Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛ БЕЙНЕТТІҢ – ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН

АДАЛ БЕЙНЕТТІҢ – ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН

Осыған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деген болатын. Одан соң Мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында «Еңбек адамдары – ел үшін ең керек азаматтар» деп бір түйіндеді. Ал соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыданақ елімізде еңбеккерлерге деген қолдаудың қалыпты жолға түскенін байқауға болады. Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның өз ісіне деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі қашанда ерен. Дәл осындай еңбегімен еленіп, «Әлемдегі ең тұрақты валюта – еңбек» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған үздік механизатор – Айтман Ыбыраев. Ол 1945 жылы 15 мамырда Ташкентте дүниеге келген. Мектеп кезеңінен темір тұлпар тізгіндеп, техниканың тілін ерте меңгеріп үлгереді. Сөйтіп мектепті бітірген соң 1970 жылы Россия еліне әскери борышын өтеуге барады. Әскерден келген сәтте ата қоныс атамекені қазіргі Шеген Қодаманов ауылына көшіп келіп, ауыл шаруашылығына жұмысқа орналасады. Сол кезеңде еңбек адамы Айтман Ыбыраев механизатор болып ауыл жұмысын жандандыруға білек сыбана кіріседі. 1973 жылы Дінмұхаммед Қонаевтың тапсырмасы бойынша Түркістанда орналасқан Ахмед-Яссауи кесенесінің айналасын тегістеуді тапсырады. Сондай-ақ өңірдегі жол жөндеу, қайта тегістеу жұмыстарын абыройлы атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытқан. Бірнеше шақырылым депутаты болып, қоғамдағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен. Еңбек адамы 1976 жылы Түркістандағы жұмысын аяқтап, қайтадан Шиеліге келіп, механизатор жұмысын зейнетке шыққанша жалғастырған. Кейіпкеріміз адал бейнетінің арқасында құрмет төрінен көрініп, ерен еңбегі үшін «Еңбек даңқы», «Озат механизатор» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Еңбек – бәрін жеңбек» деген аталы сөзді жадынан бір елі шығармаған Айтман Ыбыраев егін егу және оның күтімін жасау ісін де игерген. Дала төсіндегі 3200 гектар егіс алқабына күріш егіп, одан мол өнім алып, қамбаны алтын дәнге толтырған. Ел ырысының еселенуіне елеулі үлес қосқан. Бала жасынан адал еңбектің дәмін татып өскен еңбек озаты бүгінде тамыры тереңге жайылған әулеттің қазыналы қариясы һәм тірегі. Немерелеріне үнемі нәпақасын маңдай тер, адал еңбекпен табуды насихат етеді. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі де өте орынды. Адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытқан еңбек адамы Айтман Ыбыраев ақсақалға ұзақ өмір, отбасына амандық тілейміз.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
29 қазан 2024 ж. 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930