Адал еңбектің ақсақалы
Сәрсенбі күні таңертең Ақмая ауылының ең үлкен ақсақалы Қайып Айтмағанбетұлымен дидарласуға шаңырағына бардым. Қойнынан кітабын тастамайтын қарияға «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, жанына барып жайғастым. Аузы дуалы, сөзі уәлі, жүзі жылы, әңгімешіл атайды алдымен келе жатқан Ветеринария күні мерекесімен құттықтадым. Себебі қария осы саланың майын ішкен мықты маман. Қыстың қатты аязы, жаздың аптап ыстығында төрт түліктің түрлі ауруын емдеп, мал басының артуына еңбегі сіңді. Оны мен ауыл үлкендерінің аузынан көп естіп, білдім.Қайып Айтмағанбетұлы 1940 жылы 26 тамызда дүниеге келген. Мектепті бітірген соң 1957-1961 жылдары ветеринариялық техникумда білім алды. Еңбек жолын Қостанай қаласы, Жангелді ауданында бастайды. Содан соң кіндік қаны тамған ауылға қайта оралып, «Авангард» шаруашылығында жұмысын жалғастырды. Сол кездегі аудандық «Ветстанция» мекемесі көршілес бірнеше ауылға Вет.учаске меңгерушісі етіп жібереді. Атқарған жауапты қызметінің бағасы ретінде мал шаруашылығына қосқан елеулі үлесі үшін республикалық, облыстық, аудандық Құрмет грамота, медальдармен марапатталады. Қазір осы саланың ардақты ардагері. Әлі күнге дейін жөн сұрап келген ауыл тұрғындарына білгенін айтып, көмек қолын созудан еш тартынып қалған емес.
Қайып Айтмағанбетұлы асыл жары Раушан анамыз екеуі 10 баланы дүниеге әкелген. Жұбайы білім саласының ардагері, өмірінің соңғы кезеңіне дейін Ақмая ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болды.
Ақсақал әңгіме арасында сүйіп оқитын газеттерінің бірі «Өскен өңір» екенін де тілге тиек етті.
– «Өскен өңір» – ауданның айнасына айналған газет. Басылымды оқи отырып, аудан жаңалықтарынан хабар алып, қуанып отырамын. Күннен-күнге жаңарған, жаңғырған елдің жақсы жаңалықтары көп болсын. Менің тілейтінім ел іші тыныштығы мен халқымның амандығы, – деп қария сөзін қорытындылады.
Ауылдың қазыналы қарты болып отырған кейіпкеріміз сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға қадам басып келеді. Біз де ақсақалға Алладан ұзақ өмір тілеп, аудан орталығын бетке алдық.
Мейіржан Қайратұлы






