымның тәжірибесі – барлық мекеме мен білім ордасы үшін тың идея мен бағыт болары анық. Мектептің ұжымдық бірлігі мен оқушылардың белсенділігі әрбір жаңалықтың жарық көруіне негіз болады. Осылайша, оқу орны – білім мен тәрбиенің жарқын ордасы ретінде елге үлгі болып, тұрақты дамуын жалғастыра бермек.

Айнұр ИБРАШЕВА

06 қазан 2025 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

№75 (9342)

04 қазан 2025 ж.

№74 (9341)

30 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031