Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛ БЕЙНЕТПЕН – МӘРТЕБЕЛІ ЗЕЙНЕТКЕ

АДАЛ БЕЙНЕТПЕН – МӘРТЕБЕЛІ ЗЕЙНЕТКЕ

Біздің халқымыз «Ауыл – елдің алтын бесігі» деп тегін айтпаған. Расында, ауыл – береке мен бірліктің бастауы, ел экономикасының тірегі, ұлт рухының киелі ұясы. Төрт түлігін түлетіп, егінін жайқалтып, адал еңбегімен күн кешіп отырған ауыл адамдарының маңдай тері – елдің өркендеуінің негізгі күші. Осындай еңбекқор халықтың арқасында ел еңсесі биіктеп, мемлекет қуаты артып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қарапайым еңбек адамын ұлықтауға бағытталған үлкен қадам. Бұл бастама – қоғамға тың серпін беріп, еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге жаңа мүмкіндік туғызды. Еңбек – өмірдің өзегі, ал адал еңбек – адамдықтың айғағы. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай Құнанбайұлы айтқандай расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деп те жатамыз. Табыстың кілтін тынымсыз тірліктен тауып, адал еңбектің тәтті дәмін татып, бүгінде зейнет жасына жетіп отырған еңбек аданымының бірі – Гүлнар Байжанова. Өткен жұма еңбек адамының зейнет жасына толуына орай, Ақмая клуб үйінің ұйымдастыруымен «Мамандығыммақтанышым» тақырыбында Гүлнар Байжановамен кездесу кеші өтті. Жиында көрермен қауымға еңбек озатының өмірдегі мен еңбек жолы таныстырылды. Сондай-ақ ауыл кітапханасының «Әлемнің әміршісі – еңбек» тақырыбында кітап көрмесі қойылды.


Гүлнар Асанқызы 1964 жылы 21 қараша күні Ақмая ауылында дүниеге келген. 1982 ауылдағы №49 орта мектепті аяқтап, қырманға қарапайым жұмысшы болып орналасады. Сонан соң еңбекке ерте арласқан кейіпкеріміз әрі қарай Қызылорда облыстық білім басқармасына іс жүргізуші жұмысына қабылданып, мол тәжірибе жинайды. 1984 жылы «Авангард» күріш совхозына іс жүргізуші қызметіне келіп, шаруа қожалық жұмысының ілгері жылжуына сүбелі үлес қосады. Егін жинау маусымында іс жүргізу жұмысынан бөлек, кешкі сағат 6 мен түнгі 12- ге дейін күрішті жауын-шашынға қалдырмай, қамбаға толық орналасуына атсалысады. Міне содан бері ауыл шаруашылығы саласында қырық жылдан аса күн-түн демей табанды еңбек етіп, мәртебелі зейнет жасына жетіп отыр. Еселі еңбегі үшін бірнеше рет жоғары марапат мінберінен көрінді. Сонымен қатар «Елеулі Еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі атанды. – Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адал еңбек етсең ғана, жұмысың жемісті, табысты болады. Адам тұрақты болуы керек. Шаруашылықта қаншама азаматтар қиындығына қарамай еңбек етіп, ащы терлерін төкті. Халықтың алғысы, ризашылығы бойға күш-жігер беріп, ауылдың дамуына үлес қосты. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді кейіпкеріміз. Гүлнар Байжанова бүгінде бір әулеттің түтінін түзу шығарып отырған аяулы ана, ардақты әже. Саулау Тастанбек әкей екеуі 4 ұлды тәрбиелеп өсіріп, немеренің қызығын көріп отыр. Перзенттерінде өздері секілді адал еңбек етуге, елдің жанашыр азаматы болуға үнемі үндеп, ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес. Міне, осындай еңбек озаттарының отбасында дүниеге келген ұлдар да өз салаларының білікті маманына айналды. Кездесу кешінде клуб үйінің өнерпаздары жырдан шашу шашып, әуелете ән шырқады. Жиын соңында мәртебелі зейнетке толған Гүлнар Асанқызына ауыл әкімінің Алғыс хаты мен дәстүрге сай сый-құрмет көрсетілді. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтінімізде сондықтан. Адамның көзін ашқаннан ­бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгіөнеге қалдыруға құрылады екен. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі де өте орынды. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан өнегелі азаматтар көп болсын деп тілейік. Солардың жанынан табылып, ұлттық мүддемізді жоғары ұстасақ, «мың өліп, мың тірілген» қазақ өз соқпағынан жаңылыспай, әрі қарай дами берері анық.


Мейіржан ИБРАГИМОВ
25 қараша 2025 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930