МІНДЕТІ АУЫР, МАҢЫЗЫ ЗОР МАМАНДЫҚ ИЕСІ
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деп те жатамыз. Табыстың кілтін тынымсыз тірліктен тауып, ветеринария саласында еңбектің тәтті дәмін татып келе жатқан білікті маманның бірі – Болат Балғабаев.Болат Тұрарұлы ауыл шаруашылығының дамуы жолында аянбай қызмет етіп, еңбекпен есейген жан. Ол 1967 жылы қазіргі Ақмая ауылында дүние келген. 1984 жылы ауылдағы №49 қазақ орта мектебінде 10 жылдық білім алып, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. Екі жылдан кейін абыроймен міндетін өтеп, ауылға аман-есен оралды. Содан соң 1989 жылы ветеринария мамандығы бойынша оқуға түсіп, үздікке бітіріп шығады. Сапалы алған білімінің нәтижесінде міне 30 жылдан аса осы салада аянбай бейнеттеніп келеді.
Мереке қарсаңында Болат Тұрарұлының жұмыс барысымен таныспаққа Ақмая ауылдық ветеринариялық пунктіне қарай беттедік. Таңмен таласа жұмысқа қызу кіріскен кейіпкеріміз, ауыл-аймақтағы мал-жанның жағдайын бақылап, құжаттарын реттеп отыр екен.
Жауапты мамандық иесінің жұмысы жұмыр, оның айтуынша қауіпті аурулардың алдын алып, дер кезінде анықтау өте маңызды міндет.
– Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елімізде бұл сала қарқынды дамып келеді. Өңірде төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш жұмсалуда. Малды күтіп-баптауға, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауапкершілікпен қарап отырамыз. Дегенменде, төрт түлік малдың тұяғын қайта тіктеп, дерті бар малға ем-дом жасауда қай кезеңде де малшылар жанын салып, төрт түлік жайын жетік білген. Бізде оларға бағыт беріп, дер кезінде көмектқолын созамыз. Ауруды білген кезде оқшаулап, басқа сиырлардан бөлек қойып, вакцина саламыз. Вакцинаны салғаннан кейін 21 күнде иммундық жүйесі қалыпқа келеді. Су, ауа арқылы жұққандықтан, дер кезінде ем қолданып, ауруды ауыздықтауға күш салып келеміз, – дейіп кейіпкеріміз.
Мекемеде қазір 5 маман жұмыс істейді. Басым бөлігі жастар. Болат Тұрарұлы келген жас мамандарға білімімен бөлісіп, кәсіби маман етіп қалыптастыруда.
Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтінімізде сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен.
Болат Балғабаев жұмысында білікті маман болса, шаңырақта қамқор әке, отбасының тірегі. Құдай қосқан асыл жары екеуі 4 ұл, 1 қызды өсіріп отыр. Қарапайым еңбекқор әкенің тәлімін алып келе жатқан балалары да мектепті үздік оқып, білім бәйгелерінде оза шауып келеді.
Сөзімізді академик К.Скрябиннің мына бір қанатты сөзімен түйіндегім келеді. Оның «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тауып айтылған теңеу емес пе?! Ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға да осы болса керек! Енде біз де осының саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, еліміздегі ветеринария саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміздің жұмысына толағай табыс тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







