Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛДЫҚ ПЕН ЕҢБЕК ОНЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ

АДАЛДЫҚ ПЕН ЕҢБЕК ОНЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген болатын. Ал соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл шешім елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай, адам баласы үшін еңбек – өмірдің мәні мен негізі. Өйткені адам өз қажеті мен мұқтажын еңбекпен ғана қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды табандылыққа, адалдыққа, жауапкершілікке үйретіп, ақыры оны игілікке жеткізеді. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген сөз де осыны меңзейді. Еңбекпен келген табыстың тәтті дәмін татып, қиындықты жеңіп жүрген адамдарға қарап, шын жүректен қуанып, олардан үлгі аласың. Жақында зейнет жасына жеткеніне қарамастан, өз ісінен ажырамаған нағыз еңбекқор азамат – Шәкірбек Қамбаровпен сұхбаттасу үшін Ортақшыл ауылына жол тарттық. Үйіне келген сәтте, бізді жүк көлігін майлап, техникасын жөндеп жатқан еңбекқор азамат қарсы алды. Бізді көре салып, жұмысын тастап, жылы жүзбен қарсы алып, үйіне шақырды. Оның қарапайымдылығы мен қонақжайлылығы бірден көзге түсті. Әңгімелесуге келген мақсатымызды айтып, сөз бастадық. Шәкірбек Күзембайұлы – 1962 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тоқсан жасқа келген анасы Рахима Қамбарова 12 құрсақ көтерген. Барлығын жастайынан еңбекке баулып, адал кәсіпке бейімдеген жан. Ал біздің кейіпкеріміз техника тілін меңгеріп, совхоздың жұмысына үлес қосқан. Мектепті жақсыға аяқтаған соң, 1980 жылы Бәйгеқұмдағы СПТУ училищесінде шопыр мамандығын игереді. Арнайы оқу орнын тәмамдаған ол жұмысқа кіріспестен бұрын әскери борышын өтеп келуді жөн санап, Германияда 2 жыл болады. Осы аралықта әскери борышын абыроймен атқарған кейіпкеріміз Қазақстанға, отбасына түрлі деңгейлі алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын жолдаған. 1983 жылы әскерден оралып, үйдегі атаанасына қолғабыс етіп, мал бағуға көмек береді. Осылайша әке-шешесінің разылығын алып, ақ батасымен өзі тәмамдаған мамандығы бойынша 1985 жылы сол уақыттағы Сырдария совхозына шофер, механизатор болып жұмысқа орналасады. Еңбекқорлар отбасында өскен Шәкірбек Күзембайұлы жұмысқа тез бейімделіп, тапсырылған істі игеріп кетеді. Сарысу мен Қырға қойшыларды көшіру, водовозбен су тасу жұмыстарын абыроймен, жақсы нәтижеде атқарады. Сырдария совхозына қарасты Ортақшыл ауылындағы 3 қой фермасында жүргізуші болып, фермадағы жұмысшыларға, тұрғындарға су тасымалдап, елдің алғысын арқалайды. Ортақшыл ауылы Сырдария совхозынан бөлініп шығып, Дария шаруа қожалығы болып ауысқан кезең. Кейіпкеріміз әрі қарай жұмысын ауылындағы жаңа шаруашылықта жүргізуші -механизатор болып жалғастырады. Кейіннен совхоз тараған соң, өзінің жеке игіліндегі ГАЗ53, трактор, газель, хюндай сияқты көліктерімен бүгінгі күнге дейін халыққа адал қызмет етуде. Жұмыста қиындықтар да қатар жүретінін тілге тиек етіп, мойымау керегін де қоса айтты. – Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адал еңбек етсең ғана, жұмысың жемісті, табысты болады. Адам тұрақты болуы керек. Совхозда қаншама азаматтар қиындығына қарамай еңбек етіп, ащы терлерін төкті. Халықтың алғысы, ризашылығы бойға күш-жігер беріп, совхоздың дамуына сүбелі үлестерін қосты. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді кейіпкеріміз. «Адамдардың ең жақсысы – басқаларға көбірек пайда тигізетін адам» деген хадис бар. Еңбек адамының ауылдастары да оның жақсылығын жарыса айтып, көпшіл, жұртқа болсын дейтін азамат екенін жеткізді. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы тұла бойынан табылған асыл қасиеттеріне куә болған біз де ризашылық таныттық. Жұбайы Назира Серікбаева екеуі ұл-қыздарын да өздері сияқты елге қызмет ететін азамат болуға тәрбиелеген. Қазіргі таңда ұлы ұяға, қызы қияға қонып, тамыры тереңге жайылған әдемі әулетке айналған. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, ұлы да әке жолын жалғап, темір тұлпар тізгіндеп, ел игілігіне жұмыс істеп жүр. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі де өте орынды. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан өнегелі азаматтар көп болсын деп тілейік. Солардың жанынан табылып, ұлттық мүддемізді жоғары ұстасақ, «мың өліп, мың тірілген» қазақ өз соқпағынан жаңылыспай, әрі қарай дами берері анық.
Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ,
сурет Айнұр ИБРАШЕВА
05 ақпан 2025 ж. 34 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 46

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728